20.08.2021, 11:37
Оқылды: 48

«Ақ бидайдан» олжалы оралды

Дәстүрге айналған сайыстардың бірі «Ақ бидай» облыстық ауыл спорты ойындары биыл жетінші мәрте өткізіліп отыр. Оның өзіндік ерекшелігі де бар. Атап айтсақ, бірнеше спорт түрінен құралған «Ақ бидай» жарысы Жәнібек, Казталов, Сырым, Қаратөбе, Бәйтерек, Теректі аудандары мен Орал қаласында ұйымдастырылды.

 «ақ бидайдан» олжалы оралды (2)

Жарты айға созылған аталмыш сайыстан тасқалалық спортшылар да қанжығасын майлап қайтты. Атап айтар болсақ, Жәнібек ауданында өткен аламан бәйге, топ бәйгелерге Тасқала ауданынан жаратылып барған сәйгүліктер жүлдеден құр қалған жоқ. Нақтырақ айтсақ, топ бәйгеге қатысқан Бауыржан Мәмбетовтың Топжарған атты тұлпары мәре сызығын екінші болып кесті. Құнан бәйгеден Мербол Меңдіхановтың Еркеқыз атты сәйгүлігі бірінші келіп, тасқалалықтардың мерейін үстем етті. Орал қаласында өткен қол күресінен 90 келі салмақ дәрежесінде Алғадай Жамбыл үшінші орыннан көрінсе, 100 келі салмақ дәрежесінде Бержан Ахметқалиев екінші орынды иеленді. Көпсайыстан Кәмшат Искатова чемпион атанса, Рустам Ерболатов үшінші орыннан көрінді.

«ақ бидайдан» олжалы оралды (1)

Білегі мен ептілігіне сенген балуандар Казталов өңіріне жиналды. Ондағы боз кілемнің шаңын қаққан кіл мықтылардың арасында тасқалалық балуандар да бар еді. 100 келіден жоғары салмақта жеңімпаз атанған Талғат Әжғалиев жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінсе, 90 келі салмақта Нұрлан Тасқалиев жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлап қайтты. Жеңіске жеткен жерлестеріміздің жетістігі біз үшін үлкен мәртебе. Төрт жылда бір жалауын көтеретін «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының маңызы зор. Әр спорт түрінен қатысқан 58 спортшы ауданымыздың намысын қорғады. Сондай-ақ жуырда өткен спорт күніне орай облыс әкімі Ғали Есқалиевтің алғыс хатымен жерлесіміз, күрестен жаттықтырушы Ринат Қаздаев марапатталды.

 

Әсет Баян,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале