13.08.2021, 10:16
Оқылды: 57

Айнаш апай туралы толғансам...

Бізге тарих пәнінен сабақ берген, бойы ортадан жоғары, шашын өріп, желкесіне таман түйген, жүріс-тұрысы тіп-тік, бүкіл мектепте «қатал мұғалім» деген атағы бар Айнаш апайға ешкім көлденең сұрақ қоя алмайтын. Өйткені парта қатарларының арасымен баяу жүріп, бірқалыпты қоңыр үнмен, анық дикциямен сабақ айтқанда, оның бірқалыпты қоңыр үнінің өзі кәдімгідей құдіретті естілетін. Қалай болғанда да мектеп дегенде ең алдымен есіме Айнаш апай түседі. Ол кісіні көшенің арғы басынан көрсек те бойымызды түзеп, сымдай тартыла қалатынбыз. Иә, тура мектептегідей. Бірақ іштей әлдебір қуаныш билейді, амандасқанның өзінде әлдебір кісілікке жеткендей, есейіп кеткендей сезінеміз.

Айнаш апай11

Қайсыбір жылдары Орда мектебін бітіріп, сол кезде Айнаш Жабасқызынан да тарих пәнін оқыған бір топ түлектердің әңгімелері осылай өрбіді. Шынында да мектеп әр баланың тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын құтты мекені ғой. Осы қабырғалар ішінде баланың тіршілікке бейімі танылып, өмірге көзқарасы қалыптасады, алдағы ұзын жолдардың таңдауы басталады. Біреулердің даңғыл жолы, біреулердің бұралаң жолы, тіпті біреулердің бұрма-бұрма түсініксіз жолдары да осы мектеп табалдырығынан басталады. Әр жылдардың  әр алуан түлектері туған жерге сағына оралып, мектептеріне сәлем беріп шығатын жақсы дәстүр қалыптасқан. Сол кезде әркім өзі сыйлайтын, еліктейтін, тіпті бір кезде ренжіген мұғалімдерін еске алып, балалық шаққа бір барып қайтады.

Замананың қисынын қараңыз, 1841 жылы Торғай даласында қазақтың тұңғыш ағартушы-педагогы, атақты Балғожа бидің немересі Ыбырай  Алтынсарин дүниеге келді. Ал ел аузында «Жәңгір мектебі» атанған Орда мектебі өз тарихында түрлі-түрлі құрылымдардан өтіп, революционерден  академикке дейін түрлі-түрлі шәкірттер тәрбиеледі. 1939 жылдан М.Горький атындағы орта мектеп, 1999 жылдан Жәңгір хан атындағы орта мектеп аталады. Сол мектептің ұзақ тарихындағы мыңдаған түлегінің бірі – мектеп бітірген соң Ақтөбе қаласындағы Н.Байғанин атындағы мемлекеттік оқытушылар институтының тарих факультетін тәмамдап, 1951 жылы туған мектебіне оралып, зейнетке шыққанша табан аудармастан еліне қызмет еткен  тарихшы-мұғалім Айнаш Жабасқызы еді. Кейін ол математика, физика пәндерінің мұғалімі, осы мектептің түлегі Рашид Хайретдинұлымен шаңырақ көтерді, ана, әже аталды.

Балалар деген – ең нәзік, ең қатал, ымырасыз қауым. Иә, қорқуы мүмкін, ертең емтихан бар. Бірақ емтихан өтеді, мектеп те бітеді, ал сыйласу мәңгіге қалады. Балаға ұстаздық ете біліп, болашағына жарқын бағыт көрсете алсаң ұстазсың, оған қолың жетпесе жай ғана 45 минуттық мұғалімсің. Айнаш Жабасқызының жұмысқа келген алғашқы жылдарының бірінде мұғалімдер кеңесінде айтқан Ғұмар Зарипов ағайының осы сөзі мәңгілік есінде қалды. Айнашты мектептен түлетіп шығарды. Болашағына сәт-сапар тіледі. Оқу бітіріп, жұмысқа келгенде жақсы тілекпен қарсы алды.
Мектептің болашығы үшін, Орданың абыройы үшін қызмет етесіңдер деп үміт артты. «Айнаш, Айнашжан, Айнаш Жабасқызы» деп атайтын болды.

... Иә, ұстаз сол баяғыдай, класқа кіріп сәл кідіреді, оқушыларды түгелдей шолып шығады, ол кезде ештеңеге назар аудармайды. Сабақ басталады, аяқталады. Соңғы 4-5 минутта сабаққа кімнің қалай қатысқаны анықталады. Кімнің қалай қатысқаны келесі сабақта немесе емтиханда ғана анықталады. Оған дейін мұғалім мен оқушы жасырынбақ ойнап жүргендей. Әрқайсысының өз міндеті бар. Мұғалім жоспарлы сабағын ұғындыруы қажет. Ал әр кластағы 25 оқушының өзінше жобасы бар. Е-е-е, осы жылдар ішінде қаншама оқушы өтті алдынан...  «Не керек маған бұл тарих, бәрібір болашақта тарихшы болмаймын ғой!» дегенді де естіді. Шынын айтқанда, абыржып қалды. Бір сәтке ғана. Отырғандарды түгел шолып шықты. «Енді не болар екен?» дегендей бәрі бір-біріне көздерінің астымен қарап тына қалыпты. Мұғалімге сынақ. «Әрине, айналайын, жыл сайын жиырма тарихшы дайындайын деп отырған мен де жоқпын. Бірақ осы қабырғаның ішінде жүргенде мен жоспарлы пәннің негізі мен мән-мағынасын әрбір оқушыға ұғындыруым керек. Ал сіздер осы жоспарды игерулеріңіз керек. Бүкіл тарихты емес, өз шамаларыңа өлшеніп берілген осы бөлікті ғана. Сондықтан келісімге келуге тура келеді». Сабақтың уақыты өлшеулі болғаны қандай жақсы! Дәл осы кезде үзіліске қоңырау соғылып, бүкіл класс терең бір дем алады.

Бұл кісі мектепте ғана емес, үйінде де, көшеде де, қайда болса да бірқалыпта салқынқанды, біртоға сыпайы, әділ де қарапайым тұратын. Ағайынмен араласуы, қатарластарымен сыйласуы да осы деңгейде. Үйдегі тәртіпте апамыз ағасының  8 баласын тәрбиелеп қатарға қосты. Оған әжеміз де, сол балалардың ата-анасы да араласқан емес. Үйдегі болсын, тәрбиедегі болсын, қандай мәселеге де, жатқан жері жайлы болғыр ағамыз «Айнаш біледі», - деп қысқа қайыратын. Әжеміз пеш түбінде отырып құптағаны ма, қолдағаны ма белгісіз: «Айнаш үшін туған ғой бұларды», - деп түйіндейтін. Осылардың үлкені Серік «Айнаш апа» дегенді «Әш-апа» деп ықшамдады да, содан бері қарай бүкіл бала, келін-кепшік, кейін тіпті немерелер де осы жобаға көшті. Ешкім араласпаған соң балалардың тәрбиесі  де бір қалыптан шыққандай өзінің орыны мен жөнін біле-тін, істеген ісіне мығым, ағайынмен сыйластықта өсіп ержетті. Бә-рінің де өмірдегі орны қалаулы, әрқайсысы бір-бір үйдің түтінін түзу тұтатып отырған азаматтар.

«Осы кісі өз балаларына да сондай қатал ма екен?» деген бәнәйі әңгімелер де естіледі ғой. Әрине, солай, мінезге не шара. Шұбырған көп баласы болмағанмен апамыз екі ұлынан 8  немере, 12 шөбере сүйіп, артына бір қауым жеткіншектерін қалдырды.

«Туған жерге туың тік» дегендей, үлкен ұлы Лавр Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының (қазіргі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ) экономика факультетін бітіріп, еңбек жолын туған ауылынан бастады. Еңбегі жемісті, қызметі өрісті болып Бөкей ордасы, одан кейін Жаңақала аудандарының әкімі қызметтерін атқарды. Лавр Рашидұлының бұл жұмыстарда жүрген кездерінде елдің шаруашылық жайына қоса тарихи, рухани ахуалына сіңірген еңбегін өз алдына бөлек айту керек. Шын мәнісінде тарихшының  тәрбиесі көрінді. Қазір ҚР АШМ Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің БҚО аумақтық инспекция басшысы. Кіші ұлы Мәдениет Алматының қазіргі Санжар Асфендияров атындағы дәрігерлік институтын бітірді. Еңбекті елде бастап, қазір Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы. Бастық болуын кім білген, бірақ балаларын елге қызмет етуге, ата-анасына, отбасына адал, қасындағыларға қайырымды болуға тәрбиелегеніне сенімдімін. «Осы Айнаштың табиғатында ауытқымайтын бір ұстаным бар, дегенмен Жәңгір хан кеңесінің Байбақты руына би болып 1827 жылы бекітілген Қонажан Сапақұлының ұрпағығой, тек жібермейтіні рас-ау» деуші еді білетіндер. Жұмысы мінсіз, тәрбиесі мен тәрбиеленушілері үлгілі, ортасында абыройлы ұстаздың  еңбегінің бағалануына, мүмкін, сол атасының  салқыны тиген болар.

Қалай да Кеңес үкіметінің жақсы-жаманына бірдей сеніп, білімі мен білігін өзі өмір сүрген қоғам мен кезеңнің игілігіне жұмсаған адамның еңбегі әлдебір марапаттарға лайық еді деп ойлаймын. Бірақ заманалар биігінен қарағанда, үлкен есепте өкініш те жоқ сияқты. Бидің ұрпағы өз заманына сай білім алды, білімін туған жеріне, еліне, ағайынның игілігіне жұмсады. Ешкімге қарыздар, кіріптар болған жоқ. Дүниеге адам болып келді, адамдық, перзенттік міндетін адал атқарды. Маман ретінде өз заманындағы «Қазақ КСР-і халық ағарту ісінің үздік қызметкері» деген атағын алды. Осы атағымен алдынан өткен қаншама ұрпаққа, пәннің ғана емес, елдің, тұтас қоғамның бет-бейнесін заманаларға жеткізетін «Тарих» атты ғылымның негізін түсіндіріп өтті.

Бүгінде бойымызда ұстазға деген құрмет, балалық шақты аңсау, мектептегі  жарқын күндерге деген сағыныш сезіледі. Иә, әуелі бәрі де «қатал еді» деп бастайды. Бірақ ешбірінен «Әділетсіз болды, әлдебіреуді шеттетіп еді, жек көретінбіз» дегенді аңғармадым. Қайта сол қаталдықтың арғы жағында өздеріне деген жанашырлық, тәртіпке деген талап, өз міндеттеріне деген жауапкершілікті сезінсін деген астар жатқанын сол кезде-ақ  түсінгендері  байқалады. Содан ұстаздарын сағына еске алып, іздейтін болса керек. Қалай болғанда да Жәңгір хан атындағы Орда орта мектебінің соңғы бір ғасырлық тарихында алыс-жақынына, үлкен-кішісіне қарамай ерекше ілтипатпен, үлкен құрметпен еске алынатын санаулы ұстаздың бірі осы ағарту ісінің үздігі, «қатал» деген өмірлік лақап аты бар, заманалар толқынынан  абыройлы еңбегімен еңкеймей өткен – Айнаш Жабасқызы.

Биыл бұл мектептің 180 жылдығы. Жарықтық Жәңгір ханның  арғы армандарын тек қана болжаймыз, әйтеуір, қазақ баласына үміт артқаны анық. Мектептің  заманалар биігінде өз бағытынан айнымай осы күнге жеткені, әрі оған қоғамның қандай өзгерісіне қарамастан, сонау алғашқы шәкірттерінен бастап бүгінге дейінгі түлектері еңбек сіңіріп келе жатқаны оның үмітінің ақталғанын көрсетеді. Қалай болғанда да ата-бабамыз аңсаған, қаншама ұрпақ  құрбан болған тәуелсіздік тұсында  өмір сүру біздің ұрпаққа нәсіп болды. Мектеп бағдарламасына «Қоғамтану» деген пән енгізілді. Әрине, мектеп бағдарламасының аясында тарих пен қоғамтанудың байланысын толық қамтудың мүмкіндігі болмаған да шығар. Бірақ оқушылары айтқандай, «Айнаш апай не айтса да, қақпағыңды ашып, миыңа құйып береді ғой».

Иә, қоғам ауысады, құндылықтар өзгереді. Бірақ соның бәрі заманалардың үлесіне қалады. Ештеңе жоғалмайды, ұмытылмайды. Өзіміз алдын көрген мұғалім Айнаш Жабасқызы сол үлкен тарихтың шағын пұшпағын, дәрежелі тарихшының бет-бейнесін анық байқатқан адам еді. Ол өз балаларынан бастап, ауыл-аймағына дейін заманалар бейнесін әр адам, азамат өз еңбегімен жасайтынын күнделікті қарапайым өмірімен дәлелдеп өткен нағыз, шынайы ұстаз еді.

 

Сара Латиева,
жазушы,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале