5.08.2021, 11:02
Оқылды: 156

Жәнібектіктер ауылішілік жолдардың бүлінуіне наразы

Ауданға жол салынатынын естігенде жәнібектіктердің қуанышында шек болмады. Жол салу жұмыстары да қарқын ала бастады. Алайда кедергілер де көп болды. Карантин кезінде жұмыс баяуласа,  мердігерлердің жүк тасушы ауыр көліктері ауылішілік асфальтты бүлдіре бастады. Дәлірек айтсақ, ауыл сыртында орналасқан айналма жолмен өтуді қиынсынған жүргізушілер, жол қысқартпақ ниетпен Жәнібек ауылының оңтүстік бағытындағы Е.Ниетқалиев атындағы көше арқылы өтеді. Сонымен қатар, Қ.Мусин, Т.Жароков атындағы және Жеңіс көшелерімен де ауыр техникалардың жүріп өткенін көрген тұрғындар Жәнібек ауылдық округі әкімінің орынбасары, «Жәнібек» бастауыш партия ұйымы төрайымының атына арыз-шағымдар түсірді. Осы орайда аудандық партияның бақылау комиссиясының төрағасы Миранбек Ибатов пен «Жәнібек» бастауыш партия ұйымының төрайымы Ләззат Абдолова және аудандық жол полициясының инспекторы Данияр Мұқатов, басқа да топ мүшелері арнайы бақылауға шықты. Бақылау барысында мердігерлер, соның ішінде «Атырау жолдары» ЖШС-інің басшысы телефон арқылы бір аптаның ішінде бүлінген жолдарды жөндеп беруге уәде берген. Бірақ тегістелген жолдар тұрғындардың көңілінен шықпай отыр.

IMG_7231 (1)

 

«Алақандай ауылдың астаң-кестеңін шығармаса игі»

 – Ауыр жүк көліктерінің тарс-тұрс еткен дауысынан кейде шошып оянамыз. Әрине, Орал мен Жәнібектің арасына жол салынып жатыр деген қуаныш бар. Алайда жыр болған жол салынып біткенше алақандай ауылдың астаң-кестеңін шығармаса игі. Олай дейтін себебім жолшы мердігерлердің ауыр техникалары ауыл ішін кезіп жүреді. Ұзынкөлге тұрақтап, осы жақта жатқандарына еш қарсылығымыз жоқ. Бірақ ауыл ішіне ауыр техникаларымен кірмесе екен дейміз. Анау күні түс мезгілінде көше жаққа шығып тұр едім, үй жанындағы асфальт жолмен ауыр жүк көлігі қатты жылдамдықпен өте шықты. Қарап тұрып анамды аяп кеттім. Кір жуып ілгені осы еді, шаңға оранды. КамАЗ көліктерінің тіркемелеріндегі тас пен құмның қалдығы шашылып, айналаны көк шаң жасайды. Кешкісін ауылдың балалары жолдың үстінде велосипед, самокат теуіп ойнап жүреді. Бір күні ауыр көліктердің зияны балаларға да тиіп кете ме деп қорқамыз. Қарап тұрсаң аядай ауылдың ана шеті мен мына шеті қол созым жер. Түскі тамақ ішуге, кешкісін жатын орындарына қайтуға техникаларын ауыл шетіне тастап, жаяу келсе де болады емес пе? Олар болса: «техникамызды тонап кетеді» деген орынсыз сылтаулар айтады. Қажет болса адам жалдап, күзет қойсын. Ауыл ішіндегі асфальтты қайта жөндегеннен, күзетші жалдау арзанға шығады ғой.  Ауыл халқының ашуын тудыра берсе, соңы мәселеге ұласуы мүмкін, – деді жол бойында орналасқан Ұзынкөл ауылының тұрғыны Бақытжан Оразов.

 

Мәселенің мәнісі неде?

 Жәнібек ауданына дейін қатқыл табанды жолдың төселіп жатқанына да біраз болды. Жолға арналған құрылыс материалдары ауданға теміржол арқылы жеткізілетінін білеміз. Алайда материалдарды таситын ауыр жүк көліктері айналма жолдар өз алдына, ауыл ішілік асфальт жолдарды да бүлдіруде. Жол мәселесі бұрыннан айтылып келе жатыр. Тұрғындарға арман болған Орал-Жәнібек тас жолдың асфальті төселіп болғанша, барымыздан айырылып қалмаймыз ба деген үрейде отырған аудан жұртшылығының наразылығы ушыға түсуде. Одан қалса ауыр жүк көліктерінің техникалық қауіпсіздігі бар. Мәселенің мәнісін білмекке аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловпен тілдестік.

– Казталов-Жәнібек-Ресей Федерациясы автомобиль жолы республиканың теңгерімінде. Жол «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамына қарайды. Күрделі жөндеу жұмыстарына тапсырыс беруші де осы ұйым. Жалпы 2014-2017 жылдарда Жәнібек ауылынан 158-138 шақырым аралығындағы 20 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізіліп, асфальт төселген болатын. Барлық материалдар, соның ішінде қиыршық тас, цемент, никофлок Жәнібек ауданы орталығында орналасқан теміржол тұйықтарына әкеліп түсіріліп, сол тұйықтардан учаскелерге тасымалдау ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда тұрғындардың көтеріп отырған мәселесі орынды. Ауыр жүк көліктері Жәнібек ауылының солтүстік және оңтүстік бөлігінде айналма жолдары арқылы өтеді. Аудан әкімдігі жұмыс басталғаннан бері мердігерлерге ауыл ішіне кірмей айналма жолдарды пайдалану жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізіп келеді. Аудандық полиция бөлімінің, соның ішінде жол полиция бөлімінің қызметкерлері де тапсырыс берушілерге осы бойынша ескертулер берді. Мердігерлерге де осы талапты орындау турасында ескертілді. Аудан әкімдігі жанынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде комиссия жұмыс жасайды. Осы комиссияда мердігерлерге маршруттар сызып, көрсетіліп, осы бағыттармен теміржол тұйықтарынан материалдарды жеткізу жолдары көрсетілді. «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Батыс Қазақстан облысы филиалына аудан әкімі атынан бірнеше рет хат жазылып, жол салушы мекемелердің жол қозғалысын ұйымдастыру, олардың жүкке тиесілі шектемелерін қадағалау жөнінде талаптардың орындалуы турасында айтылып, ескертілуде. Осы мәселе бойынша аудан әкімдігі тарапынан мердігерлерге, тапсырыс берушілерге бұдан бұрын салынған жолдарды бұзбаудың алдын алуға және ауыл ішіндегі айналма жолдарды күтіп-ұстау шараларын орындауға міндеттеу жөнінде талаптар қойыла беретін болады, – деді аудан әкімінің орынбасары.

 194723793_2340513212751347_5169201149650713234_n (1)

Ауыр жүк көліктері айылын жимаса...

 

Сонымен қатар аудандық жол полиция бөлімі де ауыр жүк көліктерінің иелеріне бірнеше рет ескерту берген.

«Осы уақытқа дейін айналма жолдар арқылы жүру керектігі турасында ауыр жүк көліктерінің иелеріне бірнеше рет ескерту бердік. Одан бөлек Ұзынкөл ауылына дейінгі 20 шақырымға айналма жол салу жөнінде де айттық. Сонымен қатар жүк тиелген көлікпен ауыл ішіне кірмеу бойынша да ескертулер жасалды. Алайда ескертулер іске аспай, кей шектеулер бұзылуда. Жуырда осыған орай аудан әкімдігі жанынан құрылған жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия отырысы өтті. Отырыста ауыр жүк көліктерінің техникалық қауіпсіздігін сақтау, белгіленген айналма жолдан тыс жүрмеу, айналма жолдарды күтіп-ұстау мәселелері қаралды. Сонымен қатар құрылыс материалдарын тасып жүрген жүк көліктерінің жолы белгіленген сұлбасы жасақталып, аудан әкімдігі, полиция бөлімі, бас мердігерлер аталған сұлбаға қол қойылды. Ендігі жерде заң бұзылса, хаттама толтырылып, айыппұл салынатын болады», – дейді аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Мейрамхан Бапахов.

 

Мердігер тарапынан ескертулер беріледі 

Осы орайда құрылыс материалдарын тасып жүрген бас мердігерлердің бірі, «Теміржол жөндеу» ЖШС-інің техникалық қауіпсіздігі бойынша инженері Нұрбол Рақымберлиевпен кездесіп, мән-жайды сұрастырдық. Оның айтуынша, материалдарды тасу үшін белгіленген жолды аталған мекеме күтіп-ұстайды. Дегенмен құрылыс материалдарын тасуға арналған ауыр жүк көліктерін жалға алады екен. Белгіленген жолдың бойымен қауіпсіздікті сақтай отырып, өз шаруасымен ауыл ішілік жолдармен жүрмеу хақында мердігер тарапынан жүргізушілерге үнемі ескертулер беріледі. Ал, Ұзынкөл ауылына дейінгі 20 шақырым асфальтты күтіп-ұстау мердігердің құзырында еместігін айтты.

    

Ауыр жүк көліктерінің шектік талабы қандай?

 – Жолдың тез бұзылуына жол құрылысы кезінде қатаң қадағалаудың жоқтығынан, сапасыз жол-құрылыс материалдардың қолданылуы, жобалық-сметалық құжат жасау барысында жол құрылысының дұрыс жасақталмауынан, технологияның сақталмауы сияқты факторлар әсер етеді. Осы мақсатта 2019 жылы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылған болатын. Сапа орталығының басты мақсаты – жол жұмыстарына және материалдарына сараптама жүргізу болып табылады. Ауыр жүк көліктерінің жолмен жүрудің шектік талабы бір бірлікке шаққанда 10, ал көктем-күз уақытында 8 тоннадан аспауы тиіс. Қазіргі уақытта өңірдегі ауданаралық, облысаралық жолдарда 25-40 тонналық ауыр жүк көліктері бұл талапқа сай келмейді. Бұл өз кезегінде салынған жолдың ұзақ қызмет етуіне кері әсерін тигізіп, шұңқыр және басқа да ақауларға әкеп соқтырады. «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы Көлік инспекциясымен бірігіп республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жолға пайдаланатын материалдарды тасымалдайтын ауыр жүк көліктеріне айыппұл салынып, артық салмақта жүк артуына жол бермей, бастысы жолшылар тиісті Заң аясында шектеулер қойылып, қатаң бақылауға алынып, тапсырысшылар тарапынан мердігерлерге мемлекеттік сатып алу рәсімінде арнайы ауыр жүк көліктеріне талаптарды күшейту қажет. Жол жүру маршруттарын белгілеп, ауытқуларға жол бермеу. Арнайы жүк көліктерге жоғарыдағыдай шектеулер қойылса, салынған жолдардың қызмет ету ұзақтығы едәуір болар еді. Көбіне жолда ауыр жүк көліктері арнайы кен орындарында жүретіндері кездесіп жатады. Осындай талаптарды арнайы мемлекеттік органдары қатаң бақылауға алу қажет, – деді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының инженері Зауырбек Қыпшақбаев.

Түйін

 Жол – елдің әлеуметтік ахуалын көрсететін бірден бір стратегиялық нысан. Халық тұрмысының айнасы десек те болады. Әрең дегенде 20 шақырым мен ауыл ішіндегі асфальт жолдарға қол жеткіздік. Республикалық маңызы бар жолдың жөнделіп жатқаны да қуантады. Ендігі мәселе – бұрын салынған асфальт жолдарды бүлдірмей, сақтап қалу. Аудан әкімінің орынбасары Ж.Абдоловтың сөзіне сүйенсек, Ұзынкөл ауылына дейінгі жиырма шақырым жол 2022 жылдың соңына дейін «РСУ-1» ЖШС-інің кепілінде екен. Ал, Ұзынкөл ауылының екі шақырым кірме жолы да келер жылдың соңына дейін «Жайық Сити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бақылауында. Ауыл ішіндегі асфальтталған жолдар мұндай салмақты көтермесі анық. Десе де, басты жол 2022 жылдың соңына дейін аяқталса жақсы. Аяқталмаса, жоғарыда аталған жолдардың жағдайы не болмақ?

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале