29.06.2021, 9:25
Оқылды: 88

Мейірімді мейірбике

Жан жылуы мен мейірімін, ісіне беріктігі мен төзімділігі арқылы науқастың кеселінен айығуына үлкен ықпал тигізетін жандар – мейірбике. Медицина саласындағы ерліктердің басым бөлігін мейірбикелер жасайды десек, артық айтқандық емес. «Мейірбике қай кезде болмасын науқасқа мейірмін төгуші болып қала береді. Уақыт өткен сайын бұл мамандықтың маңызы артып келеді. Жаңақала ауданында өз ісінің білгірі саналатын мейірбикелер аз емес. Солардың қатарында аудандық аурухананың жалпы бөлімінің кезекші жоғары санатты мейірбикесі Салтанат Өтегенова да бар.

Аудандық ауруханаға арнайы барып, ел алғысына бөленіп жүрген Салтанат Мұхамбетқызының әңгімесін жазып алған едік.

3AF42CF0-2428-41C9-B73B-28DA88D33139

«Дәрігер болсам деп армандадым»

«Дәрігер болсам» деген арман кішкентай кезімнен басталды. Үй жақтағы қыздар қуыршақпен ойнағанда мен үнемі дәрігер болып ойнайтынмын. Ауылдағы ауруханада Сағын Сатқанұлы деген дәрігер жұмыс жасады. Үйдегілер тамағым ауырғанда сол кісіге апаратын. Ауруханаға жатқан кезде мейірбикелердің жұмыстарын көзбен көріп, іштей қызықтым. Жеңгем де ақ халатты абзал жан еді. Ата-анамды емдеп, қалай жазғаны көз алдымда өтті. Сол кісіге де еліктедім. 1976 жылы Пятимар орта мектебінің табалдырығын аттап, 1986 жылы алтын ұя мектебімді бітірдім. Сол жылы Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа тапсырып, үшінші емтиханнан өте алмай қалдым. Қалай да осы салаға түсейін деп Орал қаласындағы медициналық училищеге емтихан тапсырып, оқуға қабылдандым. 2 жыл 10 ай сол жерден білім алдым. Жақсы оқығаныма байланысты шәкіртақы тағайындады. Көптеген өмірлік достар таптым. 1988 жылы тамыз айында Жаңақала ауданындық ауруханасына жұмысқа тұрдым. 1 жұма терапия бөлімінде істеп, балалар бөліміне ауыстым. Марфуға Ғұсманқызы, Гүлжан Әдиетқызы, Дариға Жұбатқанқызы, Жарқын Сағынғалиұлы, Оразгүл Үсіпбекқызы сынды мықты мамандармен жұмыс істедім. Ол кісілер бағыт-бағдар беріп, білгендерін үйретті.

AAE483F0-417F-4CA2-98B7-BC12D7634E87

«Оқу ешқашан кеш емес»

Өңіріміздегі медициналық колледжде бакалавр ашылған болатын. 2019 жылы тапсырып, 1 жыл 6 ай көлемінде оқып, білімімді жетілдірдім. Адам баласына оқу ешқашанда кеш емес деп ойлаймын. Еліміздегі жағдайға байланысты онлайн оқыдық. Наурыз айында емтихан тапсырып, мамыр айында диплом қорғадық. Ата-анам Ақтөбе қаласында тұрады. Студент кездерінде отбасын құрып, мен дүниеге келгенде нағашыларыма берген екен. Нағашыларымның қолында тәрбиелендім. Пятимар ауылында оқып, үлкен өмірге қадам басып, тұрмыс құрдым. Жолдасым полиция қызметкері, екі қыз және ұлымыз бар. Екі қызымыз да тұрмыста. Біреуі тарихшы, біреуі ветеринарлық дәрігер. Ұлым электр маманы. Отбасымызда әрқайсымыз әртүрлі мамандық иесіміз. Бәрі де халыққа қажет.

«Сөзбен де емдеуге тырысамын»

Бұл саланың қиындығы да, қызығы да мол. Неше түрлі ауруларды көресің. Олардың аяққа тұрып, сауығып кеткенін көрген кезде кәдімгідей қуанасың. Дәріден бөлек сөзбен де емдеуге тырысамыз. Жылы сөйлеп, оларға демеу беремін. Адам баласы өзін күтіп, ауырған кезде дәрігерлердің кеңесін бұлжытпай орындау керек. Қауіпті дерттің асқынған кезінде Ақсай қаласында мобильді топ құрамында жұмыс жасадым. Ол жерден көп тәжірибе алдым.  

Мереке қарсаңында әріптестеріме тек қана амандық тілеймін. Дендері сау, жұмыстары жемісті болғай. Бастысы жанұямызда бәрі жақсы болсын. Халықтың алғысына бөлене беріңіздер дегім келеді,-дейді мейірімді мейірбике Салтанат Өтегенова. Кейіпкеріміз осы мақаланың авторын да дүниеге келгеннен кейін балалар бөлімінде қараған екен. Тура 26 жылдан кейін өзімді қараған мейірбике туралы мақала жазамын деп кім ойлаған... Мәртебелі мамандық иелері жасай берсін! Қоғамның дамуында ол кісілердің үлкен үлесі бар.

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале