Соңғы 15 жылда Бөкей ордасы ауданында 34 бір пәтерлі, 26 екі пәтерлі тұрғын үй салынып, 86 отбасы баспанамен қамтылған. Бүгінде аудан орталығынан 26 екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның сыртында 22 екі пәтерлі және қос қабатты, 12 пәтерлі тұрғын үй салуға құжаттар жасақталып, сараптамаға жолданған.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов аудан тұрғындарының баспанамен, көгілдір отын және ауыз сумен қамтылуына да тоқталып өтті.
- Алғаш рет 2008 жылы «Қайрат-Мұратсай» жоғары қысымды газ құбырының құрылысы басталып, Мұратсай ауылында газ тарату станциясы салынды. Сол кезден бастап аудан орталығы Сайқын ауылы, Мұратсай, Хан Ордасы, Жәрмеңке, Әжен, Қарасу, Үштерек, Бисен ауылдары табиғи газға қосылды. Ал 2018 жылы аудандағы елді мекендерді газдандырудың екінші кезеңі басталып, 12 ауылға газ құбыры жеткізілді. Кеңес Үкіметі жеткізе алмаған газға ауданымыз Тәуелсіздік жылдарында осындай ауқымды жоба іске асып, елді мекендеріміз толықтай 100% табиғи көгілдір отынға қол жеткізді, - деп атап өтті аудан әкімі.
Спирекдің айтуынша, 1993-1994 жылдары Орда топтық су құбырының құрылысы басталып, Хан Ордасы, Мұратсай, Сайқын ауылдарына таза тұщы су жеткізілген. Ал «Таза су» бағдарламасы аясында 2005-2008 жылдары
Сайқын, Мұратсай, Ұялы ауылдары таза сумен қамтылған. 2012-2020 жылдары «Ақ бұлақ» таза ауыз су бағдарламасы бойынша 13 елді мекенге ауылішілік су құбырлары тартылса, екі ауылдың су құбырларына қайта құру жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта Ұялы ауылының су құбырын қайта жаңарту және Тереңқұдық ауылына да су тарту жұмыстарын жоспарлануда.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz