9.07.2021, 9:43
Оқылды: 46

Қауіпті қос қиылысқа бағдаршам керек

Бұл мәселені мен былтыр ол кезде Орал қалалық мәслихатының, ал қазір Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Тұрарбек Тілемісовтың ФБ-дағы парақшасынан оқыған едім. Ол мәтінде қала әкімдігі аталмыш проблеманың көп кешікпей оңтайлы шешілетіндігіне уағда бергендігі жазылған еді. Бірақ... Тура күні кеше Марлен Тілендиев деген азамат менің уатсап нөміріме үшбу шаруаның әлі күнге дейін шешілмегендігін жазып жіберіпті.

1 (86) (1)

Мәселенің мәнісі былай: Облыстық кардиологиялық аурухананың маңында «Еуразия» туристік орталығы, «Дарын» мектептен тыс жұмыстар мекемесі және «Светлячок» демалыс орталығына қоса, «Зеленый дубок», «Садовод любитель», «Белая казарма», «Дружба» сықылды бірнеше бағбандар қауымдастығы бар. Осынау бағбандар қауымдастықтарында 500-ден аса адам тұрақты тұратын көрінеді. Оның үстіне кардиологиялық аурухана мен жаңағы  «Еуразия», «Дарын», «Светлячок» туристік-демалыс мекемелеріне жыл-он екі ай бойы қатынайтын үлкен-кішінің қарасы көп. Ал енді осы қарайған халықтың Селекционный ауылының аумағындағы «Белая казарма» аялдамасы тұсынан Орал – РФ шекарасы (Саратов бағыты) күрежолынан жаяу да, көлікпен де әрлі-берлі өтуі қиямет-қайым. Халықаралық трасса болғандықтан, қарама-қарсы бағытта ерсілі-қарсылы жеңілі бар, жүк көлігі бар ағылған мәшинеде есеп жоқ. Сол себепті де бұл төңіректе жол-көлік оқиғасы жиі болады. Осыған орай қияметтің қыл көпіріндей қос жол қиылысына жергілікті жұрт барынша  тездетіп бағдаршам орнатылғанын қалайды. Нақтырақ айтар болсақ, Жанқожа батыр – Белая казарма көшелерінің және Жанқожа батыр – Жағалау (Набережная) көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату керек! Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков мұндай сауапты істің жүзеге асуына мейлінше тездетіп ұйытқы болса, нағыз «Халықты еститін өкімет» қағидасына айшықты мысал, айқын дәлел болар еді.

Бауыржан Салықұлы,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале