«Өз үйім – өлең төсегім» демекші, баспанаңыздың жайлы әрі ішінің әдемі болғанына не жетсін. Арманыңыздағыдай интерьер құруда терезе перделерін таңдаудың орны бөлек. Әдетте перделер бөлмені күн сәулесінен қорғайды және бөлменің дизайнымен толық үйлесім тауып жатса, бөлмелерді ажарландырады. Орал қаласындағы «Вуаля» перде салонының мамандары өз тұтынушыларына бөлме дизайнын жасауға, мата мен аксессуарларды дұрыс таңдауға және кез келген талғамға сай перделер тігуге көмек береді.
Перделер салонының негізін қалаушы, кәсіпкер Наталья Богданова еңбек жолын қарапайым тігінші болып бастаған. Ол үйде отырып, перделер тікті. Іс тігетін инесі асырайтын жан перделерді өткізу үшін тұтынушыларды тамыр-таныстары, жора-жолдастары арасынан, жарнамалық сайттардан іздеді. Әр тұтынушының талап-тілегіне сай эксклюзивті әрі қолжетімді перделерге тапсырыс берушілер қатары қалыңдай түсті. Осыған орай Наталья Сергейқызы перделер тігетін және оларды сататын орынды жалға алуға бел байлады. Шағын тігін цехына лайықты орынды жалға алып, тігін жабдықтарын сатып алды. Тігіншілікке қыз-келіншектерді жұмысқа алып, іс тігуді өзі үйретті. Бүгінде оның салонында төрт тігінші, екі менеджер жұмыс істейді.
«Уақыт өте келе, жалға берілетін үйдің сатылуына әрі жалдау ақысының өсуіне байланысты жеке ғимарат сатып алу жайында шешімге келдім. Өз қаражатыма ғимарат сатып алу мүмкін емес, өйткені қаражаттың көп бөлігі айналымда. Сондықтан мен «Даму» қоры филиалына барып, көмек-қолдау сұрадым. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Банк ВТБ» АҚ ЕҰ арқылы 14% -бен несие алдым, оның 8%-ын қор субсидиялайды. Алдағы маусым айында несиенің алғашқы төлемін төлеймін», - деді кәсіпкер келіншек.
Осылайша «Кәсіптің өзін тапқан байлықтың көзін табады» демекші, Наталья Богданова мемлекеттік қолдаудың арқасында өзінің арманын іске асырды. Перде салоны үшін ауданы 180 шаршы метр болатын жеке ғимаратты сатып алды. Енді отбасылық бизнесті одан әрі дамытуды жоспарлайды.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz