Биыл былтырғымен салыстырғанда қыстың қары қалың болып, көктемде жауын-шашынның мол түсуі шөптің шығымына жақсы әсер етті.
Соның нәтижесінде шабындықтар мен жайылымдарға орақ ерте түсіп, қыстың қамын қамдаған шаруалар науқанның бел ортасына де келіп қалды. Мақсат бір – шығымы мол шөпті уақытында шауып, мал азығына молынан дайындау.
Қазіргі уақыттағы дерек бойынша Ақжайық ауданындағы барлық ауылдық округте пішеншілер іске кірісіп, 33 240 тонна шөп орылды, бұл межеленген жоспардың 12,1 пайызы. Аудан бойынша орташа шөп шығымдылығы гектарына 3,2 центнер. Бүгінгі күнге науқанға 210 орақ жұмылдырылды. Өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында 470 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы байқаудан өткізілді.
Мал азығын дайындауда алдыңғы қатарда келе жатқан Алғабас ауылдық округінде 3800 тонна шөп жиналды, қысқа 28300 тоннамен кіру керек. Мұнда шаруалар бір орам шөпті 5000 теңгеден сатуда. Қазіргі уақытта 7 трактор, 15 орақ шабындық басында.
Ал Көнеккеткен ауылдық округінің жігіттері 9,8 мың тонна шөп дайындап, жоспардың 25 пайызын орындап тастады. Алдағы уақытта шөпті бір қысқа артығымен жететін мал азығын жинап алуды көздеуде.
Айта кетейік, ауданда алдын ала жүргізілген есеп бойынша 2021-2022 жылғы қыстаққа 151 600 мал басы кіреді деп күтілуде.
Аида Асылбек,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz