Маңғыстау облысына мал азығын тасуға білек сыбана үлес қосу үшін батысқазақстандық еріктілер де тізе біріктіруде. Бүгін игі істі жандандыруға құлшынған жігіттердің асарлатып жатқанына куә болдық.
Омега көпірі тұсына тоқтаған вагондар жанында орама шөптер (рулон) теңкиіп-теңкиіп жатыр екен. Техникалар тұмсығымен көтерген шөп бумаларын вагон ішінде тұрған оралдық жастар қабылдап алуда. Түркістан облысында бастау алған ерен қимылға үн қосуды насихаттап, еліміздің түкпір-түкпіріне аттанғандар көп.
Солардың бірі – Мұратбек Солтанбай Ақ Жайық өңіріне арнайы келіпті. Оның айтуынша, еліміздің оңтүстігіндегі «Тұран Бизнес Групп» ЖШС БҚО-дан 420 орама шөп сатып алған. Еріктілер көмегімен 12 вагонға тиелген шөп Маңғыстау облысына жеткізіледі. Аудандардан «Шабылып, буылып дайын тұрған шөпті тегін береміз» деп хабарласып жатқан шаруа қожалықтары бар. Мұратбек мал азығын даладан тасымалдау үшін облыс әкімдігінен техникалар ұйымдастырып беруді сұрағанын айтты. Еріктілердің жоспары жүзеге асса, БҚО-ның өзінен әлі де 400-500-дей орама шөп жинауға болады.
Ел игілігіне қызмет етемін деген еріктілердің келгенін естіп, Жаңаөзен қаласынан Оралға келіп жатқан жігіттер де бар екен. Асарлатуға асыққандарға БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен«Еріктілер орталығы», «Қазақ-вайнах достығы» клубының белсенділері де қол ұшын созуда. БҚО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-ның басшысы Медхат Қамбетовтың айтуынша, этномәдени бірлестік өкілдері де еріктілер тобын демеу үшін ас-суын, жатын орнын қамдауға қаржылай көмек көрсетуде.
«Nur Otan» партиясы «Жас отан» жастар қанатының БҚО филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев Орал қаласындағы жастар ұйымдары тайлы-таяғымен қалмай вагонға шөп тиесуге өз еркімен келіп жатқанын айтты. Облыс жастары әлеуметтік желілер де насихат жұмысын үзбей жүргізіп отырмақ. Түркістаннан тізе қосып келген топ Оралда бір апта аялдамақ.
Содан кейін Қостанай облысына жол тартпақ. «Көп түкірсе, көл» деген, облыс жұртшылығы көрші өңірге көптеп-көлемдеп көмектесуді бірі кісідей азаматтық парыз деп қабылдайтынына сенеміз.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz