18.08.2021, 18:03
Оқылды: 47

Ақсоғымда жүзім өседі

Теректі ауданында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Үздік аула» байқауы жарияланған болатын. Аудан әкімдігі ұйымдастырған бұл шараға қатысу үшін үй иесі өз ауласы туралы материалдарды аудандық ішкі саясат бөлімінің [email protected] электрондық поштасына жолдауы керек.

612798e4-7a2a-4ec6-bb1f-0ff4bf09a22a

Ақсоғымдық Серғали мен Алмаш Арыстановтардың отбасы осы байқаудың мақсатын айшықтайтын шаңырақ. Тек әдемі ауланы анықтап қана қоймай, ауызбіршілік, еңбекқорлық арқасында мықты отбасын қалыптастырған жандарды үлгі етіп көрсетуге бағытталған байқауға қатысушы ерлі-зайыпты Арыстановтар бақытты отбасылар қатарынан деп айтуға әбден болады. Екі ұл мен қыз өсіріп, немере мен жиен сүйіп отырған олардың айрандай ұйыған өзіндік отбасылық тірлігі бар. Қорасында сауын сиыр мен жылқыдан бастап, құсқа дейін ұстайды. Қысы-жазы бір тыным таппайтын жандар.

9402b69c-88e3-48c9-8fdd-9fd8fef3a483

Күннің көзі жылынып, көктем туа сала құрал-сайманын сайлап, алақанын дәнге толтырып, бақшасына беттейтін Серғали мен Алмаш бұл істің ізденіс пен қажыр-қайрат керек ететінін айтады.

- Дәнді жерге сеуіп, көшетті тіккен сәттен  бастап әр күніміз ретімен атқарылатын шаруамен өтеді. Әр сәт өмірге деген қызығушылыққа, өсімдіктің өсіп-жетілудегі қызықты процестеріне толы. Түптеу, қопсыту, суару – қай-қайсы да маңызды жұмыс. Осылай, өз алақаныңмен мәпелеп, баптап өсірген еңбектің жемісін тату – бұл отбасымыздың ең тәтті жеңісі, - дейді отағасы Серғали.

a2f6d242-2eb4-40b1-9b2c-d52f7dbcfdff

Үй алдындағы аулада рет-ретімен байалды, қияр, қызанақ, қырыққабат, тәтті бұрыш, пияз сияқты көкіністер салынған. Таңсық жидектер таңқурай мен құлпынай да осы ауладан табылады. Өрік, шие, алхоры, шабдалы, алма ағаштары бар. Жіпке тізгендей самсаған жүзімді көрсеңіз! Көз тартар гүлдерің әсемдігін айтсаңшы?!

c43b3e45-0f76-48fe-ae25-fee7b195190a

-  Өз қолымызбен салған дәннен жеміс алудың ләззатын балалық шақтан бері көріп өстік. Еңбектің деген сүйіспеншілік тәрбиеден. Біреулер үшін бұл ауыр еңбек болса, мен үшін бақша – демалыс, қуаныш алаңы. Оның үстіне қазіргі уақытта бау-бақша көптеген отбасылардың асыраушысы болып отыр. Біріншіден, бұл – экологиялық таза өнімдер. Көкөністі, жемісті базардан немесе дүкеннен сатып алғанша, өз қолыңмен егіп, жемісін жегенге не жетсін?! Екіншіден, бұл отбасы қаражатын үнемдеу. Білесіз бе, жұмыс күнінен кейін мен шынымен де бау-бақшамды аралап, рахаттана аламын! Бақтағы әр талдың өз өмірі маған түрлі естелік сыйлайды. Тіпті, сүт пен қаймақты өзіміз өндіріп, немере-жиендер таза, сапалы өніммен өсіп келеді. Оған жұбайым екеуміз шүкір етеміз. Олардың дені сау, қуатты болып өсуі таза өнім мен адал еңбектің арқасында. Қолымызда барымызбен  бөлісіп, жанымыздағы адамдарға көмектесуге тырысамыз. Ұрпағымыздың еңбекке жақын, мейірімді, жанашыр болып өскендігін қалаймыз. Ол үшін оларға өзіміз үлгі болуымыз керек, - дейді отанасы Алмаш.

e0cb29a8-7107-4958-838d-f2b18680d73f

Кейде қоғам бір қарағанда қарабайыр, адами ізгі қасиеттерден ада қалғандай көрінеді. Бірақ Серғали мен Алмаштай жақсы жандарды көріп, айналаңның бір ғана түстен, қара түстен тұрмайтынын ұққандай боласың. Біз бұл екі жұпқа қарап, отбасы, отағасы, отанасы, ұрпақ деген секілді алтын тіндерді асыл бір құндылығындай қадірлей білетін жандардың жоқ емесіне қуандық. Өзара жылы қарым-қатынасына, еңбекқорлығына қарап сүйсіндік. Жастарға жақсының үлгісіндей боларлық осындай отбасылар көбейе берсе екен.

 

Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале