Арнайы санаттағы азаматтар үшін қоғамдық орындарға емін-еркін кіріп-шығуына жағдай жасалуы керек. Осы ретте арнайы рейд жүргізіліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қарастырылған қолайлы жағдайы тексеріліп тұрады. «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Қуаныш Елемесов, аудандық мәслихат депутаты Бибігүл Жұмағұлова бастаған арнайы топ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік мекемелер мен білім нысандарында тексеру жұмыстарын жүргізді.
Мүмкіндігі шектеулі жерлестеріміздің құқығын толықтай қамтамасыз ету арқылы олардың өмір сүру сапасын көтеру, әлеуметтік нысандарға кіріп-шығуларына жағдай жасауды көздеген комиссия мүшелері бірқатар мекемелердегі пандустардың талапқа сай келмейтінін, зағип, есту қабілеті бұзылған тұрғындарға арналған қызмет көрсету жүйесі іске қосылмағаны секілді бір-біріне ұқсас кемшіліктерді анықтады.
Әр мекеменің пандусын өлшеп, кемшіліктерді анықтаған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекші маманы Ернұр Қонақбаев көру және есту қабілеті бұзылған тұрғындар үшін рельефті-тактильді жабындар, ақпараттық материалдар сары түсті Брайль шрифтімен жазылған тақтайшалар орнатылу керектігін атап өтті. Әзірге бұндай тақтайша аудандық мамандандырылған ХҚКО ғимаратының алдына ғана қондырылған екен.
– Қазіргі талаптарға сай пандустардың жиектері, едендегі арнайы белгілер міндетті түрде сары түске боялуы керек және 165-170 см биіктікте сары түсті шеңбер жапсырылуы қажет. Бұл ерекшеліктер зағип тұрғындар үшін. Кей мекемелердегі пандустар белгіленген талаптарға сай емес, тұтқалары да бос. Сондай-ақ, едендегі жүру бағыты сары түсті жапсырмалармен немесе бояумен белгіленбеген. Біз аралаған мекемелердің басым бөлігінде таймайтын материал төселген, сыртқы есіктерге шақырту түймелері қондырылған, мекеме, білім ошақтарындағы жуынатын бөлмелер қажетті параметрлерге сәйкес, – дейді.
Айта кетелік, стандартқа сай пандустардың жалпы ені 100 см кем болмауы керек, биіктігі 70 және 90 см екі деңгейлі тұтқасы болуы шарт және пандус метр сайын 12 сантиметрге ғана биіктеуі керек. Ішке кіретін есіктің ені 90 сантиметрден кем болмауы тиіс. Есіктің жанында 85-100 см аралығында шақырту түймесі қондырылуы тиіс.
Арайлым Фарит,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz