9.07.2021, 12:31
Оқылды: 86

Бақыттың мекені – «Балбөбек»

Қазақ халқының нағыз азаматын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп – балабақша. «Балабақша – тәрбиенің бұлағы. Балабақша – мейірімнің шуағы» демекші, балабақша келер ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, елінің ар намысын қорғауға және ізгі адамгершілік ниеттерге  баулиды. Сондай балабақшалардың бірі – аудандық «Балбөбек» бөбекжайы. Газетіміздің бүгінгі санында аталған балабақша жөнінде қалам тербетуді жөн көрдік. Аудан орталығындағы бөбекжайға келіп, толықтай танысып шықтық. Іші кішкентай болса да, өте әдемі безендіріліп, толықтай қамтылған. Карантиндік режимді сақтай отырып, күнделікті қызу жұмыс жасауда. Әр кабинет санитарлық нормаларға сай безендірілген. Тәрбиешілерге де, тәрбиеленуші балаларға да барлық жағдай жасалған.

F9F7FC85-1C4C-45D4-A2F1-D949BBD11971

Одан соң бөбекжайдың төлқұжатына да назар аудардық. Мектепке дейінгі ұйымның атауы: «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Жаңақала ауданы білім беру бөлімінің «Балбөбек» бөбекжайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын. 2009 жылы құрылып, сол жылдардан бері тынымсыз жұмыс істеп келеді. Мұнда «Айгөлек», «Еркем-ай», «Күншуақ», «Еркетай» топтары қазақ тілінде жұмыс жасап, 100 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақшада 29 жұмысшы қызметкер бар. Оның жоғары білімдісі – сегіз, арнаулы орта білімі бар – төрт, жалпы 12 педагог маман жұмыс жасайды. Сондай-ақ балабақша топтарында өз жұмысын жақсы білетін жоғары санатты – бір,  I санатты – екі, II санатты – екі, санатсыз екі педагог, орыс, ағылшын тілді жетік меңгерген мамандар қызмет атқарады. Биыл ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, жобаларын қорғап, модератор санатын Г.Абдрахманова, С.Қодарова, А.Асқарова, Г.Таменова, М.Бақтығалиева, Ж.Дүйсенғалиева сынды педагогтер алған. 2020-2021 оқу жылы 5 педагог білім жетілдіру курсынан өткен.

- «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дейді Абай атамыз.  Еліміздің ертеңгі ұлт тізгінін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне аса мән беру – біздің негізгі мақсатымыз. Бізде негізінен әр топта 25 бала тәрбиеленсе, қазіргі таңда карантин режиміне байланысты 15 бүлдіршіннен алып отырмыз. Әр топқа екі тәрбиеші белгіленген. Біреуі түске дейін, екіншісі түстен кейін келіп, тәрбиеленушілердің күнделікті оқу-тәрбие жұмысын, демалыс уақытын ұйымдастырады. Тәрбиешілердің барлығы ата-аналармен бірлесіп жұмыстанады. «Денсаулық», «Таным», «Шығармашылық», «Қатынас», «Әлеумет» сынды бес түрлі білім беру саласы бойынша балалардың жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастырылған оқу қызметін тәрбиешінің шығармашылық ізденісі арқылы жүзеге асырып жұмыстанамыз. Мектепке дейінгі жастағы балалармен жұмыс барысында педагогтер әр баланың мінез-құлқын, жас психо-физиологиялық ерекшеліктерін, табиғи дара шығармашылық қабілетін ескереді. Әр баланың өмірі мен денсаулығы біздің жауапкершілігімізде. Балабақшада дұрыс тәлім-тәрбие бере алсақ, ол ертең мектепке барып саналы түрде сапалы білім алуға тырысады. Соның нәтижесінде елін сүйген азамат болып шығады. Біз, тәрбиешілер, түрлі болашақ маман иелерін тәрбиелеп жатырмыз десем, артық айтқандық болмас, - дейді «Балбөбек» бөбекжайының меңгерушісі Фарида Әкімғалиева.

Иә, «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек» деп Мағжан Жұмабаев атамыз текке айтпаған ғой. Бесіктен басталған бала тәрбиесі қарыштап алға дамып келе жатқан ХХІ ғасырда балабақшада жалғасын табады. Күнкөріс қамымен жүрген жұмысбасты ата-аналар үшін баланың балабақшада тәлім-тәрбие алуы тиімді жол. Балабақша қазіргі таңда тәлім-тәрбие алатын ортасы ғана емес, сонымен қатар мектепалды даярлық мекені десек қателеспейміз.

- 2015 жылдың қазан айынан бері осы бөбекжайда I санатты әдіскер-тәрбиеші болып қызмет атқарып келемін. Жалпы еңбек өтілім – 30 жыл. «Еркем-ай» ересек тобының  тәрбиешісімін. Топта мерекелік шаралар, ата-анамен жұмыс жоспар бойынша жүргізілуде. Бүлдіршіндерім аудандық, облыстық, республикалық байқауларға, сайыстарға қатысып, I, II дәрежелі диплом, алғыс хаттармен марапатталды. Бөбекжайымыз бүлдіршіндерді мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиемен қамту мақсатында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ҚРЖМБС мемлекеттік стандартымен жұмыс жасаймыз. Балалардың тілін дамытып, байланыстырып сөйлеу дағдыларын қалыптастыру үшін ертегілер айтып, ұлтымыздың негізсіз ұмытылып бара жатқан асық ойынын жаңғырту мақсатында шаралар ұйымдастырамыз. Балалардың бақыт мекеніне айналған «Балбөбектегі» әрбір күн қызыққа толы. Ал ұжымым ұйымшыл, әркез аудан көлемінде болып жатқан шараларға, қоғамдық жұмыстарға бірлесіп, белсене қатысамыз. Бөбекжай педагогтары да өздерінің педагогикалық шығармашылық және кәсіби қабілеттерін шыңдау мақсатында аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, өздерін жан-жақты көрсетуде. Өзімнің қызметтерім туралды «Білім айнасы» республикалық журналына, «Ұстаз тілегі» ғылыми әдістемелік, педагогикалық жинақ журналына, облыстық «Самал» газетіне мақалаларым жарияланып тұрады. Мен өз мамандығымды шын жақсы көремін. Осынау қиындығы мен қызығы мол еңбекте шығармашылықтағы тың жаңалықтарымызбен көрінеміз, - дейді әдіскер-тәрбиеші Гүлсім Таменова.

8706D465-B29A-424A-AD92-4EDCB2166A77

Жетістігі мол балабақша

Балабақша меңгерушісінің қабылдауында болғанымызда қабырғаға ілінген көптеген түрлі марапаттар мен жетістіктерді көріп, таңдай қағып, риза болдық. Бөбекжай ұжымының өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде жеткен жетістіктері аз емес екен. Балабақша меңгерушісі Фарида Файзрахманқызының айтуынша, тәрбиеленушілер жыл сайын мектепке дейінгі ұйым балаларына арналып өткізілетін аудандық, облыстық, республикалық, сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Биылғы оқу жылында да бөбекжай тәрбиеленушілері елеулі жетістіктерге қол жетізді. Атап айтсақ, Астана қаласы «Bilim Kazakstan» білім орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық шығармашылық «Менің отбасым» балалар сурет байқауында «Еркем-ай» ересек тобының тәрбиеленушілері А.Досалиева, Т.Садыхов, Г.Ахмұхан, А.Өтеғали, А.Дамирқызы, А.Қуат I дәрежелі дипломмен марапатталды. Орал қаласында өткен «Біз қауіпсіз үшін» облыстық байқауына қатысып, «Еркем-ай» ересек тобының тәрбиеленушілері Е.Самат, Е.Жұмағұл алғыс хатты иеленді. Бүлдіршіндердің облыстық «Самал» газетіне де ерекше суреттері жарияланыпты.

Бөбекжайдың тәрбиеленушілері ғана емес, тәрбиешілері де өздерінің педагогикалық шығармашылық және кәсіби қабілеттерін шыңдау мақсатында аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, өздерін жан-жақты танытқан. Бала тәрбиесінде белсенділік пен табандылық таныта білген балабақша қызметкерлерінің еңбегі ескерусіз емес. Солардың бірі 8 наурыз – Аналар күніне орай Г.Таменова 2021 жылы Жаңақала аудан әкімінің құттықтау хатына, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасына» ие болыпты. Сондай-ақ 2020 жылы БҚО Төтенше жағдайлар департаментінен, «Мұрагер» интелектуалды білім порталынан алғыс хатқа, республикалық «Балабақша әлемі» порталынан «Үздік циклограмма» дипломына, республикалық өнер орталығынан «Жұлдызды қолтаңба» дипломымен марапатталған. Бұнымен тоқтап қалмай, ұстаздардың облыстық, республикалық газеттерге де үздік мақалалары жарық көрген.

«Балабақшамыздың жақсы жетістіктерге жетуі, әрбір тәрбиешінің өз еңбегінің нәтижесімен, жаңалығымен біліктілігі мен білімдерінің арқасы деп білеміз», - дейді Ф.Файзрахманқызы.

 Еңбекқор қызметкерлер

- «Үйренер нәрсең – білім мен мейірімділік» деп Жүсіп Баласағұн  айтқандай, балабақша ұжымы әрбір күнін ізденіспен өткізеді. Әр қызметкерімнің өзіндік ерекшеліктері мен қабілеттері бар. Оларды әрдайым мақтан тұтамын. Атап айтсам, әдіскер-тәрбиеші Гүлсім Таменова жоғары білікті маман, ұйымдастырылған оқу қызметтері, тәрбиелік шаралары өте керемет, стандартқа сай өтеді. Ата-аналар ризашылықтарын білдіріп жатады. Барлық педагогтарға үлгі болатындай маман. Ал саз жетекші Салтанат Қодарова ұйымдастырған оқу қызметін балаларға қызықты етіп өткізеді. Балалардан оркестр ұйымдастырды. Осында тынбай еңбек еткендеріне бес жыл болған өте еңбекқор Мөлдір Бақтығалиева  мен жоғары білікті маман Гүлназ Абдрахманова тәрбиеші модератор. Көпбалалы ана, еңбекқор қызметкер Ақтолқын Берденова мен Сандуғаш Габдулова өз ісінің шебері, өте ұқыпты, жұмысына таза, жауапкершілігі  мол көмекші тәрбиешілер. Роза Рысқалиева қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады, бөбекжайымыздың әншісі, қандай тапсырма болса да толық жауапкершілікпен орындайды. Жас маман, тәрбиеші модератор Ақторғын Асқарованың келгеніне көп болмаса да, өз жұмысын көрсете білді. Сонымен қатар бөбекжайымызда қолдарынан бал тамған екі аспазшы бар, тамақтары  өте дәмді. Көпбалалы ана Ляззат Рысқалиева осы балабақша ашылғаннан бері жұмыс жасап келеді. Қолы шебер, ас пісіру шеберлігімен қоса  бөбекжайымызға керекті кейіпкерлердің киімдерін тігеді, неше түрлі көрнекіліктер жасап, әрдайым көмегін аямайды. Ғимарат күтуші Шолпан Бижанова да өте еңбекқор жан. Күзетші Есболат Хайроллин мұқият, жауапкершілігі мол  күзетші, барлық қоғамдық шараларға белсене қатысады, бөбекжайымыздың сыртқы тазалығына аса жауапкершілікпен қарайды. Кір жуушы операторы, шаруашылық меңгерушісі, көпбалалы ана Меңдігүл Меңдіғалиева да өз жұмысына адалдық пен жауапкершілік танытады. «Балбөбек» бөбекжайымыздың барлық  қызметкерлері де өз жұмыстарын жақсы көретін маман иесі деп айтуға болады, - деп Фарида Файзрахманқызы қызметкерлеріне және барлық топтың ата-аналарына ризашылығын білдірді.

Балабақша – баланың жүйелі түрде білім-тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Балабақшаның балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, ұстазға, тіпті ондағы қызметкерлерге байланысты. Сол себепті  тәрбиешілер бүгінгі күннің жаңалығынан сырт қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүреді.

Түйін:

Дана халықымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Балабақша бақыттың ең бірінші баспалдағы, баланың болашағы. Сондықтан тәрбиенің алтын бесігі саналатын балабақшаның маңызы зор. Жаңалықтың жаршысы аудандық газетімізге үнемі қолдау көрсететін «Балбөбек» балабақшасына редакция атынан алғыс білдіре отырып, ұжымына шығармашылық табыс тілейміз. Жетер жетістігі мен шығар биігі әлі алда деп ойлаймыз.

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале