27.08.2021, 11:57
Оқылды: 139

«Білім мен ғылым – тұрақты дамудың кепілі»

25 тамыз күні «Қоғамдық келісім» КММ-ның мәжіліс залында Жайық өңірі білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. «Білім мен ғылым  – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбында ұйымдастырылған жиынға облыс әкімі Ғали Есқалиев, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Назарбаев Зияткерлік мектептер дербес білім беру ұйымы, «Bilim Media Group» компаниясы өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, білім саласы ардагерлері, кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері және қала мен аудан мектептерінің ұстаздары қатысты. Елдегі эпидахуалға байланысты негізгі талаптарды сақтай отырып өткізілген бұл жолғы кеңес «Aqjaiyq» телеарнасынан тікелей эфир арқылы көрсетілсе, білім басқармасының фейсбук парақшасына да (facebook.com\bqobilim) жүктелді.   

ттт

Тамыз кеңесі. Бұл – аты айтып тұрғандай, өткен оқу жылындағы жемісті жетістіктер мен орын алған олқылықтарды саралап, алдағы күндерге бағыт-бағдарды нақтылау. Алғашқы кезекте өңір басшысына ғимарат фойесіне қойылған бейнеэкран арқылы жаңа интернет платформасы және облысымыздағы шағын мектептердің интерактивтік карталары таныстырылды. Ендігі жерде кез келген білім ошағының материалдық базасынан бастап, өзге де қажетті мәліметтерді осы жерден табуға болады. Одан әрі облыс әкімі Ғали Есқалиев сөз алып, саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен әлі түйіні тарқатылмаған түйткілді мәселелерді бүкпесіз алға тартты.

– Биылғы тамыз кеңесі еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы кезеңде қол жеткен жетістік те, кеткен кемшілік те жоқ емес. Тарих үшін қас-қағым сәт саналатын бұл аралықта өңірімізде 68 мектеп пен мектепке дейінгі 20 мекеме ғимараты бой көтерді. Әрі осынау мерзім ішінде Қазақстанның білім жүйесі біркелкі қалыптасып, тәуелсіздік рухындағы саналы, білімді, өзгерістерге икемді ұрпақ өсіп-жетіліп, еліміздің одан әрі өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Сапалы білім ғана өркендеген мемлекеттің, қуатты экономиканың кепілі бола алатыны және айқын. Жасыратыны жоқ, әлі күнге облысымызда үш ауысымда оқитын 5 мектептің болуы білім жүйесіндегі қиындықтардың толық шешімін таппағанын көрсетеді. Қазіргі күні бюджет қаражаты есебінен өңірімізде 8 білім ошағының құрылысы жүріп жатыр, бірақ мұнымен барлық мәселе шешілмесі хақ. Сондықтан бұл іске қаражаты да, қарымы да жететін жергілікті азаматтарды тарта білуіміз қажет десек, бүгінгі күні сондай екі мектеп салуға жер телімі берілді. Ал енді облысымызда жеке балабақшалар ашу бағытында оңды істеріміз баршылық, олардың саны жыл сайын 15-ке артып отыр. Аталмыш істі өрістете түсу жергілікті әкімдердің негізгі міндеттерінің біріне айналуы тиіс, – дей келе Ғали Нәжімеденұлы балалар қауіпсіздігі тиісті құрылымдардың басты назарында болуы керектігін айтты.

– Қазір облысымыздағы білім беру ұйымдары 100% бейнебақылау камераларымен қамтылды. Келешекте Орал мен Ақсай қалаларында орналасқан 58 мектепке арнаулы күзет енгізу жоспарымызда болса, осындай 97 білім ұясын орталықтандырылған жедел басқару жүйесіне қоспақ ниеттеміз. Бәрі де  жеткіншектеріміздің алаңсыз тәлім-тәрбие алуларына жағдай жасау ғой. Осы ретте, облыс әкімдігі мен Fizmat-Academy республикалық физика-математика  мектебі арасында  облысымыздан оның филиалын ашу туралы меморандумға қол қойылғанын айта кеткенім артық болмас. Бұл –  оқушыларымыздың білім сапасы мен мұғалімдеріміздің оқыту әдістемесін арттыруға оң әсерін тигізеді деген үміттеміз.

Сондай-ақ өңір басшысы Ғ.Есқалиев «Ел Үміті» бастамасы аясында ауылдық жерлердегі ұл-қыздарға арналған «Мың бала» Ұлттық  зияткерлік олимпиадасы мен «Білім-инновация» сияқты дарынды балаларға арналған жетекші білім беру ұйымдарының  жұмысына тоқталып, талантты шәкірттердің талабын ұштаудағы еңбектерін жоғары бағалады. Расында, мемлекеттік грант иегерлерінің денін солар құрайды екен. «Жас маман» жобасының пайдасы да әкім назарынан тыс қалған жоқ. Соңғы жылдары сапалы кадрлар даярлау үшін негізгі колледждердің материалдық-техникалық базалары жаңартылып, заманауи техникалармен қамтылған көрінеді. Десек те, сұранысқа ие бесаспап мамандардың әлі де жетіспей отырғандығы аталған бағыттағы жұмыстардың жеткіліксіздігіне дәлел болса керек. Облыс басшысы тиісті құрылымдар мұндай кемшілікке кеңшілік жасамай,  нақты іс-шаралар белгілеу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар колледждерді сенімгерлік басқаруға беру ісі жалғаса беретіндігін, бұл білім сапасы мен бюджет қаржысына түсетін салмақты азайтатындығын тілге тиек етті. Әкім сөзінен жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттерін жатақханамен толыққанды қамту да өзекті мәселелердің бірі екенін аңғардық. Былтыр Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі студенттері үшін жеке инвестор («Хайрекешова А» ЖК) көмегімен 144 орындық жатақхана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, биыл 686 орындық 3 жатақхананың құрылысы мен қайта жабдықтау жұмыстары қолға алыныпты.

– Қазіргі таңда мектеп жанындағы асханаларды жаңарту да кезек күттірмейтін міндеттердің бірі. Шәкірттеріміз уақтылы ыстық тамақпен қамтылуы керек. Ең бастысы, бұл жерде де бюджет қаражатының шығынын азайтып, тамақтандыруды мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке беру жұмыстарын ширатқан дұрыс. Осы жылы Орал қаласы мектептерін, келесі кезекте Ақсай қаласындағы білім ошақтарын осыған көшіріп, инвесторлар арқылы асханаларды жаңғыртуға 261 млн теңге тарту көзделуде.

Иә, мектеп әкімшілігі – басты тұлға. Ендігі жерде олардың іскерлігі мен басқару қызметіндегі жаңашылдығына айрықша назар аударылмақ. О бастан қалыптасқан бұлжымас қағиданың бірі – ұстаз шәкіртіне талмас қанат сыйлап қана қоймай, өзінің жеке басымен де үлгі болуға міндетті. Қазіргінің шәкірті бұрынғыдай емес, заманауи инновациялық ақпарат алу құрылғылары мен интернетті жетік меңгерген. Сондықтан әр ұстаз өзінің күнделікті қызметінде оқушыны таптаурын болған сүрлеуге емес, жаңа жолға бағыттап, қызғылықты тақырыптармен баурай білмесе, «Ұстаз» деген ұлы атқа кір келтіріп алуы ғажап емес.

Тағы бір айта кетер нәрсе, қазақы түсінікте қастерлі атауға айналған «Әліппенің» оралуы ұлттық рухымызды қайта жаңғыртқандай. Олай болса,  қолына «Әліппе» ұстаған кішкентай бүлдіршіндерімізден бастап барлық ұл-қыздарымызға оқуда жеңіс, ал бала жанының бағбаны атанған мұғалімдерімізге шығармашылық табыс тілеуге рұқсат етіңіздер, – деп сөзін түйіндеді Ғали Нәжімеденұлы.

Одан кейін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев, Назарбаев Зияткерлік мектептер дербес білім беру ұйымы басқарма төрайымының орынбасары Светлана Еспосынова, «Bilim Media Group» компаниясының өнімдерді дамыту мен зерттеу бойынша директоры Әлібек Қиысбай, облыстық экологиялық-биологиялық орталық директоры Фатима Кержиковалар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, ұтымды ұсыныстарын да ортаға тастады. Орал қаласындағы №42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас маман Дәулет Максимов болса, болашақ кілті  жастардың қолында екендігін, бар білім-білігін егемен елінің жарқын болашағы үшін жұмсайтындығын тебірене жеткізді.

Тамыз кеңесі барысында өткен оқу жылында үздік нәтиже көрсеткен бір топ ұстаздар мен мектеп-балабақша ұжымдары марапатталды. Атап айтқанда, қаладағы №35 мектеп-лицейдің химия пәні мұғалімі Зинаида Сухина «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленсе, облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты (директоры Нұрбөбек Кереева) «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының жеңімпазы атанып, арнайы диплом мен сертификатқа (34,0 млн) қол жеткізді. Сондай-ақ Ақсай қаласындағы №3 «Гүлдер» бөбекжайының тәрбиешісі Үміт Елжанова, Орал қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пә-ні мұғалімі Эльмира Бисенғалиева, облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының роботтық техника үйірмесінің жетекшісі Марс Мақсот және Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің ағылшын тілі пәні оқытушысы Құралай Ысқақова өз қызмет салалары бойынша «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары атанып, олардың әрқайсысына диплом мен 875 100 теңгенің сертификаты ұсынылды. Бұл жолы Ы.Алтынсарин төсбелгісімен Серікқали Молдағалиев (Казталов), Эльвира Жамашева (Бөкей ордасы), Серік Қазиханов (С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернат) және Сәния Жүсіпова (облыстық есту  қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат) марапатталса, Венера Бақитова (Тасқала), Вадим Болдырев (қалалық №28 мектеп-лицей), Толқын Қуаншалиева (Қаратөбе) және Айкерім Мұсағалиева (Теректі) өңірлеріне «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін тақты.

Бауыржан Бисенов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале