20.08.2021, 11:01
Оқылды: 55

Ұлттық сана-сезім серпілген шақ

Тәуелсіздіктің таңсәрі тұсында Сырым ауданын басқарған Есберген Әжібаевпен әңгіме

Сол кездегі Орал  облыстық әкімшілігінің жаңа басшысы Нәжімеден Есқалиевтің шешімімен 1992 жылғы ақпан айының басында облысымызда тұңғыш рет аудан басшысы болып тағайындалған тұлға – Есберген Әжібаев. Оның болашақ әріптестерінен ала бөтен ертерек жаңа қызметке келуіне себепші болған жәйт – дәл сол уақытта Жымпиты ауданында келеңсіз көріністер орын алып, мұндағы іс басында отырған азаматтар еңбек адамдарына тұтынушылар одағы жүйесі арқылы бөлінген «дефицит» тауарларды өздері иемденген. Әрі өз тамыр-таныстарына таратқан. Мұндай жағымсыз жәйттің соңы олардың қызметтерімен қоштасуына әкеліп соқтырған. Сөйтіп, өңір белгілі бір уақыт аралығында басшысыз қалып қойыпты. Осындай қым-қуыт оқиғадан кейін аудан тізгінін ұстаған Е.Әжібаевпен әңгімеміз төмендегіше өрбіді.

 Есберген Ажибаев11

– Есберген Әжібайұлы, Жымпиты ауданына өте бір қиын, күрделі сыни кезеңде келген екенсіз, бұған байланысты не дер едіңіз?

– Осының алдында Шыңғырлау аупарткомның бірінші хатшысы әрі аудандық кеңестің төрағасы қызметін атқарып жүрген едім. Біреуді біреу түсініп болмайтын аласапыран кез еді. Облыстың жаңадан тағайындалған басшысы Н.Есқалиев тарапынан Жымпитыға бару жөнінде ұсыныс түскенде бірден келісім беру қиынға түсті. Біраз ойландым. Нәжекең әріден ойлай білетін терең психолог адам ғой.

«Жағдайыңды түсініп отырмын, Есберген. Тарихы терең, өз даму дәстүрі қалыптасқан ауданды, оның тұрғындарын ыңғайсыз жағдайға қалдырмайық. Ондағы орын алған жағдайларды ретке келтіру және тәуелсіздік талаптарына сәйкес жаңаша еңбек қатынастарын орнықтыру қолыңнан келеді деп өзіңе сенім артып отырмын» - деді ол. Сөз осымен бітті. Жымпитыға аттанып, әкімшілік ғимаратына келсем,  жұмыс кабинеттерін мөр басып жауып,  кілттеп қойыпты.

– Жаңа лауазымдық қызметіңізде істі неден бастауға тура келгені есіңізде ме?

– Әрине, есімде. Дәл сол сәтте мен басшылық құрамда жалғыз едім. Жалғыз адам не бітіре алады, қолынан не келеді? Осындай ойдың жетегінде ең алдымен істі тиісті кадрлар корпусын жасақтаудан бастауды жөн көрдім. Осы ретпен орынбасарымды, өзге де әкімшілік бөлімдерінің жетекшілерін тағайындадым. Содан соң аудан шаруашылықтарының жай-күйімен танысуға тура келді. Ол кезде ел-жұртты алаңдатқан мәселе өте көп еді. Ал оның бәріне нақты жауаптар қайтару да оңайға түсе қоймайтын. Айталық ауыл азаматтарына пай беру мен үйлестіру ісінде де түсінбестіктер мол ұшырасты. Тіпті ағайын адамдардың өздері бөлінген пайды бөлісе алмай, қырық пышақ күйге түсіп жатты. Оны ретке келтіру үшін белгілі бір уақыт қажет болды.

Жаңа қоғамдық жүйе жағдайында еңбек қатынастары мен жекешелендіру жүйесі қандай негіз бен тұтқаларға арқа сүйеуге тиіс? Бұл салмақты сауалдың да басы ашық тұрды. Өйткені бұған дейінгі кеңестік заңдық нормативтер мен актілерді тәуелсіз ел жағдайында бұдан әрі қолданысқа кіргізудің ешқандай қисыны жоқ еді. Ал бұл кезде жас мемлекеттің шаруашылық жүргізу жөніндегі заңдары әлі шығып үлгермей жатты. Әйтеуір тек сол кезде қолымызға тиген Қазақ КСР-ның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың елдің егемендігі мен шаруашылықты өз бетінше жүргізу еркіне негіз қалайтын Жарлығын ғана қанағат тұтуға тура келді.

Тоқсаныншы жылдардың алғашқы кезеңінде ауыл тұрғындарының тұрмыстық деңгейі төмендей бастады. Тіпті күйзеліс пен толқу көріністері де қылан берді. Осындай сыни сәтте сол тұстағы шаруашылық басшылары Виктор Шубин, Аманкелді Кәрімов, Мұрат Шоланбаев, Жеңіс Қажиақпаров, Серік Есенкөбеков, сондай-ақ Төлеген Әбілхайыров, Мүтәлі Төреғалиев, Кейпін Төлегенов, Найман Хайыровтар орын алып отырған уақытша қиындықтарға түсіністікпен қарап, шаруашылық аумағындағы тұрғындарға қажетті моральдық және материалдық қолдау көрсете білді.

– Ес-аға, Жайықтың тарихы – азаттық пен еркіндік және егемендік пен тәуелсіздік жолындағы қиыр-шиыр күрестің тарихы емес пе? Бұған осы өңірде ғасырлар бойы толқын-толқын көтеріліп отырған қуатты көтерілістер дәлел. Оның ішінде отаршылдарға қарсы күресте қол бастаған көсем Сырым Датұлы бастаған ұзақ жылға созылған ұлт-азаттық көтерілісінің орны бөлек. 1992 жылдың күзінде Сырым Датұлының 250 жылдығы облысымызда кеңінен аталып өтті. Оған сол кездегі республика Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Серікболсын Әбділдин, Премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков және Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырзалиев секілді сөз зергерлерінің арнайы келуі де той мәртебесін асқақтата түскені анық. Дәл осы тұста бұрын Жымпиты деп аталып келген ауданға 1992  жылдың 24 қыркүйегі  күні  Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Сырым Датұлының есімі берілді. Бұл шақ кеңестік саясаттың салдарынан бұйығыланып басылып қалған ұлттық-сана сезімнің серпілуіне серпінді әсерін тигізгені кәміл. Бұған не дейсіз?

– Өзіңіз айтқандай, ұзақ жыл бойы тоталитарлық режімнің қыспағында болып келген халқымыздың рухы ғұмырын тәуелсіздік жолындағы күреске арнаған ірі тарихи тұлға тойы кезінде әжептәуір биіктеп қалғаны рас. Осы 1992 жылдың күзінде бізде Сырымды көршілес Ақтөбе облысында Есет батырды еске алу рәсімдері тұрғындардың ерік-жігерін қайрақша жанып-жанып жібергендей өршіл көңіл күйді орнықтырды. Бұл екеуі де жас егемен елімізде тұңғыш рет ұлт көсемдері мен батырларды ұлықтаған тағылымды іс-шара болуымен ерекшеленді. Ал бұрынғы Жымпиты ауданының республика Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша Сырым ауданы деп өзгертілуі жөніндегі мәселеге келсек,  мұны да тәуелсіздіктің тигізген шапағаты  деп түсінгеніміз жөн.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауылдарымыз бен қалаларымыз қараңғылық құшағына кірген кезі есіңізде ме? Электр жарығы бір жанады, бір кезде жалп етіп қайта сөнеді. Бір сөзбен айтқанда, жануынан сөнуі көп мұндай көріністер өзіңіз басқарған Сырым ауданында да орын алғанына журналистік іссапар кезінде талай рет куә болып едім.

– Бұл айтуыңның бәрі де дұрыс. Бәрі де сол кездің шындығы. Кісідегінің кілті аспанда дегендей, біз бұл кезеңде көршілес Ресейге энергетикалық тұрғыдан кіріптар едік. Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесі құрылып үлгермей жатты. Осы олқылықтарды ресейліктер өз мүдделері үшін шебер пайдалана білді. Екіншіден, пайдаланылған электр қуатына еліміздің төлейтін төлемақы қаражаттары да жетіспеді. Қараңғылық құшағында қалуымыздың бір сыры осында. Ал бүгінгі егемен еліміздің  толық энергетикалық дербестікке қол жеткізгені тәуелсіздік жылдарындағы үлкен жетістіктің бірі болып табылады.

– 1998 жылдың тамыз айында облысымызға ресми сапармен келген сол кездегі Үкімет басшысы Нұрлан Балғымбаев шалғайдағы Қаратөбе ауданына қарай бағыт ұстағанына куә болғаным бар. Үкіметтік кортежді Сырым ауданы орталығының іргесінен ағатын Өлеңті өзені тұсындағы көпір маңында бір топ әйелдер мен аналар ақ орамал лақтырып тоқтатты. Халықтық салт-дәстүрлер мен жоралғыны жақсы білетін елдің Премьер-министрі көлігінен түсіп, олардың қасына келіп, жылы шыраймен амандасты да содан соң: «Жәй тұрсыздар ма? Әлде Үкімет басшысы ретінде маған айтатын ұсыныс-тілектеріңіз бар ма?» деген сауал қойды. Оның қасында сол кездегі облыс әкімі Қабиболла Жақыпов бар еді. Сол сәтте Үкімет басшысын күтіп тұрғандар жан-жақтан жамырап сөйлей бастады. Осы кезде Нұрлан Өтепұлы: «Бұлай келіспейді. Мұнда Мәдениет үйі бар ма? Егер болса, әңгімені сонда барып жалғастырайық» деп ұсыныс тастады. Сөйтіп, бұдан кейінгі әңгіме Сырым ауданының орталығындағы мәдениет үйінде жалғасып еді. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

– Мен бастан-аяқ бұл оқиғаның ортасында болдым. Әйел-аналар сәті түскен кездесуде ауылда шешімін таба алмай жүрген жайттарды емес, негізінен сол жылдарда еңбекақының, жәрдемақы мен зейнетақының уақытында төленбейтіні жөнінде өткір мәселелер көтерді. Бұған байланысты, ең алдымен,  тұтастай республика бойынша жан-жақты талдаулар жасаған Үкімет басшысы бұдан кейінгі кезеңде тұрғындардың қабырғасына қара тастай батып жүрген сауалдарға байланысты тұжырымды әрі нақты жауаптар қайтарды.

Премьер-министрдің мәлімдеуінше, соңғы алты-жеті жылдың ішінде еліміз бойынша тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  алынған қарыз есебіндегі инвестициялық қаражат мөлшері біраз жинақталып қалыпты. Ал оны  толық өтеу үшін әзірге ел қоржынындағы қаражаттың көлемі тапшылық етеді. Дегенмен осыған қарамастан біз бұл үдерісті жүргізу үстіндеміз. Шетелдіктерге қарыз соманың біраз бөлігі қайтарылды да. Оның толық өтелетін күні де алыс емес. Сол кезде біз республика тұрғындарына соның ішінде мына отырған сіздерге тиісті әлеуметтік төлемдердің бәрін төлейтін боламыз, - деп түйін жасады Нұрлан Балғымбаев. Бұдан кейін көп кешікпей бұл мәселе елімізде толықтай шешімін тапқаны Үкімет басшысы тұжырымының ақиқатпен ұштаса білгенін көрсетеді.

– Сырым ауданының бүгінгі жай-күйі мен әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі көңіліңізден шыға ма? Сіздің ойыңызша, аудан еңбеккерлері егемендікті еңселендіріп, тәуелсіздікті тұғырландыра түсуге өз үлестерін қоса алды ма?

– Мәселе мүмкіндікте және ұмтылыстың молдығы мен кеңдігінде емес пе? Бұл тұрғыда тәуелсіздіктің таң сәрі тұсы мен қазіргі кездің арасында жер мен көктей айырмашылықтары бар. Соңғы жылдары қалыптасқан оң факторлар барлық жердегідей Сырым ауданында да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсуіне жол ашып отыр. Мен Сырым елінің әлеуеті мол, алар асуы биік бола береді деген сенімдемін.

– Ес-аға, тәуелсіздіктің тарихы мен шежіресіне қатысты шын жүректен ашылып айтқан әңгімеңіз үшін сізге көп рақмет.

 

Темір Құсайын,

«Құрмет» орденінің, ҚР Парламенті сыйлығының иегері,

облыстық «Орал өңірі» газетінің «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл»

арнайы бетінің қоғамдық редакторы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале