10.09.2021, 10:24
Оқылды: 130

Шөпшек сүйген ата-әже мен әулетке айналған отау

...Қашан көрсең де, жанары мен жүзінен мейірім төгіліп тұратын шуақты жандар болады. Тура бүгін торқалы 90 жастың төріне шығып отырған Сәния апа сондай әзиз  жандардың санатынан. Ол Мәулеш ағамызбен сонау 1950 жылы шаңырақ көтеріп, отау құрып, 70 жылға жуық тату-тәтті ғұмыр кешті. Шүкір, ұл сүйді, қыз сүйді, төрт перзентін де тең құрбысының алды ғылып жеткізді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, жақсы-жайсаң жандармен қыз алысып, қыз берісіп құдандалы болды. Немере-шөбере сүйді, олардың да біраз қызығын қарты екеуі бірге көрді. Тіл-көзіміз тасқа, қарты шөбереден екі шөпшек көріп кетсе, Сәния апаның өзі бүгінде төрт шөпшектің алақанынан май жалап отыр.

9

Е-е-е, айтпақшы, жас жұбайлар қос қариямен бірге тұрып, жас келін боп түскен сәтінен 22 жыл бойы ата-енесінің алдынан кесіп өтпей, үлкен кісілердің қабағын шыттырмай, иман жүзді, ибалы мінезді мақтаулы келін атанған бұл апамыз кезінде. Ата-енесі керім кісілер болған екен жарықтықтар, араға тоғыз ай салып, екеуі де ақтық сапарларына келіндеріне дән риза пейілмен ақ баталарын беріп аттанған көрінеді...

– Алтын тойға қоса, гауһар тойға дейін жетуіміз, әуелі Алла тағаланың, сосын үлкен кісілердің, ата-енемнің ақ батасының арқасы ғой, - дейді бүгіндері әжімді жүзі мейірлене Сәния апа.

Осыдан екі жыл бұрын өмірден озған Мәулеш ағамызбен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрудың бір сәті түскен еді анау жылы.

– Әкем марқұм домбыра шертіп, ән салып, күй тартатын өнерлі кісі еді. Негізі, біздің атақонысымыз мына Бөрлі ауданының Қаракемер ауылы. Алайда аталарымыз өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ойранында Орынбор облысына қоныс аударуға мәжбүр болған. Өзім еңбек жолымды сол жақта шопан болып бастадым. 1953-56 жылдары Орынбор облысының Сорочинск қаласындағы ветеринариялық техникумда оқыдым. Әкем мінезі ашық-жарқын, өзі өнерлі ортаның адамы, көптің қалаулысы болды. Мен 19 жасқа толғанда, ол кісі маған қаратып, «Ананың баласы үйленіпті, мынаның келіні босаныпты, енді біз де келін түсіріп, немере сүймейміз бе?» деп келетін әңгіме айтуын жиілетті. Ал менің әзірге үйленер ойым жоқ, өйткені сөз байласқан қызым жоқ. Содан күндердің күнінде әкеме замандастарының бірі, «Мына көрші ауданда Нығметжан деген қазақтың бойжетіп отырған керемет қызы бар. Сізге келін болуға сол бала әбден лайық» деп айтқан көрінеді. Біз осылайша үлкендердің ұйғарымымен бас қостық,  одан жаман болған жоқпыз, айналайын. Бізді отбасылық баянды бақытқа жеткізген жанұядағы жарасым, сыйластық. Ал енді бала тәрбиесінде перзенттерімізді тура жолдан таймауға, адалдықтан айнымауға, қайырымды болуға, өз еңбегімен күн көруге баулыдық. Осы бағытта ата-ана ретінде ұл-қызымызға өзіміз үлгі-өнеге болуға ұмтылдық, – деп бір қайырып еді сол жолы Мәулеш ақсақал...

8

Мәулеш ақсақал деп отырғаным, Шоқпытов Мәулеш Есенаманұлы. Ол – 1966 жылы Қарағандыдағы жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін  Бөрлі, Чапаев аудандарында шаруашылық басқарған еңбек ардагері.

Жетпіс жылдай өнегелі өмір сүріп, тату-тәтті ғұмыр кешкен жұбайлардың тұңғыш перзенті Ахметжан Шоқпытов – В.И.Ленин атындағы Ленинград әскери-теңіз инженерлік училищесінің 1975 жылғы таңдаулы, ал Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы әскери-саяси академияның 1987 жылғы үздік түлегі. Кезінде жер шарының 6/1 бөлігін алып жатқан КСРО-ның Әскери теңіз күштерінің маңдайалды офицерлерінің бірі болған І дәрежелі (рангалы) капитан А. Шоқпытов тәуелсіз Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің жасақталуына және ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Жоғары әскери-теңіз училищесінің қалыптасуына зор еңбек сіңірді.

Ахметжан ағамыз зайыбы Мәншүк ханым екеуі үш перзент тәрбиелеп жеткізді.

Ал Мәулеш аға мен Сәния апаның үш ұлдың ішіндегі бір тал гүлі, жалғыз қызы Нәбия – бүгіндері  Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті аталатын білім ордасының бухгалтерлік есеп-қисап мамандығы бойынша 1975 жылғы түлегі. Нәбияның жұбайы Берік те үшбу институттан инженер мамандығын алып шыққан азамат, екеуі үш перзеттің ата-анасы. Ұлы Отан соғысының ардагері, бес бірдей жауынгерлік орденнің иегері Шәкір Мәжитовтың шаңырағына келін боп түскен Нәбия әпкеміз де анасының өнегесімен ата-енесінің қас-қабағына қарап, үлкендердің ақ батасын алып, ауыл-аймақ, ағайын-туысқа мақтаулы келін ретінде танылды.

7

Шоқпытов Андар Мәулешұлы – Қазақтың политехникалық институтын 1981 жылы жүйе инженері, ал Губкин атындағы Мәскеу мемлекеттік мұнай-газ университетінің магистратурасын мұнай-газ бизнесін басқару мамандығы бойынша бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. ҚР Президенті мен ҚР Премьер-министрінің аппаратында талай лауазымды қызметтерді абыройлы атқарған А.Шоқпытов 2000-2002 жылдары ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі, 2002-2007 жылдары Қазақстанның Әзербайжан Республикасы мен Грузиядағы өкілетті және төтенше елшісі қызметін атқарды. Андар Мәулешұлы қазірде жауапты қызметте. Жұбайы Сәуле екеуі – қыз-күйеу баласы Әлия мен Нұрланнан үш жиен-немере сүйіп отырған бақытты нағашы ата-әже.

Бақытты жұбайлардың кенжесі Әбікеш Мәулешұлы Алматыдағы Қазақтың политехникалық институтын 1985 жылы радиоэлектроника инженері мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Оралдағы «Омега» прибор құрастыру зауытынан бастады. Бүгіндері кәсіпкерлікпен айналысатын ол Алматы қаласында тұрады. Келіншегі Сәуле екеуі үш перзент сүйіп, ұл-қыздарын қатарының алды ғылып өсірді.

Ал енді қос қарияның немере-шөберелерінің білім мен қызмет бабындағы жеңіс-жетістіктерін тілге тиек қылуды келер күндердің еншісіне қалдырайық. Әйтпесе, тым ұзаққа кетеміз.

Саналы өмірін ата-енесі мен ер-азаматының қас-қабағына қарауға қоса, ұл-қызы мен үрім-бұтағының тәрбиесіне арнаған, сол бейнетінің зейнетіндей немере-шөбереге қоса, бұл күндері біраз шөпшек сүйіп отырған бақытты  анаға перзенттеріңіздің қызығына кенеліп, ұрпағыңыздың қамқорлығы мен сый-құрметіне бөленіп, жасай беріңіз дейміз.

Иә, осыдан 71 жыл бұрын екі жақтың үлкендерінің ұйғарымымен құрылған жас отау бүгіндері байтақ ел білетін үлкен әулетке айналды. Мәулеш әулетінің тойы тарқамасын, базары ортаймасын!

Бауыржан Файзоллаұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале