9.07.2021, 9:49
Оқылды: 39

Шешуші ойын «Уэмблиде» өтеді

Футболдан Еуропа чемпионатының алғашқы финалисі Италия құрамасы. Команда жартылай финалда Испания құрамасын пенальти сериясында жеңді.

9b2e55e0-813a-4fae-9e29-4c18d5081140

Жалпы, тарихқа көз жүгіртсек, «Скуадра адзурра» (Италия) мен «Қызыл фурия» (Испания) бір-бірімен жиі кездеседі. Мысалы, 2012 жылы Еуропода екеуі екі рет кездесті. Топтық кезеңде 1:1 есебі тіркелген, ал финалда Испания Италияны 4:0 есебімен тас-талқан еткен. Төрт жылдан кейін италиялықтар есе қайтарды. Еуро-2016-ның 1/8 финалында испандарды үйіне қайтарды. Ал 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде Испания Италияға қарсы мүмкін болған 6 ұпайдың төртеуін еншілеп, «Скуадра адзурраны» мундиальсіз қалдырған.

Жалпы, бұл екі құрама алма-кезек бір-бірінің қанын ішіп жүр, бұл жолы Роберто Манчини ұжымының кезегі келгендей еді. Бірақ оның қарсыласы Лиус Энрикенің өз жоспары болды.

Испандар бірінші минуттан допты өз бақылауына алды, бірақ Италия қарымта шабуылда қауіпті болды. Үзіліске  дейін есеп ашылмады.

Екінші таймда да «Қызыл фурия» допты иемденіп алды, көбіне доп Италияның жартылай алаңында болды. Бірақ бірінші болып Италия футболшылары гол соқты. Қарымта шабуылдардың бірінде Федерико Кьеза есеп ашты. Испания таразы басын теңестіруге тырысты. Бұған тура 20 минут кетті. Ойынға тыңнан қосылған Альваро Мората әдемі комбинацияны голға айналдырды. Сөйтіп, командалар овертаймға аттанды. Қосымша уақыттың жарты сағаты голсыз өтті де қарсыластар пенальти сериясына жүгінді. Шешуші соққыны Альваро Мората соға алмай, Италия құрамасы ақтық сынға жолдама алды. Осылайша, Италия құрамасы өз тарихында төртінші рет финалға шығып отыр.

Екінші жартылай финалда осы турнирдің басты сенсациясына баланған Дания азуы алты қарыс Англияға қарсы тұрды. Ең басты сұрақ «Дания динамиті» (Дания) «Үш арыстанды» (Англия) «жарып» жібере ала ма дегенге тірелді.

Гарет Саутгейт баптайтын ағылшындар бұл жолы тасқамал қорғанысқа қоса өткір шабуылдарды да ұмытпады. Әсіресе, Харри Кейннің белсенділігі байқалды. Дегенмен, жарық жұлдызы болмаса да, командалық ойынға иек артатын даниялықтар 30 минутта Миккель Дамсгордың көмегімен есепте алға шықты. Бірақ бұл есепті ұзақ ұстап тұра алмады. Симон Кьер абайсызда өз қақпасына гол соғып алып, ағылшындар есепті теңестірді.

Екінші тайм алма-кезек шабуылда өткенмен еш нәтиже бермей, жеңімпаз қосымша уақытта анықталды. Дания қақпасына тағайындалған күмәнді пенальтиді Харри Кейн теуіп, қақпашы қайтарғанмен, ағылшын шабуылшысы ақырына дейін ойнап, допты торда тулатты. Сөйтіп, Англия өз тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпионатының финалына шығып отыр. Бұған дейінгі ең үздік жетістігі 1968 және 1996 жылдардағы құрлықтық турнирлерде қола жүлде иеленуі еді.

Англия мен Италия арасындағы финалдық ойын 11 шілде, жексенбі күні атақты «Уэмбли» стадионында өтеді. Кім жеңсе де, осы жолы жаңа чемпион анықталады.

Тоқтар Кенжеғалиев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале