Аудан орталығында 45 пәтерлі 3 қабатты көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталды.
Шыңғырлау аудандық аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ресми мәліметіне сүйенсек, ауданда үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны 202-ге жеткен. Жалпы соңғы рет осыдан 4 жыл бұрын аудан орталығында 30, ауылдық округтерде 6 баспана бой көтеруіне байланысты бірқатар пәтерге мұқтаж азаматтар мен бюджет саласының мамандары жаңа баспанамен қамтамасыз етілді. Әйтсе де, халықтың баспанаға деген сұранысын жүзеге асыру мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ұлттық қордан 427 104 896,4 теңге қаражат бөлініп, биыл 22 сәуірде үш қабатты көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталған болатын. Онда негізінен әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қоныстанбақ.
Заман талабына сай үлгіде бой көтеретін үйдің құрылысын тендер қорытындысына сәйкес мердігер «АқсайСтройСервис және К» ЖШС-і жүргізеді. 3 893 шаршы метрді құрайтын үш қабатты үйінің жұмыстары 9 ай мерзім ішінде жоспарға сай жүзеге аспақ.
«АқсайСтройСервис және К» ЖШС учаске бөлімінің басшысы Орынбасар Кушев: «Жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр. Барлық техникаларымыз бен құрал-саймандарымыз дайын және заман талабына сай.
Атап айтқанда, кран, Камаз, каток, бетонараластырушы, т.б. түрлі 10 шақты техника жұмыс жасайды. Жұмысшылар да жеткілікті, дегенмен жұмыстың көлеміне қарай әр кезеңде Шыңғырлау ауылының 15-тен 40-қа жуық тұрғынын жұмыспен қамтып отырамыз», - дейді.
Мердігерлердің мәлімдеуінше, жаңа 3 қабатты ғимараттың құрылысына тек отандық өнімдегі материалдар пайдалануда.
Жаңадан бой көтеретін 45 пәтерлі үй заман талабына сай құралдарымен жабдықталып, түгелдей дерлік тұрмыстың жеңілдетуіне жол бермек.
Атап айтқанда, пәтер ішіндегі заманауи жөндеулерді айтпағанда, үй ауласында балалар алаңы, ересектерге арналған демалыс орны, көлік қоятын арнайы орын болумен қатар, үйдің айналасы түгелдей гүлзарлармен абаттандырылмақ.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz