29.07.2021, 14:45
Оқылды: 53

«Коронавирус балалар арасында өршіп барады»

Өңірімізге жұмыс сапарымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық денсаулық сақтау орталығына қарасты  жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекенов келіп, бірқатар еңбек ұжымдарымен кездесті. Ол алдымен Орал қаласындағы "ҚазАрмаПром" зауытының ұжымымен тілдесіп, елдегі эпидемиологиялық ахуал төңірегінде сөз қозғады. Коронавирус індетінің алдын алу шаралары мен вакцинаның тиімділігін түсіндірді. Сондай-ақ аталмыш басқосуға облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев та қатысып, КВИ-ге облыс бойынша балалардың жиі шалдығып жатқанын жеткізді.

1 (5)

– Қазір әлем бойынша басты мәселе – коронавирус індетін жеңу болып отыр. Өйткені әлемде 200 миллион адам коронавирус індетін жұқтырса, оның төрт миллионы қайтыс болған. Елімізде эпидемиологиялық ахуал күн сайын өршіп барады. Жалпы 557 мың қазақстандық коронавирусқа шалдықса, 5500 адам қайтыс болды. Қазір тәулігіне жеті мыңға жуық адам індетке шалдығып отыр. Өздеріңізге мәлім, былтыр маусым-шілде айында ел аумағында коронавирус бойынша ахуал қатты күрделенді. Ол кезде індет жұқтырудың шарықтау шегі тәулігіне екі мыңға жуық науқастың тіркелуімен шектелді. Дәрігерлер мен ауруханалардың жетіспеушілігінен халық дүрлігіп еді. Ал биыл вирус жұқтырғандардың саны бірнеше есе артты. Біздің Ақ Жайық өңіріне келудегі басты мақсатымыз – коронавирустан  қорғанудың бірден-бір жолы – вакцина екенін, оның тиімділігін  тұрғындарға түсіндіру.  Вакцинананың барлық түрі пайдалы. Былтыр КВИ-ге иммунитеті әлсіз, жасы егде тартқан және созылмалы сырқаттары бар жандар жиі шалдықса, биыл коронавирустың симптомды түрімен  балалар ауыруда. Елімізде қолданылып жатқан вакциналар коронавирустың мутацияларына қарсы антиденелер тудыруға қауқарлы. Ұжымдық иммунитет неғұрлым тез қалыптасса, вирустың жаңа нұсқаларының пайда болуы да соғұрлым бәсеңдейді. Екпе алу – жұқпалы індеттен қорғанудың тиімді әрі қауіпсіз әдісі, – деді Жұмабек Бекенов.

1 (21)

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәліметінше, өңірде тәулігіне 200 тұрғын індет жұқтыруда. 700 науқас жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдауда.

– Коронавирусқа қарсы вакцинаны салдырған адамдарда қандай да бір аурудың асқыну белгілері байқалған жоқ. Тамыз айының басында өңірімізге отандық QazVac екпесі келеді. Екпе салған орында қызару, ауырсыну белгілері болады. Қызудың көтерілуі, қысқа уақытқа артериялық қысымның жоғарылауы байқалады. Бұл – екпеден кейінгі күтілетін реакциялар. Былтыр коронавирустың  симптомды түріне 50 жастан асқан науқастар шалдығатын. Яғни балалар ата-аналарынан коронавирус жұқтырса да,  оларда клиникалық түрде симптомсыз өтетін. Енді облыс аумағында коронавиустың «дельта» штамының таралуына орай, 14 жасқа дейінгі бүлдіршіндерде тұмаудың белгілері бар. Жөтеліп, дене температуралары көтерілуде. Нақтырақ айтсақ, маусым айында 350 балғын КВИ-дің симптомды түрімен ауырса, осы шілде айында олардың саны 700-ге жетіп отыр. Екпе салдыруды ағайын-туысымыз немесе әріптесіміз коронавирусқа шалдығып, ауруханаға түскенде ғана ойламай, алдын ала жоспарлағанымыз жөн,- деді Нұрлыбек Ермекұлы.

 

Гүлсезім Бияшева,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале