22.06.2021, 9:32
Оқылды: 62

28 киелі нысан анықталды

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның киелі нысандары», «Қазақстанның сакральды географиясы» атты жобаларды жасау керектігі айтылды.

Айдар соры

Осы бағдарламалық мақала негізінде біздің ұжымда да жұмыстар жүргізілуде. Былтыр туған өлке тарихын зерттеуге бағытталған «Батыс Қазақстан облысының киелі нысандарын кешенді зерттеу және оларды заманауи технологиялар арқылы насихаттау» жобасы жасалып, іске асырыла бастады. Былтыр Сырым ауданында жүргізілген экспедиция барысында өңір аумағы таулы асулар, өзен-көлдер, бұлақтар, тарихи орындарға өте бай екені анықталды. Сонымен бірге табиғи-мінәжаттық нысандар және эпиграфиялық ескерткіштер көптеп кездесті. Сырым ауданында осындай 28 нысан анықталды. Аталған орындар осыған дейін жасақталған республикалық және өңірлік киелі нысандар тізіміне енгізілмеген. Жалпы, киелі нысандар негізінен табиғи-ландшафты, археологиялық-архитектуралық, табиғи-мінәжаттық және тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғаларға байланысты болып төрт топқа бөлінеді.

Ауданның табиғи нысандар тобына жататын ескерткіштері әр алуандылығымен ерекшеленеді. Олардың қатарына Талдыбұлақ ауылдық округі Қазақстан ауылының маңында орналасқан шағын таулы аймақты атауға болады. Оны Ақшат (Ақтау) қыраты деп атайды. Ол осы округтің «Қазақстан» атты елді мекенінен 7 шақырым жерде орналасқан. Кемерінің баурайы жыралармен тілімделген. Борлы қыраттардың алып жатқан аумағы – 250-300 гектар. Таудың биіктігі шамамен 57-60 метр. Ауыл ақсақалдары Ақтаудың бұрынғы атауы «Жирентау» болғандығын айтады. Жирен деген батыр осы таудың үстінде қайтыс болып, сол жерде жерленген екен деген аңыз бар.

Жетікөл ауылдық округіндегі халық аузында Шошақ мола аталып кеткен нысанды археологиялық-архитектуралық ескерткіштер қатарына жатқызуға болады.  Ол шамамен екі-үш ғасыр бұрын салынған. Оны жергілікті тұрғындар далада шошайып, жалғыз тұрғандықтан, Шошақ мола атап кеткен. Бұл жерде бұрын ауыл болған деседі. Моланың тарихы қазіргі күнге тек аңыз болып қалған. Жетікөл мен Дөңгелек сордың аралығында Боқай деген жер болған. Ол жерде бай, дәулетті адам өмір сүрген. Ол үлкейген кезде өзіне арнап мола салдыртады-мыс. Моланы салған кезде сазды балшыққа илеп, жылқының сүтімен араластырып, жылқының қылын қосып қалаған. Сондықтан да болар, мола әлі күнге дейін құламай, сақталып келеді. Бұл моланы бай өзіне салдырғанымен, онда өзінің қызы жерленген. Сондықтан оны «Қыз моласы» деп те атайды.

Табиғи-мінәжатты ескерткіштер қатарына Жетікөл ауылдық округінің оңтүстік-батыс бетінде Қосарал ауылының аумағында орналасқан Айдар сорын жатқызуға болады. Көне аңыздың желісінде ертеректе Атырау жағынан келе жатқан адай руының белді байы осы жерге біраз күн аялдапты. Оған себеп, өзі етжеңді адам екен. Оның үстіне тері ауруы тап болып, денесіне қаптаған бөртпелер мен қышымадан қатты қиналған. Содан осы жерде он шақты күн жатып, тұзды суға түсіп тыныққан кезінде денесіндегі қотырдан  айығып, жаны жай тауып рақаттанса керек. Межелеген жерлеріне жетіп, енді қайтар жолда Айдар байдың жағдайы күрт нашарлап кетеді. Содан қасындағы адамдарға: «Мен енді елге жете алмаспын. Не болса да, осы жолы ажалым келген сияқты. Сондықтан сүйегімді елге сүйреп әуре болмаңдар. Мені өткенде өзім тыныққан ана тұзды сордың басына жерлерсіңдер» депті.

Айтқанындай орта жолда дүние салған Айдар байды сол сордың басына жерлеуге мәжбүр болады. Көп кешікпей әулеті бұл жерге құлпытасын орнатады. Содан бері сордың аты «Айдар сор» аталып кетіпті.

Тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғаларға байланысты ескерткіштер қатарына Бұлан ауылдық округінің Жамбыл ауылындағы Тайлақ қорымы жатады. Тайлақ қорымында бірнеше адам жерленген. Соның ішінде тарихи тұлғалар да бар. Соның бірі Байбақты тайпасы, Күшпен руынан шыққан Тайлақ Мәметайұлы. Ол XVIII ғасырдағы Батыс Қазақстан өңіріндегі саяси-тарихи оқиғалардың бел ортасында жүрген тұлға екендігі архив деректерімен расталған. Тайлақ саналы өмірін Еділ қалмақтары мен Жайық казактары тарапынан болған қауіпті сейілтуге бағытталған күреске жұмсаған.

Тарихшы Жәнібек Исмурзин: «Тайлақ жас кезінде батыр болса, кейін есейе келе би болған» деп тұжырым жасайды. Себебі 1785 жылы Нұралы ханның саясатына қарсы Кіші Жүз руларының оппозициясы пайда болды. Сол кезде көптеген ру басшысы, ру старшындары бірікті. Сол құжаттарда Тайлақтың аты аталады. Тайлақ онда 1 мың үйдің атынан сөз айтқан, соған жауап берген тұлға болған. Тайлақ жасында батыр болса, кейін би болған. Сол кездегі тарихи тұлғалардың көбіне осындай қасиеттер тән. Сырымның өзі де әрі батыр, әрі би болған. Сырым 20 жасында би болған. Енді бүгін тарихи шындық ашылды. Тайлақ Мәметайұлы – Жамбыл ауылындағы қорымда жерленгендігі толық анықталып отыр, - деп түйіндейді Бұлан орта мектеп-балабақшасының тарих пәні мұғалімі Серік Зиятов.

Экспедиция барысында нысандардың көпшілігі өзінің эстетикалық кескінін жоғалтып, бүліне бастағаны байқалды. Кейбір нысандар жоғалудың аз-ақ алдында тұр. Сондықтан анықталған барлық нысандарды картаға, электрондық дерекқорға енгізіп, каталог етіп шығару қажеттілігі туындайды.

Қайсар Ташай,

Назгүл Тукешова,

БҚО тарихи өлкетану музейінің тарих және

археология бөлімінің ғылыми қызметкерлері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале