Тамыздың 9-ы күні сағат 22:30 шамасында Бәйтерек ауданы Приурал полиция бөліміне Орал-Кирсанов автожолының 13-ші шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алғаны жөнінде хабар түседі.
Оқиға орнына жеткен құқық қорғаушылар Трекин мен Дариян ауылдарының ортасында «Renault Duster» және «ВАЗ-2114» автокөліктері соқтығысқанын анықтайды.
Тергеу барысында «ВАЗ-2114» автокөлігін тізгіндеген жүргізуші алдында келе жатқан көлікті басып озамын деп жолдың қарсы бетіне шығып кеткені анықталды. Қарсы көлік шыққанын байқаған «Renault Duster» рөліндегі азамат тежегішті басып, соқтығысты болдырмауға тырысқанымен қарсы көлік тым жылдам келген.
Нәтижесінде «ВАЗ-2114» көлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмған. Ал «Renault Duster» рөліндегі азамат жергілікті ауруханаға жеткізілген.
Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-тармағы бойынша іс қозғалды.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
Ақпарат жергілікті полиция қызметінің инстаграм парақшасынан алынды