Мемлекеттік қызмет – жауапты міндеттерді жүктейтін абыройлы жұмыс. Ол құқықтық сауаттылықты, тәртіп пен қарапайымдылықты, ар-намыс тазалығын талап етеді. Еліміздің жарқын келешегі, қоғамның дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуы осы қызметтегі азаматтар мен азаматшалардың еңбегіне тікелей байланысты.
Бүгінде Бәйтерек ауданы адал еңбегімен халықтың құрметіне ие болған, өлкенің экономикалық және мәдени дамуына өз үлесін қосып жүрген талантты кадрларға бай. Халықтың сенімін жоғалтпай, аманаттарын арқалап, әділдіктің үлгісі болған мамандар тәуелсіз еліміздің жарқын болашағын құру жолында аянбай еңбек етуде.
Егемендігімізді еселеу жолында тыңбай қызмет етіп жүрген жас кадрлардың бірі – Салтанат Басшиева. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2016 жылы бастаған маман қазір аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және бақылау бөлімінде қызмет атқарады.
Қаратөбе ауданының тумасы Салтанат Жасталапқызы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде инженер-технолог мамандығын аяқтап, содан кейін Евразия академиясынан құқықтану мамандығы бойынша диплом алады. Жауапкершілік жүгін арқалап, Отанға қызмет етуді мақсат қылған ол алдымен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің АХАТ қызметінде бір жыл көлемінде еңбек етеді. Мамандандырылған қаржыгер еңбек жолының жеті жылын мерейлі міндетіне арнаған.
- Мемлекеттік қызметке келудегі мақсатым – елге, халқыма пайдамды тигізу. Біздің атқаратын функциямыз – аудан әкімі аппараты жұмысын ұйымдастыру. Ауданда атқарылып жатқан барлық жұмыстарды жасақтап, облысқа таныстыру. Сондықтан қызметіміз үлкен жауапкершілікті талап етіп, қателікті кешірмейді. Өйткені біздің іс – ауданымыздың бет-бейнесі, - дейді Салтанат Жасталапқызы.
Билік пен бұқара халықтың арасындағы алтын көпір есептелетін бұл лауазым иелерінің басты міндеті – ел сенімін ақтап, Отанға қызмет ету. Сонда ғана еліміз дамыған 30 ел қатарына қосылмақ. Мемлекеттік қызметшілердің көтеретін жүгі ауыр. Өйткені адамгершілік қасиет пен тәлім-тәрбиені алғашқы орынға қойған мамандарға бүгінде үлкен үміт артылуда.
Аружан Аманжол,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz