11.08.2021, 12:28
Оқылды: 58

Бұрымды палуан

Тасқала ауданы Шежін ауылының жастары қай спорт түрінен болмасын байрақты бәсекелерде топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Ауылда жас спортшыларды бабында ұстап, аймақта спорт саласының дамуына үлкен үлесін қосып жүрген бірқатар спортшылардың артында Амангелді Исмагулов пен Ренат Каздаев сияқты бапкерлердің аянбай төккен тері мен еңбегінің жемісі тұрғаны айдан анық.

12

Еркін күрестен халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпазы, ҚР спорт шеберлігіне үміткер атанған Арайлым Куспанова шежірелі Шежін ауылының намысын биікке көтерді.

Арайлым 2019 жылдан бері республикалық және халықаралық турнирлердің жүлдегері атанып жүрген дарынды шәкірт. Бала кезінен спортқа деген қызығушылығы артып, еркін күрес секциясына мектеп қабырғасынан қатысып жүрген ол ең алғашқы жаттықтырушы Исмагулов Амангелді мен Каздаев Ренат ағаларына ризашылығы шексіз екенін жеткізді.

«Спортқа деген қызығушылығым бастауыш сыныптан арта берді. Амангелді, Ренат ағайлар ауыл мектебінде еркін күрестен секция ашып, спортқа бейім балаларды жинап бастағанын естіп, мен де алдыма мақсат қойдым. Отбасымның ерке қызы боп өскен маған алғашында ата-анам қарсылық білдірді. 2018 жылы 8-сыныпты аяқтап, Орал қаласындағы «Олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжіне» 9-сыныпқа еркін күрес бөліміне қабылдандым», - деді жас спортшы Арайлым Куспанова.

Арайлымның болашағына үлкен жол салып, биік шыңдарға жетелеп келген жаттықтырушылары – Наргеев Мусабек Хамидоллаұлы, Қожағалиева Гүлжанат Бекетқызы, Самиев Дулат Бекенұлы. Аталмыш спорт мектебінде білім алумен қатар көптеген республикалық, халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанды. 2019 жылы ҚР «Спорт шеберіне үміткері» Шучинск қаласында өткен спорт шебері А.Қазымбетовты еске алуға арналған халықаралық турнирінде І орынға ие болды. 2019 жылы Қырғызстан елінің Бішкек қаласында өткен халықаралық турнирінде жүлделі ІІІ орынды иеленді. 2020 жылы Қостанай қаласында өткен республикалық турнирде І орынды жеңіп алып, алтын жүлдені иеленді. Аталмыш жарыстарда ол 43 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. 2021 жылы «Олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің» түлегі атанды. Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың Бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру факультетіне түсуді жоспарлап отыр. Еңбек, ниет және шыдамдылық адамды жетістікке жетелейді. Жеңістің кілті – еңбекте. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» дегендей болашағы зор Арайлым қызымызға жаңа айдарда толағай жеңістер тілейміз. Әр жылымыз жақсы өзгерістерге, жеңісті сәттерге толы болсын! Ел үмітін ақтайтын жас спортшыларымыздың қатары көп болсын!

Бақыт Хайрекенова,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале