18.08.2021, 9:24
Оқылды: 47

«Қаратөбе еріктілері» тобы құрылмақ

Кеше Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, ауыл тұрғындарымен кездесу жиыны өтті. Кездесуде қоғам өміріндегі маңызды шараларға бейжай қарамайтын белсенді азаматтар арқылы «Қаратөбе еріктілері» атауымен топ құрып, волонтерлық қызметті дамыту мәселесі талқыға түсті.

 4

2016 жылғы 30 желтоқсанда елімізде Қазақстан Республикасының «Волонтерлік қызмет туралы» Заңы қабылданды. Волонтерлік қызметті дамытуға мемлекет тарапынан да көңіл бөлініп, арнайы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобалары іске асырыла бастады. Өткен жылы Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтер жылы» ретінде белгілеп, осы саланы дамытуға қатысты нақты шаралар қабылданды.

1

Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрінің волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы бекітілген болатын. Аталған құжатқа сай белсенді еріктілердің қызметтері «Біргеміз: Білім», «Біргеміз: Саулық», «Біргеміз: Сабақтастық», «Біргеміз: Таза Әлем», «Біргеміз: Асыл мұра», «Біргеміз: Қамқор», «Біргеміз: Үміт», «Біргеміз: Аяла» бағыттары бойынша жүргізілетін болады.

2

Тұрғындармен өткен басқосуда сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан ауданымызда «Бәрі ауылымыз үшін!» ұранымен құрылмақшы волонтерлік топтың негізгі мақсат-міндеттерін түсіндіріп өтті.

– Волонтерлық қызмет әр тұрғынның ерікті түрде өз ауылына, туған жеріне жаны ашуы арқылы жүзеге асуы қажет. Ауылымыз күннен-күнге көркеюде, сол жасалынған жұмыстарды бүлдірмей, бұзбай сақтай білуіміз керек. Ол үшін ерікті түрде ауылымыздың таза болуын өзіміз қадағалап, көпшіліктің көмегі қажет болса, қолұшын беруді саналы түрде жүзеге асыру керек. Қоғамдық жұмыстарды ерікті түрде атқару үшін әлеуметтік желіде «Қаратөбе еріктілері» атауымен парақша ашып белсенді түрде жұмыс жүргізуді қолға алмақпыз, - деді Жасұлан Сұлтан.

3

Еріктілер қызметін жандандыруға арналған жиында өз пікірлерін білдірген ауыл тұрғындары Мәулен Қожахметов, Айбар Әбденов, Берікжан Ғарапшиев, Меңдіқожа Ғабдолов, Райымбек Абаев волонтерлық қызметтің қоғамға пайдасы жөнінде сөз қозғап, ауылымыздың дамуы мен тазалығы үшін жанашыр азаматтардан құралған еріктілердің болуын құптайтындықтарын жеткізді.

Бүгінде әлем халқының шамамен 150 мыңға жуығы тұрақты түрде волонтерлікпен айналысады. Дүниежүзінде волонтерлік бойынша ең үздік мемлекет болып Скандинавия елдері саналады. Мәселен, Дания халқының шамамен 67 пайызы, Норвегия халқының 62 пайызы, Финляндия халқының 58 пайызы, Швеция халқының 56 пайызы волонтерлік қызметпен айналысады екен.

Еліміздеде волонтерлік мақсатта құрылған және елдегі маңызды іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып жүрген волонтерлік топтар аз емес. Әсіресе олар әлемді жаулаған коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты мұқтаж жандарға көмектесу, елді мекендерде медициналық құралдар тарату, халықтың белгілі санаттарына азық-түлік таратуға жұмыла қызмет етті.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале