23.08.2021, 11:49
Оқылды: 17

Ауласын гүл бағына айналдырған кейуана

Теректі ауданында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Үздік аула» байқауы жарияланған болатын. Аудан әкімдігі  ұйымдастырған бұл  шараға  қатысу үшін үй иесі өз ауласы туралы материалдарды аудандық ішкі саясат бөлімінің [email protected] электрондық поштасына жолдауы керек.

IMG-20210823-WA0029

Ауданда жүріп жатқан байқауға округтерден белсенді атсалысып жатқан үміткерлердің саны артып келеді. Келесі біздің кейіпкеріміз – 88 жастағы Хайруллина Файза атты Төңкеріс ауылының тұрғыны. Ол Ресейдің Горький облысында колхозшының отбасында дүниеге келген. Отбасында 5 бала болып тәрбиеленіп, өзі 4 баланың аяулы анасы болып отыр. Файза әжеміз өмірде көп қиыншылық көргеніне қарамастан өте тың, еңбекқор, шаруаға бейім, белсенді жан екен. Жас күнінен жұмысты талғамаған әжеміз, қазірдің өзінде жанына жақын іспен айналысып, бос отырмаудың амалын жасауда.

IMG-20210823-WA0024
Иә, әжеміздің еңбекқор жан екендігін аулаға кіре салысымен үй маңындағы жайқалған гүлдерден байқадық. Құдды бір таңғажайып әлемге енгендей күй кештік. Гүлдерге қарап көз қуанып, ерекше сезімге бөлендік. Аула өте жинақы. Гүлдері көз тартарлық әдемі.
Файза әженің хоббиі гүл өсіру екенін естігенде алғашында біз де таң қалдық. Себебі осы жасқа келіп, гүл баптап, оған ерекше қамқорлықпен қараудың өзі үлкен бір еңбек пен жауапкершілік, шыдамды қажет етеді ғой.

IMG-20210823-WA0028

Файза әже жолдасынан айырылып, балаларын өзі өсірген қайсар әйел, қажырлы ана. Тағдырдың тауқыметіне мойымай, өз күшімен тірлік кешіп отырған мықты әйел. Осындай егде тартқан жасында жұмақтай жасыл ауланы өз қолымен жасады. Тіпті, гүлдің алуан түрін көріп, есте сақтау мүмкін болмады. Әжеміз осы жасқа келіп тек гүл өсіруді жанына ермек қылмады. Одан қалды балапан ұстап, көкөніс өсіруге әбден машықтанған.

– Ауласының әсем болғанын кім қаламайды. Бірақ бұған еңбектің арқасында қол жеткіземіз.  Гүл аса қамқорлықты қажет ететіндіктен, әрқайсысына мұқият көңіл бөлемін. Бақшамда күнделікті көкөністерім де бар. Өз қолыңмен егіп, оның жемісін көру бөлек нәрсе ғой. Өсірген гүлдерімді немесе көкөністерімді сатып, пайда табайын деген ойым жоқ. Бұл менің жеке қызығушылығымның нәтижесі. Денсаулық та, әрине, бірінші орында. Алайда, жұмыс жасап үйреніп қалған адамға ұзақты күн теледидар алдында бос жату қиын. Бақша мен гүлді жаныма серік етіп, өзімді осы шаруамен алдаймын. Әрі күнделікті жаттығу десем болады. Қазіргі таңда қоғамда індет жүріп жатқанда жауапкершілікті сезініп, COVID-ке қарсы екпе алдым, – дейді кейіпкеріміз Файза әже.
Файза әжейдің машақаты көп болса да, гүл өсірудің әдісін меңгеріп, хоббиіне айналдырып, өзі тұрып жатқан ауласын гүлзар баққа айналдырып отыруы, ауласы ақ сорға айналған кейбір ер азаматтарға үлгі десек артық айтқандық емес.
«Гүл табиғат – ананың сыйы» деп бекер айтылмаса керек. Көздің жауын алып, сәндік көрініс беріп қоймай, жұпар иісімен көтеріңкі көңіл күй сыйлап, кей дерттерге шипа болатын гүлдің ішкі әлемі осындай. Бәлкім, Файза әжені шымыр, тың, жас етіп көрсетіп жүрген ауласындағы әсем гүлдері мен жайқалған бақшасы шығар.

 

Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале