9.09.2021, 17:53
Оқылды: 109

Жолдау аясында жаңа жобалар жанданады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында инфляция деңгейін ұстауға басымдық берілетінін айтты. Мемлекет басшысы тапсырмасына сай облыс әкімі Ғали Есқалиев көтерме-тарату орталықтары желісін құруды маңызды деп санайды. Пандемия кезінде облыстың транзиттік әлеуеті сыр бермей келеді. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Президент Жолдауындағы басым бағыттарды саралаған облыс активі жиналысында өңір жетекшісі Ғали Есқалиев облыс орталығы арқылы өтетін халықаралық автожолдар бойында көтерме-тарату орталықтарын ашу құрылыс жоспарына енгенін хабарлады.

FC6EFE00-EE37-4182-98D8-A36C504FC7AC

– Облыстағы көкөніс қоймаларының көлемі 14 500 тоннаны құрайды. Қоймалар мен технологиялық ғимараттардың жалпы ауданы – 42 мың шаршы метр. Өңір дамуына тартылған инвестицияның жалпы сомасы – 12,5 миллиард теңге. Мұндай әлеует көкөніс өнімдерінің бағасының маусымдық өсуін тежеуге тікелей әсер етеді және өнімді шағын шаруа қожалықтарына сатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсуін тежеу ​​үшін іс-шаралар кешенін жүзеге асырудамыз. Өнімдерді үстеме бағасыз сату бойынша ірі сауда желілерімен жасалған келісімге сай «Час пик» акциясы өтуде. Нан өнімдерін өндірушілердің 50-ден астам фирмалық дүкені, 15 әлеуметтік шағын маркет жұмыс істеуде. Делдалдардың саудаға араласуына жол бермеуге күш салудамыз, - деді Ғали Нәжімеденұлы.

2512D472-7DBC-41C7-873C-E818A7DF5801

Ел экономикасына серпін беру үшін мемлекет бизнес нысандарына ұдайы қолдау көрсетіп келеді. 2019 жылы іске қосылған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы ауқымында өңір бойынша 25 миллиард теңгеден астам қаржыға 248 жоба іске қосылды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік жобаларды қолдауға мемлекеттік грант, демеуқаржы және несие бойынша кепілдік беру түрінде 4,5 миллиард теңге бөлінді. Осы жобалар нәтижесінде жергілікті кәсіпкерлер айналым қаражатын көбейтіп, жеңілдетілген несие алды. Карантин қыспағында қалған бизнес иелерін қолдау мақсатында былтыр біраз іс-шара жүзеге асты. Яғни салық төлеміне жеңілдік жасалып, лизингтік төлемдер кейінге қалдырылды. Шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. Мемлекет қолдауы арқасында 12 мыңнан астам жергілікті компания 6 миллиард теңгеге жуық қаражатты үнемдеді.

2700B31C-A256-458A-BE75-099CA07D7081

Ғали Есқалиев келесі жылдан бастап өндірісті қайта инвестициялаған компанияларды корпоративті табыс салығынан босату қарастырылғанын атап өтті.

Президент мемлекеттік секторда экономикаға салмақ түсіріп отырған  мекемелерді қысқарту маңызды екенін айтты.

Ғали Есқалиевтің айтуынша, 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары аясында облыстағы 34 коммуналдық меншік нысаны (2021 жылы – 18, 2022 – 10, 2023 – 4, 2024 – 2 нысан) бәсекелестік ортаға беріледі.

Облыс әкімдігі коммуналдық нысандарды жекешелендіру жұмысын белсенді жүргізе бермек және қызығушылық білдірген кәсіпкерлермен келіссөз жасауға дайын.

Бүгінге дейін Орал қаласындағы медициналық колледж, Батыс Қазақстан индустриалды колледжі және Сервис және жаңа технологиялар колледжі, Мұз айдыны сарайы, ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық БЖСМ сенімгерлік басқаруға берілді.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешен елді негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтуға міндетті екенін айтқаны мәлім.

9D9B7F88-41B5-49B6-B16A-0191B944573B

Облыс әкімі бұл бағытта нақты инвестжобалар жүзеге асып жатқанын хабарлады.

– Жеке қосалқы шаруашылықтардың мәртебесін көтеру мақсатында Президент арнайы заң қабылдауды ұсынды. Бұл қадам қожалықтардың құқықтық қатынасын реттеп, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалануға жол ашады. Ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігуді қош көрген қожалықтарды субсидиялау әлдеқайда тиімді. Мемлекет басшысының шабындық пен жайылымды тиімді пайдалану тапсырмасына байланысты өңірімізде дайындалған геоақпараттық порталды жасақтауды жуырда аяқтаймыз. Бұл бағытта ғарыштық мониторинг арқылы пайдаланылмаған жерлерді көріп, олардың иелерін жария еттік. Сонымен қатар қоқыс орындарын анықтап, онлайн режимде барлық үдерісті бақылауға болады, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

0AEBF7CF-6BD2-4A28-8D4D-50123141A110

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бес жыл ішінде облыс жұртшылығы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылады. Жолдауда айтылған сын-қатердің бірі – 2030 жылға қарай су тапшылығы 40 пайызға дейін ұлғаюы мүмкін екенін де ескеру маңызды. Облысымыздың оңтүстік аудандарына Ресейден сатып алынатын су көлемі өткен жылдармен салыстырғанда екі есе көбейді.

«Ендігі мәселе – Президент тапсырмасына сәйкес бізге берілген суды үнемді пайдалану. Күні кеше осы мәселе бойынша арнайы кеңес өткіздім. Сол кеңесте Қараөзен мен Сарыөзенге келіп жатқан судың көлемін анықтау үшін су есептегіш құралдарын орнатуды тапсырдым. ҚР Үкіметі қос өзен маңында екі су қоймасын салуды жоспарлауда. Жайық өзенінің сол жағалауындағы елді мекендерді сумен қамтамасыз ету үшін үш магистраль желісін – Жайық-Шалқар каналын, Азынабай-Тайпақ суару жүйесін, Ащы-Азынабай-Тайпақ арнасын қайта жаңартуға 4,2 млрд теңге бөлінді. Бұл жоба 350 мың гектардан астам жайылым жерді ауыл шаруашылығы айналымына қосады. Мал басын 30 мың басқа көбейтеді, шаруа қожалықтарының дамуына ықпал етеді. Орал қаласының әкіміне жеке секторда судың үнемделуін бақылау шараларын күшейтуді, шаһар ішіне су есептегіш құралдарын орнатуды тапсырамын», - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

C6F4B078-2403-4835-9F49-6A5522865D0F

Президент биылғы Жолдауында денсаулық саласындағы түйткілдерді шешу жолына мән беріп, індетпен күресті күшейту үшін инфрақұрылымдарды нығайтуды тапсырды.

Облыс әкімінің мәліметі бойынша биыл өңірде осы салаға 78,3 млрд теңге қаражат бөлініп, медициналық ұйымдарға су жаңа 20 санитарлық автокөлік алынды. Алдағы уақытта 4,3 млрд теңгеге 42 фельдшерлік-амбулаториялық және медициналық пункт, төрт модульды құрылғы салынады және 70 медициналық құрал-жабдық сатып алынады. Оған қоса облыстық көпбейінді аурухана мен кардиоорталық ғимаратын тұрғызу жоспарда бар. Дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін күндізгі оқуға 50 грант және резидентура үшін 22 маманға бюджеттен арнайы гранттар бөлінді. Биыл 60 жас маман жұмысқа орналасып, 19 маман резидентурадан оқып шықты.

92416540-EEA7-438B-8FDB-8389C69E2590

Ғали Есқалиев облысқа 500 мыңнан астам вакцина дозасы жеткізілгенін, тұрғындардың екпе алуына толық жағдай жасалғанын хабарлады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай педагогтардың жалақысы 2023 жылға дейін жыл сайын 25%-ға артады. 2019 жылмен салыстырғанда педагогтардың еңбекақысы екі есе көбейеді. Президент елімізде 1 мың мектеп салуды міндеттеді. Алдағы жылдары облыс бойынша 66 жаңа білім ошағы есігін айқара ашуы тиіс.

Қазіргі кезде 10 мектеп құрылысы жүргізілуде. соның екеуіне жеке инвестор қаражат жұмсауда. Мектеп салам деген инвесторларға әрдайым ашықпыз. 2023 жылдан бастап ауылдық мектептерде жан басына қаржыландыру жүйесі іске қосылады. Бүгінге дейін барлық 57 қалалық мектепте жан басына қаржыландыру енгізілді. Бұл қаржыландыруды теңестіріп, білім саласына инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық байқаулар, олимпиадаларда жетістікке жеткен шәкірттер мен ұстаздар ақшалай ынталандырылады, - деген облыс әкімі Ғали Есқалиев білім саласына қатысты жобалар жөнінде де көпшілікті құлағдар қылды.

6022E9D6-C0BA-4887-A263-53AD0FBD528E

Президент Жолдауында халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру мәселесі кеңінен айтылды. Келесі жылы ең төменгі еңбекақы 60 мың теңгені құрайды. Облыста 233 мың адам жалақыға жұмыс істеуде. Оның ішінде 42 мың жұмысшы өте аз жалақыға күнелтуде.

Ал әлеуметтік қолдау шарасы 54 жұмысшының айлық табысының артуына, «Еңбек» бағдарламасы ауқымында қоғамдық жұмысқа тартылған 6 мың тұрғынның жалақысының өсуіне ықпал етпек. 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет жыл сайын азаматтық қызметшілердің жалақысын орташа есеппен 20%-ға арттырады. Яғни, облыс бойынша 30 409 қызметшінің еңбекақысы жылдан-жылға көбеймек.

– «Алдымызда ауқымды әрі күрделі міндеттер тұр. Соларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет» деп мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, ерекше ерік-жігер, тың пайыммен ұтымды қимылдайтын болсақ, кез-келген қиындықтарды еңсеріп, биік асуларды меңгеретініміз анық, - деп түйіндеді сөзін облыс әкімі Ғали Есқалиев актив жиналысында.

6FDEBB8D-1F1F-4D91-8AB7-D8E3820708AF

Өңір жетекшісі баяндамасында облыстық ассамблеяның қоғам бірлігін нығайтуға айрықша үлес қосып отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ облысты дамытуға байланысты кездесіп жатқан түйткілдердің шешілу жолын тілге тиек етті.

Ғайса ЖҰМАЛИЕВ,

«Topan Chemical Industries» ЖШС-ның бас диеркторы:

 – Мемлекет басшысының Жолдауы Қазақстан Республикасының 30 жылдығы қарсаңында жарияланып отыр. Бизнес қауымдастығының өкілі ретінде 2500-ден астам адам еңбек ететін біздің кәсіпорын ұжымы Жолдауда белгіленген стартегиялық шешімдерді бірауыздан қолдайтынын айтқым келеді. Президент экономиканың нақты секторын, оның ішінде бизнес саласын дамытуға байланысты бағыт-бағдарды айқындап берді. «Topan Chemical Industries» жоғары сапалы химиялық өнімдер шығарады. Қазіргі уақытта компания тарапынан білікті техникалық мамандарға сұраныс күшті. Жолдауда педагог мамандардың біліктілігін көтеруге тапсырма берді. Сапалы білім беретін педагог қызметкерлер жастарды жаңа мамандықтарға жеткілікті дәрежеде баулитыны анық. Бұл реформа, түптің түбінде, кадр тапшылығын шешуге ықпал етеді.

Сонымен қатар Жолдауда көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі қозғалды. Өнеркәсіптік кәсіпорындарға сапалы шикізат жеткізу, өз өнімдерін нарыққа шығару үшін көлік инфрақұрылымын жетілдіру аса маңызды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында біртұтас көлік желісін қалыптастыру ел экономикасын ширататын инфрақұрылымдық жобаларды жандандыра түседі.

Осы орайда біздің компанияның ірі тұтынушылары Атырау мен Маңғыстау облыстарында орналасқанын, қазіргі кезде олардың жүк көліктері қатынайтын Орал-Атырау автожолы өңірдің транзиттік әлеуетіне сәйкес келмейтінін айтқым келеді. Республикалық автожолға күрделі жөндеу жүргізіп, төрт жолақты етіп қайта жаңғыртуды ұсынамын. Сонымен қатар 300 километр Орал-Индер темір жолын салу қолға алынса, өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қарыштап дамуына зор септігін тигізер еді. Жолдау ауқымында бизнес саласын қолдау, энергетикалық инфрақұрылымдарды дамытуға қатысты жаңа жобалар сәтімен жүзеге асатынына сенімдімін.

Кашура ӘЖІҒҰЛОВА,

Орал қалалық № 2 емхананың директоры:

– Мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстан отандық вакцина өндірген санаулы елдердің бірі екенін атап өтті. Басқа елдерден сұраныс түсіп жатқан «QazVac» препаратының тиімділігіне еш күмән жоқ. Көптеген мемлекет вакцина өнімін сатып алуға зәру болуда. Елімізде коронавирусқа қарсы вакцинаның жеткілікті қоры бар. Бірақ екпе алуға қарсы адамдар вакцинациядан өтуден бас тартып қана қоймай, өзгелерді де соған үгіттеуде. Олардың дәлел-дәйексіз айтқан уәжіне сеніп отырғандар көп. Сондықтан ақпараттық-түсіндірме жұмысы жүргізіліп, қоғамдық орындарда екпеге шақыратын баннерлер орнатылуда.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы сала мамандары халыққа вакцинаның пайдасы зор екенін түсіндіруде. Соның арқасында вакцина алушылар саны артып келеді. Әсіресе, жергілікті кәсіпорындардың басшылары өздері үлгі көрсетіп, еңбек ұжымдарының белсенді түрде екпе алуына ықпал етіп жатқанына ризамыз. Бүгінге дейін қалалық № 2 емханадан 12 мың тұрғын вакцина алды. Қатерлі індетке қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін қоғам болып нақты тұжырым жасау керек. Әр азамат өзінің, отбасының, әріптестерінің саулығы берік болуын ойлауы қажет. Сонда ғана маскасыз өмір сүретін қалыпты тіршілік ортасына ораламыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай  тұрғындар арасында вакциналау қарқын алу үшін білек сыбана еңбек етуге, медициналық қызмет сапасын арттыруға мүдделіміз.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале