Ақжайық ауданы орталығы – Чапаев ауылында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының XVIІ еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті. Атаулы шараға аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев, ауыл әкімі Нұртаза Набиденов қатысып, жастардың сапынан түзілген жасақтың жұмысына сәттілік тіледі.
- Міне 17 жыл «Жасыл ел» жасағының сарбаздары еліміздің дамуы, ауыл-аймақтың көркейіп, гүлденуіне үлес қосып келеді. Осындай жалынды жастарымыздың қатарына енді сіздер де қосылғалы тұрсыздар. Туған ауылдарыңның өркендеуінде өз қолтаңбаларыңызды қалдыру – азаматтық парыз. Бұл жоба – ең табысты және ауқымды әлеуметтік жобалардың бірі, жастармен жұмыстың аса маңызды құралы. Жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, өздерін туған жердің иесі ретінде сезінуге жетелейді, – деді Тілек Александрұлы.
Осыдан кейін аудан әкімінің орынбасары алдыңғы лекте еңбек етіп, өздері туып-өскен елді мекеннің көркеюіне қосқан үлесі үшін «Жасыл ел» сарбаздары Ерлан Әнесұлы мен Әсем Табылдықызына аудан басшысы Қаляир Айтмұхамбетовтың алғыс хатын табыстады.
– «Жасыл ел» жасампаз жастардың басын біріктірген үлкен ұйым. Мен де өзіммен қатарлас құрбыларыммен бірге еңбек етіп, туып-өскен ауылымның гүлденуіне өзімнің үлесімді қоссам деймін. Бізге осындай мүмкіндік бергендеріңізге жастар атынан алғысымды білдіремін, – деді жастар атынан сөз алған Ақтөбе қаласы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің І курс студенті Әсем Серғалиева.
Осыдан кейін барлық жастар, шараға жиналғандар естелік суретке түсті.
Айта кетейік аталған жасақтың жұмысы биыл ауданда жаздың алғашқы күнінен басталды. Осы айда аталмыш ұйымның қатарындағы жастар ІІ лекпен жұмысқа кірісті. Ақжолда 5 , Ақсуатта 10, Алмалыда 10, Мергенде 8 және Чапаевта 28, барлығы аудан бойынша 61 сарбаз еңбектенуде. Әр студентке аудан бюджетінен 1 айға 42500 теңге қарастырылса, оған қосымша «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары облыстық штабынан 35394 теңге төленбек.
Аида Асылбек,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz