10.09.2021, 10:33
Оқылды: 49

Мәдениет үйін сақтап қалған азамат

Ақиық ақын Жұбан ауылында 1958 жылы дүниеге келген Болат Төресаев Талап орта мектебінде білім алды. Бала кезінен мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өнерге бейімдігін байқатты. Еңбек жолын «Өлеңті» кеңшарындағы бухгалтерияда есепші болып бастады. Оқуға баруды құнт етпеді.

111111

Одан кейін ол кеңшардың кәсіподақ комитеті жанындағы клубқа 11 жыл бойы меңгеруші болды. Меңгеруші деген дырдай аты болмаса, жұмыстың барлығын өзі жасайтын. Коммунистік партияның сиездерінің шешімдерін насихаттайтын көрнекіліктерді дайындап, суреттерді де  салатын. Кеңшардың малшы, құрылыс, шөп бригадаларын үгіт бригадасымен жиі аралайтын. Ауылдағы  вокалды-аспаптар ансамбліне мүше болып, гитарамен ән салатын. 1988 жылы іскер, өнерлі Болат Қуанышұлы ауылдағы Мәдениет үйіне директор лауазымына тағайындалды. Басшылық қызметте жүріп, Оралдағы педагогикалық институтында сырттай оқып, филолог мамандығын алды. Содан 2016 жылға дейін Мәдениет үйіне басшы болып, қызметін абыроймен атқарды. Қурайлысайлық көркемөнерпаздардың басын құрап, олардың өнерін елге танытуға үлес қосты. Бірақ көз ауруына байланысты қызметінен қол үзуге тура келді.

– 1996-1997 жылдары жекешелендіру үрдісі үстемдік құрды. Ауылдардағы мәдениет мекемелерінің басына қара бұлт үйірілді. Клубтарда жылу, жарық болмады. Сол жылдары жарты ставкамен 2000 жылға дейін қызмет еттік. Кейбір әріптестеріміз жалақының аздығынан мектептерге қызметке кетті. Кәсіпкерлікке ден қойғандары да болды. 1978 жылы типтік үлгіде салынған 400 орындық Мәдениет үйіміз, кеңшардың балансында еді. Кеңшарымыз тарағанда оның теңгеріміндегі ғимараттар бұзылып, құрылыс материалдары жұмысшыларға пайға берілді. Машина-трактор шеберханасы, балабақша, дүкен ғимараттары талан-таражға түсті. Сол кезде Мәдениет үйін де бұзуға келді. Бермедік. Бірақ музыкалық аспаптарды кеңшардың ақшасына алынған деп алып кетті. Бұл бір қиын кез еді. Мәдениет үйіне үйдегі магнитофонды апарып,  суық жерде жастарға би, тақырыптық кештер өткізетінбіз. 1988-89-жылдары кезінде саяси репрессияға ұшыраған Алаштың арыстары ақталып жатты. Солардың елге сіңірген еңбектерін, өмір жолдарын насихаттауды қолға алдық. Ауыл жастары рухани азып кетпесін, босқа сенделіп жүрмесін деп ойлайтынбыз, - деп еңбек жолындағы қиын жылдарды  есіне алды Болат аға.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бастап мәдениет майталманы Б.Төресаев төл тарихымызды, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді таныту бағытында қызмет еткенін айтады. 1991 жылы Жұбан ақынның есімі Қурайлысай ауылына берілді. Ауылда ақын ескерткіші қойылды. Ақынның 70, 80, 90 жылдық мерейтойларын өткізуге ауыл болып атсалысты. Атажұртқа Қадыр, Тұманбай ақындардың табандары тигені естелікке айналды. «Мәдениет үйінің қызметкерлері облыстық, республикалық деңгейдегі шараларды өткізуге уақытпен санаспай, қабақ шытпастан  дайындалатын. Ол кезде мәдениет ошағына жөндеу жүргізілмегендіктен, ғимаратты ақтау, сырлау жұмыстарын өз күшімізбен атқаратынбыз Әсілі, қиындықтардың адамды шыңдайтыны анық. Өтпелі кезеңдегі қиыншылықтарға қарамастан алақандай ауылдағы көркемөнерпаздар облыстық, республикалық өнер байқауларынан жүлде алып жүрді. Оншақты жылдай еңбек демалысын да алмаған екенмін. 2009 жылы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Музыкалық аппаратуралар алынды. Әрдайым Талап орта мектебінің ұжымымен қоян-қолтық еңбек еттік. Домбырашылар ансамблі құрылды. Бишілер тобы болды. Вокал үйірмесінде талапты жас әншілер тәрбиеленді. «Айзере» әжелер ансамблі құрылып, халық әндерін насихаттады. Көркемөнерпаздарды танытуға, ансамбльдердің құрылуына Мәдениет үйінде еңбек еткен, өңірге танымал сазгер, марқұм Жасталап Қуанғалиевтің көп көмегі тиді, – деді Б.Төресаев.

Болат Қуанышұлы – бақытты отбасының отағасы. Асыл жары Зияшпен бірге үш қыз, бір ұл  тәрбиелеп өсірді.   Венерасы – ағылшын тілінің маманы, Әсемгүлі – қазақ тілі мен әдебиетінің магистрі, Ұлпаны – балабақша тәрбиешісі, Азаматы – ақпараттық технология саласының маманы. Бәрі де бала-шағалы. Алдағы жылы Зияш екеуінің шаңырақ көтергендеріне 40 жыл толмақ. Үш жыл  бұрын Оралға қоныс аударған Болат аға «Көз-жанарым солып қалды, І топтағы мүгедекпін» деп үйдегі төрт қабырғаға қамалып отырған  жоқ. Өмірлік қосағының қолдауымен зағиптардың «Бойтұмар» клубының  отырыстарынан қалмайды. Көкірегі ашық, көңілі ояу жан қоғамның өмірінен қалайша сырт қалсын?! Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Құлагер ақын Ілияс жырлағандай, өңірдің мәдени дамуына маңдай терін тамшылатып еңбек еткен, сонау қиын жылдары Мәдениет үйін көздің қарашығындай сақтап қалған абзал ағаның еңбегін Ақжайық ауданы, өңірдің мәдениет саласының басшылығы ұмытпаса екен дейміз. Ал былайынша Б.Төресаевтың еңбегін Жұбан елі жыр қылып айтады.

Тап бүгін Болат Төресаев пайғамбар жасына толды. Ғұмырлы болыңыз, өнерпаз аға!

 

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале