27.08.2021, 22:55
Оқылды: 189

«Мектепке жол» – жақсылық жасауға мүмкіндік

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында елімізде 10 жылдан астам уақыттан бері «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып келеді. Жылына бір рет 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтетін акция биыл да өз жалғасын табуда. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен «Мектепке жол» акциясына жаңашылдық енгізілген болатын. Яғни бұл акция оқу жылы қарсаңында тек екі ай ғана емес, жыл бойы іске асады. Жаңақала ауданында да «жерлестерім» деп, ет-жүрегі елжіреп тұратын, жомарт һәм мәрт кәсіпкерлер аталмыш акциядан қалыс қалып жатқан жоқ. Жыл сайын дәстүрлі түрде «Мектепке бару қанша тұрады?» деген бағытта мақала жазатынбыз. Бұл жолы жасалынып жатқан жақсылықтарды, беріліп жатқан көмектерді көрсету мақсатында «Мектепке жол» акциясын қаузадық.

 «Мектепке жол» – жақсылық жасауға мүмкіндік (2)

«Кәсіпкерлер көмектесуге қашанда әзір»

Аудандық білім беру бөлімінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, биыл мұқтаж балаларға 519 мың 500 теңге мөлшерінде көмек көрсетілген. Оның 359 мың теңгесі мектеп формасын алуға жұмсалса, 160 мың 500 теңге оқу құралдарына жаратылған. Қаржының барлығын жергілікті кәсіпкерлер, мұғалімдер, жомарт жандар берген.

- Биылғы қайырымдылық акцияға байланысты 32 мекемеге ұсыныс түсіріп, қатынас қағаз жібердік. 60 бала оқу-құралдарымен, мектеп формасымен қамтамасыз етілмек. Біздер жеке кәсіпкерлерге айтып, көмек сұраймыз. Ешқайсысы кері қайтарған емес. Кәсіпкерлер көмектесуге қашанда әзір деп ауыз толтырып айтуға болады. Ауданымыздың кәсіпкерлеріне ризамыз. Бұл акцияның берері мол деп ойлаймыз, - дейді Жаңақала ауылдық округінің әкімі Абзал Ахметов.

Көпке үлгі Арайлым

Осындай игі істердің ұйытқысы жеке кәсіпкерлер екені айтпаса да анық. Сондай жомарт жандардың бірі – аудандағы «Айша» балалар киімі дүкенінің иесі Арайлым Сариева. Ол ауданымыздағы өтетін қайырымдылық шараларына үнемі қатысып, сөзге келместен әрдайым көмек қолын созуды дағдыға айналдырған.

- Оқу жылы жақындап қалғасын, кейбір ата-аналар қаражат жағынан қиналып қалатыны рас. Өз тарапымнан осы акцияға үлесім болсын деп, аудан орталығынан аз қамтылған отбасының 1 ұл, 1 қыз баласына мектеп формасын және спорттық үлгідегі киімдерді алып бердім. Өзім туып-өскен Көпжасар ауылының да 2 оқушысына дәл осындай көмек көрсеттім. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы ұстанып жүріп, осылай кішкентай бүлдіршіндерге азын-аулақ қолұшымды созып жатырмын. Олардың қуанған жүзін көргенде өз-өзіме риза боламын. Кішкене болсын бал-бұл жайнап, қуануына себепкер болып, енді ғана мектеп табалдырығын аттап жатқан кезде қуанышпен баруларына көмектесіп, қолұшын созсақ, бізден бақытты адам болмас еді. Қолдан келсе, жақсылық жасағанға не жетсін, - дейді кәсіпкер.

Қырқопалықтар жарап тұр

Сонымен қатар С.Меңдешев ауылдық округінің көмек қолын созуға дайын тұратын тұрғындары да бұл акция барысында жақсылық жасады.

- Карманов «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешені бойынша аудандық білім беру бөлімінің  28.07.2021 жылғы №636 санды қатынас хаты негізінде 2021-2022 оқу жылы ұйымдастыруда көмекке мұқтаж балаларды барынша қамту мақсатында және тұрақты негізде дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы өткізілуде. Биыл да Карманов «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешені бойынша акцияны өткізу жөнінде іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілді. Өркениетке бет бұрған қазіргі кезеңде дамитын ел дарынды ұландарынан көп үміт күтеді. Балалардың мерейін өсіріп, ертеңгі күнге берік сенімін қалыптастыруда олардың алаңсыз білім алуына толық мүмкіндік жасау маңызды. Бұл акцияның мақсаттары мен міндеттері туралы халықты ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп, ауылымыздың көпшілік  жерлеріне үндеу хаттар ілініп, шаруа қожалықтары  мен мекеме ұйымдарға және жеке кәсіпкерлер мен ауылымыздың белсенді азаматтарына үндеу хаттар жіберілді. Осы акцияға қатысу туралы үндеу шығарылды. Жаны жомарт, жүрегі нұрға толы ауыл азаматтары, меценаттармен әріптестік қарым-қатынас орнатылды. Мүмкіндігінше көмек беріп, түсіністікпен қараған әр түрлі мекеме қызметкерлері, шаруа қожалық басшылары, жеке кәсіпкерлер, жеке адамдар оқу-құралдарынан, киім-кешектерден демеушілік көмектер көрсетіп, белсенділік таныта білуде. Әсіресе жас кәсіпкер мектеп түлегі Назерке Серікова өз отбасы атынан жалпы құны 120 мың теңге болатын мектеп формасы мен оқу құралдарынан  демеушілік  көмектерін көрсетті. «Мектепке жол» акциясы барысында акцияға қатысып көмек көрсеткен барша демеушілерге үлкен алғысымызды білдіреміз. Бұндай игі істер осымен жыл бойы жүргізіліп, қайырымдылық көмектер бұдан әрі жандана түседі деген ойдамыз, - дейді Карманов «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешенінің әлеуметтік педагогі Артур Сатыбайұлы.

«Баланы мектепке дайындау оңай емес»

Аудандағы бағасы қолжетімді әрі көпшілік жиі баратын базарға барып, бір баланы мектепке дайындау қанша теңге тұратынын анықтау үшін журналистік зерттеу жүргізіп, нарқын бағамдадық. Нәтижесінде қыз баланың керек-жарағы 40 мың теңге көлемінде болса, ұл балаға одан 5-10 мың теңгеге қымбат болып шықты. Оған мектеп формасы, спорттық киім, мектепке, дене шынықтыруға арналған аяқ киімдері және ең қажетті оқу құралдарына жұмсалатын қаржы есептелді. Біз ең төменгі бағадағы қажетті заттарды қарап шықтық. Аталған заттардың сапалы түрінен алам десеңіз, әрине қалтаңыз қалыңдау болуы тиіс. Сапалы киім-кешектер мен оқу-құралдарды барлығы қалайды-ау, алайда мұндай бағаларды кез келген отбасының жағдайы көтермесі анық. Сондықтан жыл сайынғы өтетін «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға материалдық көмек көрсетеді.

- Менің төрт балам бар. Көпжасар ауылында тұрамыз. Осы қайырымдылық акцияның арқасында екі балама қажетті заттарды толық ала алдым. Көп көмек болды. Әйтпесе, балаларды мектепке дайындау да оңай емес, машақаты мол. Өз дүкенінен оқуға қажетті киімдермен толықтай қамтамасыз етіп, қол ұшын созған кәсіпкер А.Сариеваға үлкен алғысымды білдіремін. Ісіне сәттілік, табыс тілеймін. Әрдайым жұмыстары өрге басып, әр күні қуанышқа бөлесін, - деді Көпжасар ауылының тұрғыны Күміс Есенғалиева.

Бұл акцияға ата-аналар мен балалар дән риза. Олар осы қайырымдылық шараға мұрындық болған ата-аналар, мұғалімдер жеке кәсіпкерлер мен кең пейілді, мәрт жүректі жандарға алғыстарын білдірді.

Түйін:

Қалай десек те, баланы мектепке дайындау – ата-ананың борышы. Соңғы қаражатын жұмсаса да, әр ата-ана баласының көңілін табуға тырысады. Алаңсыз ойын баласы мектепке барар сәтте ешкімнен кем болмай, білім нәріне қаныққаны қоғам үшін де пайдалы. Аталмыш акция көптеген отбасыға зор көмегін тигізді десек шындықтың ауылынан алыстамаймыз. «Қайырымдылық – адамгершіліктің белгісі» демекші, акция барысында қолұшын созып, болашақ ұрпаққа қамқорлық танытқан жандардың көптігі қуантады. Ендеше, күз айының алғашқы күнінен басталатын оқу жылына сақадай сай болуға қам жасаған мектеп оқушыларына сәттілік тілейміз. Алғашқы қоңырауда көздерінде қуаныштың белгісі бар оқушыларды көргіміз келеді және солай болғай!

 

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале