9.08.2021, 9:30
Оқылды: 63

Казталовта қазақ күресінен іріктеу сайыстары өтті

Казталов ауданында «Ақ бидай» VII облыстық ауыл спорты ойындарының қазақ күресінен іріктеу сайыстары өтті. Бұқаралық спортты және ауыл спортын дамытуға бағытталған спорттық жарыс 4 жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Доданың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова қатысып, палуандарға сәттілік, республикаға жолдама алған спортшыларға жеңіс тіледі. Бозкілемдегі палуандар белдесуіне 9 салмақ дәрежесінде облысымыздың 11 ауданынан 88 палуан қатысып, өзара бақ сынады.

20210807090049_IMG_9172

Спорттық шараны ұйымдастырған аудан басшылығы мен «Айбын» спорт клубына ересектер арасындағы аға жаттықтырушы Асқар Нұрғалиев ризашылығын білдіріп, палуандар бабында екендігін, індеттің де дайындық жұмыстарына кері әсерін тигізгендігін атап өтті. Ал жарыс қорытындысы бойынша түйе палуандар арасында І орынға ие болған қаратөбелік Сержан Ерлан қарсыластарының осал еместігін тілге тиек етті.

– Бүгінгі кездесуге барлық салмақ дәрежесіндегі палуандар тыңғылықты дайындықпен келген. Шеберліктерін ортаға салып, өз бабында екендіктерін көрсетті. Қай белдесу болмасын тартысты, есте қаларлықтай өтті. Менің қарсыластарымның да ішінде осалы жоқ. «Үйренген жау атыспаққа жақсы» демекші, бұрын белдескен палуандар да болды. Дегенмен жарыс өте тартысты, әділ өтті. Еңбек ақталды, – деді палуан.

Жарыс қорытындысы бойынша Казталов ауданы жалпыкомандалық есепте Бөрлі (ІІ орын), Сырым (І орын) аудандарына есе жіберіп, ІІІ орынды қанжығасына байлады. Спорттық дода санитарлық талаптарды сақтай отырып, ұйымдастырылды. «Ақ бидай» VII облыстық ауыл спорты ойындарында бақ сынаған спортшылар мен олардың жетістіктері жайлы алдағы уақытта толығырақ баяндайтын боламыз.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале