Қыркүйек күні енді көтеріліп, шуағы қыза бастаған шақта Бәйтерек ауданының орталығы Переметный ауылындағы мәдениет үйі алдына жүк көліктері тоқтады. Көп ұзамай көлікке тиелген көкөніс пен басқа да өнім сыртқа шығарылып, жәрмеңке есігін айқара ашты.
Ауданға қарасты округтерде шаруасын шалқытқан қожалықтар мен жеке кәсіпкерлер арқалай келген өнімдерін жайма базарға жайып тастады. Жәрмеңкедегі баға жай базардағыдан 20-30 пайызға төмен болды.
Арзан да сапалы өнім қараша жұрттың қалтасын ортайтпай, қоржынын қомпайтты. Келілеп қызынақ, қапшықтап қырыққабат алған ағайын пияз бен картопты да алып жатты. Ет, сүт өнімдерінің де саудасы қызды.
Жәрмеңке ұйымдастырған аудандық ауыл шаруашығы бөлімінің мамандары алғашқы күзгі жәрмеңкеге ауданда кәсіп қылған ірлі-ұсақты 14 шаруашылық өз өнімін ұсынғанын айтады. Жайма базар келер аптаның жұмасында да көпшілікті күтеді екен.
Сондай-ақ Дариян, Мичурин сияқты ірі округтерде де осындай жәрмеңке ұйымдастыру жоспарда бар көрінеді.
- Жәрмеңке ұйымдастырған аудан басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бағасы да дүкендер мен базардағыдан әлдеқайда арзан. Сапасы да көңілімізден шығады. Керек дегеніміздің барлығын алдық. Алдағы уақытта да осындай жәрмеңкелер өткізіліп тұрса дейміз. Өйткені, өзіміздің өніміміз шеттен келген тауарлардан әлдеқайда сапалы әрі дәмді, қолжетімді, - дейді базарлатқан ауыл тұрғыны Арман Мұқатаев.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz