9.09.2021, 14:18
Оқылды: 83

Жұбатовтар жанұясы – Ақжайықтың төрінде

Отбасы күні қарсаңында Ақжайық мәдениет үйінде аудандық балалар шығармашылық үйі мен «Әйел. Қоғам. Болашақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Өнермен өрілген өмір» атты мәдени шара өтті.

IMG-20210909-WA0013

Рухани кештің қонақтары облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері, көркемсөз оқу шебері Мәулет Жұбатов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, талантты актриса Нұрлыгүл Жұбатова және Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актері, «Өнер саласының үздігі» Жылқыбай Жұбатов.

Кештің бірінші бөлімі сахна төрінен орын алған танымал өнер династиясының өмір мен өнер жолынан хабар беретін сыр сұхбатқа арналды. Көрермен Жалпақтал өңірінде дүниеге келген Жұбатовтардың балғын балалық шағы, өскен ортасы, отбасы тарихы туралы кейіпкерлердің өз аузынан тыңдады. Бұдан кейін әңгіме өрісі кейіпкерлердің әрқайсысының өнер жолына ойысты.

IMG-20210909-WA0011 (1)

Кеш жүргізушісі Үміткер Орынғалиев Нұрлыгүл Өтемісқызының 2017 жылы Македонияда өткен «Стоби-2017» халықаралық театрлар фестивалінде Х.Мюллердің «Филоктет-Медея» қойылымындағы рөлі үшін «Ең үздік әйел адам бейнесі» аталымын жеңіп алғаны облыстың мәдениет саласына үлкен абырой сыйлағанын атап өтті.

Сондай-ақ, актрисаның соңғы жылдары сахнада кейіпкер сомдаудан бөлек режиссерлік бағыттағы ізденістері туралы ойын білді.

Ал Мәулет Жұбатов өзінің Теректіде қызмет атқарған жылдарында кадр ретінде қалыптасып, тәжірибе жинақтағанына тоқталды. Расында кеш қонағының Теректіде өткізген еңбек жолы жемісті болғанын оның «Дат» театрының негізін қалап, аудан мәдениетінің тынысын аша түскенінен-ақ аңғаруға болады. Театр құрудың оңай болмағанын, көп қиындықтармен бетпе-бет келсе де, арпалыса жүріп сахнаға алып шыққанын ол өзінің алғашқы жеңісі ретінде қабылдайтынын айтты. Дегенмен өзін актер емес, әнші ретінде сезінетінін де жасырмады.

Ал ағайынды Жұбатовтардың кішісі – Жылқыбай Тайырұлы актерліктен бөлек кино, бейнебаяндарға түсіп, көрерменнің ықыласына бөленіп жүр. Жалпы өзі бел ортасында жүрген өнер саласының қызығы мен шыжығы, қиындығы мен ерекшелігі туралы кеш кейіпкері көрерменге жан-жақты, егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

IMG-20210909-WA0009

Ал «Қонақкәде» деп аталатын кештің екінші бөлімінде ауыл тұрғындары  қонақтардың өнерін тамашалауға мүмкіндік алды. Тінін тарқатсақ, Нұрлыгүл Жұбатова Оралхан Бөкейдің «Ардақ» прозасынан үзінді оқығанда залдағы көрермен сілтідей тынып, көздеріне жас үйірілді. Нұрлыгүл актерлігімен бірге әншілігімен де көрерменді сүйсінтті.

Жас актер Жылқыбай Жұбатов та Махамбеттің өлеңін оқып, көрерменді бір сілкінтіп тастады.

Кездесу соңында зейнеткер ұстаз Маруа Атамбозқызы өнерлі отбасына жүрекжарды тілегін арнаса, Ақжайық орта мектебінің директоры Шолпан Кәкежанова ұжым атынан гүл шоқтары мен сый-сияпаттарын ұсынды. Ақжайық ауылының саз мектебі оқытушысы Сандуғаш Бисенғалиева Нұрлыгүлмен бірге оқыған студент жылдарынан жылы естеліктерімен бөлісті.

Шараны қорытындылаған ауыл әкімі Болат ҚадыралиевТеректі ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы А.Тоғызбаеватынан алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.

 

Ғазиза Рахметова,

Ақжайық ауылы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале