Оқиға 2021 жылдың 19 шілдесі күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жайық өзенінің жағасында орналасқан Қарауылтөбе ауылында болған еді.
Шілденің аптап ыстығынан бой тасалаған ауыл адамдары кешкісін мал келер уақытқа дейін үйде отыратын шақ. Ауылда жым-жырт..
Қызының көңілін қалдырғысы келмеген ауыл тұрғыны Динара өзімен бірге Ақмаржанды ертіп Жайық жағасына келеді. Жағажайда күнделікті ығы-жығы халық жоқ, тым-тырыс.
Бір кезде ауыл жақтан үш бала келеді. Олар – Шыңғыс, Асылан және Жантуған еді. Сәл әрірек барды да, үшеуі суға шомыла бастады. Біраз уақыттан кейін балалар жүрген жақтан қатты дауыс естілді. Алғашқыда ойнап жүрген шығар деп мән бермеген Динара көмек сұрап жан ұшырған Шыңғысты көргенде қатты қорқып кетті.
Сол кезде Асылан досы Шыңғысты құтқаруға талпынып, екеуі бірге суға батып, біресе су бетіне шығып, біраз арпалысады. Ақыры Асылан Шыңғысты әрең дегенде жағаға сүйреп шығарады. Әлсіреп, су жұтып тұншыққан Шыңғыс өзіне-өзі келіп, досына ризашылығын білдіреді.
«Мен осы жасыма дейін өмір мен өлім арасында қиналған адамның жалынышты дауысын бірінші рет естіп тұрмын. Осындай сәтте бала болса да, тәуекелге барған Асыланның әрекетіне аналық көңіліммен алғыс білдіремін. Ол өз өмірін де ойламаған сияқты», – деді оқиға куәгері Динара Шамұратқызы.
Иә, ерлікті ешкім жоспарлы түрде жасамайды. Ерлік – оқыста іске асатын әрекет. Досын ажалдан құтқармақ болып, өзінің өмірін қатерге тігіп, батыл әрекетке барған Асыланның бұл ісі нағыз ерлік.
Ағысы қатты Жайық өзенінен досының өмірін құтқарып қалған ержүрек Асылан Нұрланұлы Орахаевқа, осындай қамқор ұл тәрбиелеген оның ата-анасына айтар алғысымыз шексіз!
БҚО ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы