21.06.2021, 9:41
Оқылды: 36

«Цифрдан жалықпадым»

Гүлбану Бекчурина 30 жылдан астам уақыт бойы мемлекеттік қызметте табан аудармай еңбек атқарып келеді.

Өлеңті ауылының тумасы орта мектепті бітірген соң Орал ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумында, кейіннен Батыс Қазақстан "Еуразия" тілдер және басқару институтында бухгалтер, есеп және аудит мамандықтарын алып шығады.

C6315E0A-5FE8-4581-8D49-8573975B736B

Алғашқы еңбек жолын Өлеңті ауылының ізінде болған кеңшар есепшісі болып бастаған Гүлбану ханым кейін Жымпиты аудандық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер экономисі, Өлеңті ауылдық кеңесінің бас есепшісі, ауыл-аймақ әкімшілігінің аға инспекторы, Жымпиты ауылдық әкімдігінің инспекторы, аудандық мәслихаты депутаттар жиналысының маман-бухгалтері қызметтерінде болып, өз саласының сатыларынан өтті. Бертін келе Сырым ауданы әкімі аппаратының бас бухгалтері, қаржы шаруашылық және құжаттармен қамтамасыз ету бөлімінің бас маман-бухгалтері, жалпы бөлімнің бас маман-бухгалтері лауазымдарында қызмет етті.

2008 жылдан бүгінгі күнге дейін Сырым ауданы әкімі аппараты жалпы бөлімінің бас инспектор-есепшісі лауазымын атқарып келеді.

- Есепші, бухгалтердің жұмысын ешкім де оңай, жеңіл деп айта алмайды. Өйткені ұқыптылықты, тиянақтылықты қажет ететін лауазым екенін бәрі біледі. Маған өз ісімнің шебері болу үшін бухгалтерияның барлық баспалдағынан өтуге тура келді. Тәжірибе маманның деңгейін өсіреді. Өзімнен кейінгі жас буынға да үнемі білмегенін үйретіп, бей-жай қарауға болмайтын, үлкен жауапкершілікті талап ететін іс екендігін құлаққағыс етіп отырамын. Тіптен, өз жұмысыма сүйіспеншілігім мен әбден тұрақталғаным сонша, тоқсандық есеп беру кезінде әр цифрды түбегейлі санап, қайта-қайта есептеп, жаным байыз таппайды. Есеп-қисапқа жүрдім-бардым қарауға болмайды ғой,- дейді Г.Бекчурина.

- Цифрдан жалыққан кезіңіз болды ма? – дегенімізде, «Жоқ!» - деп жауап берді Гүлбану ханым. Иә, Гүлбану Ғиззатоллақызы өз ісінен жалықпайтын еңбекқор жан.

 Айжан Бауыржанқызы,

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале