5.08.2021, 21:45
Оқылды: 38

Теректіде «Мерейлі отбасылар» марапатталды

Бүгін Теректі аудандық мәдениет үйінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде бақ сынаған отбасыларды марапаттау рәсімі өтті.

20210805_214204

Аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен, «Әйел. Қоғам. Болашақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, аналар кеңесінің қолдауымен өткен шарада аудан әкімінің орынбасары Армат Байғазиев сөз сөйлеп, үлгілі отбасыларды марапаттады.

Отбасының өнегелі құндылықтарын насихаттау, некенің үлгісін дәріптеу мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқауға биыл 10 теректілік жанұя қатысты. Солардың ішінен Иманғалиевтер (Долин ауылы), Джаскузиевтер (Новопавлов), Қуанышқалиевтер (Подстепный), Саламат (Приречный), Мукашев (Богданов) және Мырзағалиевтер (Федоров ауылы) әулеттері алғыс хат иеленді. 

20210805_214146

Богданов ауылының ұстаздардан құралған кітапқұмар Қаппасовтар жанұясы ІІІ орынды иемденсе, шығармашылық десе, ішкен асын жерге қоятын, 12 жылдан бері шаңырақтарының түтінін түтеткен покатиловтық Сунцов әулеті ІІ орын тұғырынан көрінді. 

1 қыз, 3 ұл тәрбиелеп отырған көп балалы әрі интернационалды жанұя Шариповтар әулеті жүлделі І орынға лайық деп танылды. Бұл әулетте отағасы Фарит пен отанасы Майра - Долин ауылдық округімен қатар, ауданға танымал жандар. Қоғамдық жұмысқа белсенді араласып, мәрттік танытып, ауылдастарын қолдауда алдарына жан салмайды.

Отбасылық тарихы 1987 жылдан басталатын Арыстановтар әулеті (Ақсоғым ауылы) ұлттық байқаудың аудандық кезеңінде бас жүлдені қанжығаларына байлады. Ғұмырының 36 жылын мәдениет саласына арнаған отанасы Алмаш Жәңгірқызының жеткен жетістіктері ұшан-теңіз. Алайда, ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамайтын ерлі-зайыпты Серғали мен Алмаш Арыстановтар бұл өмірдегі басты жетістік деп сапалы білім алған, адамгершілігі мол, өз теңдерін тауып, аяқтарынан тұрған қос ұлы мен қызын есептейді.

Бас жүлде мен І орын алған Арыстановтар және Шариповтар отбасы ұлттық байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.

Сайысқа қатысқан барлық отбасыларға ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы,

Теректі ауданы 

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале