16.08.2021, 16:04
Оқылды: 97

Күзеттің қос қызметкеріне құрмет көрсетілді

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Қауіпсіздік және тәртіп сақтау бөлімінің» ұжымы қос қызметкерін зейнеткерлік демалысқа шығарып салды.

фото БКАТУ

Білім ордасындағы тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалауға зор еңбек сіңірген Ерсайын Хайруллин мен Тыныс Хайдаровты 63 жасқа толған мерейтойларымен құттықтау іс-шарасына университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов қатысты. Мерейтой иелеріне басқарма төрағасы-университет ректоры Асқар Наметовтің құттықтау хаты табысталды.

– Дәстүрлі түрде зейнет жасына толған қызметкерлерімізді құрметпен шығарып салмақпыз. Оқу орнында бірнеше жыл жұмыс істеген Ерсайын Қажымұратұлы мен Тыныс Қайыржанұлына алғысымыз шексіз. Университет ұстаздары мен қызметкерлері сіздерді жақсы біледі, сыйлайды. Ендігі уақытта тер төгіп жасаған еңбектеріңіздің зейнетін көріңіздер. Отбасыларыңызға амандық тілейміз. Немере қызығына бөленіп, аман жүріңіздер! - деп ақжарма тілегін арнады.

Жиында сөз алған «Қауіпсіздік және тәртіп сақтау бөлімінің» басшысы Жанболат Мусадиев әріптестеріне салауатты да баянды ғұмыр тілеп, осындай аға буын өкілдерінің өз ісіне деген жауапкершіліктерін өзгелерге үлгі етті.

Аталмыш бөлімде жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан Якуб Жарылғасов та екі азаматпен бірге еңбек еткен уақыттарын еске түсіріп, оларға құрмет көрсеткен университет басшылығына ризашылығын жеткізді. Мерейтой иелерінің бірге қызметтес болған әріптестері де ағаларына ақ жол тілеп, олардың үлгі боларлық тұстары көп екенін атап өтті.

Университет жатақханасындағы қауіпсіздікке жауаптылардың бірі болған Ерсайын ағаның 2008 жылы наурыз айында орын алған төтенше жағдай кезіндегі батыл әрекеті де әңгіме болды. Осы оқиғаны тағы бір мәрте есіне түсірген ағамыз: «2008 жылы 7 наурызда түнгі сағат 01.20-да жоғарғы қабаттың старостасы «газдың иісі шығып жатыр» деп келді. Дереу басшыларға хабар беріп, өзім уақыт жоғалтпай, бесінші қабатқа көтеріліп, терезелерді аштым. Қыз балалар газдың иісіне уланып, естерінен танып құлап жатты. Оларды тездетіп бір-бірлеп көтеріп, төменге түсіре бастадым. Он екі жедел жәрдем көлігі келді. Газға уланған 56 студентті ауруханаға алып кетті, - деп есіне алды. Төтенше жағдай кезінде сабырлылық танытып, табан астында әрекетке көшкен күзет қызметкері газға уланған 57-ші адам болып, өзі де ауруханаға түскен. Ал таңмен дәрігерлерге қолхат жазып беріп, кезекшілігін тапсыру үшін қайтадан жұмыс орнына келіпті.

Мерейлі 63 жасқа толып, осы күнге дейін өздері темірдей тәртіпке бағынып қызмет еткен білім ошағынан абыроймен зейнеткерлікке шығып жатқан қос азамат барлық құрмет-қошеметке алғыстарын жаудырды.

 

БҚАТУ-дың медиа-орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале