7.09.2021, 15:35
Оқылды: 66

Үйірмелер берер үлгі мол

Кеше «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда негізінен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу, осы бағыттағы жанды жұмыстар мен орын алып отырған кемшіліктер, жалпы аула клубтарының мән-маңызы жайында келелі әңгіме қозғалды.

4b704d1c-df61-44c9-9431-68b2a610b850

Өз кезегінде жиынды ашқан аталмыш қоғамдық кеңестің төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Ляна Тұрсынова пандемия жағдайында бірқатар жиын онлайн түрде өтіп келгенін, бұл жолы дәстүрлі форматта басқосуға мүмкіндік туып отырғандығын жеткізді. Әрі ол жетекші партиямыздың сайлауалды бағдарламасынан туындайтын мәселелердің өзектілігін тілге тиек ете келіп, оқушыларға тегін қосымша білім беру қызметінде қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігіне тоқталды.

Осыған орай облыстық білім басқармасы мен күн тәртібіне қатысты сала өкілдерінің хабарламалары тыңдалды.

Сонымен бірге қаладағы бірқатар аула клубтарының жұмыстарына жасалған тексеру қорытындысы таныстырылды.

Жалпы, қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша, мектептен тыс тәрбие жұмыстары әр жерде әрқалай ұйымдастырылуда. Өз ісіне адал берілген, жас жеткіншектер алдындағы міндетін терең түсінген жандар жиналған тәрбие ошақтары жазғы демалыс кезінде де түрлі шаралардың өтуіне мұрындық болған. Ала жаздай есіктеріндегі қара құлыптары ашылмаған мектептер де кездескен көрінеді.

Осы ретте қаладағы Оқушылар сарайының директоры Шолпан Сисенова бәрі де балалардың қызығушылығын тудырудан басталатындығын, өздері қызмет істей бастаған бес жылдай уақыт ішінде 2645 ұл-қыз түрлі үйірмелер мен секцияларға тартылғандығын әңгімеледі. Мұнда қала маңындағы ауылдардан келіп, өз қабілет-қарымдарын ұштап жүргендер де бар екен.

Директор сөз арасында талантты тәбиеленушілерге қай кезде де есіктерін айқара ашып, олардың санын 4000-ға дейін жеткізу жоспары барын да жасырмады. Бұл жерде тереңдетіліп оқытылатын пән (химия, биология, математика,т.б.) үйірмелерінен бастап, ән мен күй һәм би үйреніп, бокс, самбо сияқты спорт түрлерімен де айналысуға болатынын аңғардық.

Сондай-ақ, кеңеске қатысушылар жасөспірімдердің бос уақыттарын барынша тиімді өткізуге атсалысу және оған қолдау білдіру – түрлі келеңсіз әрекеттердің алдын алып, қылмыс санын азайтуға да оң ықпалын тигізетінін  сөз етті. Әрі болашақта сондай мектептен тыс тәрбие орындарына оқушыларды тегін таситын аутокөліктер шығарылса деген ойларын ортаға салды.

Халық қалаулысы Ляна Тұрсынова айтылған жайлардың қай-қайсысы да назарға алынатындығын және оның шешілу жолдарын қарастыру үшін тиісті құрылымдар алдына мәселе қойылатындығын, сол бағытта өзінің де жұмыстанатындығын айтты.

 

Бақытжан ОРДАБАЕВ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале