14.09.2021, 12:09
Оқылды: 26

Аудан орталығында 15 көше жолы күрделі жөнделуде

Бөкей ордасы ауданы бойынша жалпы ұзындығы 385 шақырым автомобиль жолдары бар. Оның 124 шақырымы республикалық,  116 шақырымы облыстық, 145 шақырымы аудандық жолдарды құрайды.

 10

- Ауданды облыс орталығымен жалғайтын асфальт жол жоқтығынан халық талай жылдары жол азабын шегіп келе жатыр. Ғасыр бойы күткен жол салу мәселесіне еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы өңірімізге жұмыс сапарымен келгенде қозғау салады. Тәуелсіздіктің арқасында бастама алған бұл үлкен жобаға аудан тұрғындары ерекше қуанғаны баршаңызға белгілі. Қазіргі таңда 103 шақырым республикалық жолдың күрделі жөндеу жұмыстары екі мердігермен жүргізілуде. Бұл жұмыстар объективті және субъективті себептермен баяу жүріп жатқаны көрініп тұр. Объективті дегенім, бастапқы кезде қажетті қаржыландырылмауы, ауданымыздың шалғай орналасуы, мердігерлердің өз жұмыстарын дұрыс жоспарламай, қажетті деңгейге шығалмай жүргені де анық. Дегенмен ағымдағы жылы шілде айында Өнеге-Бисен-Сайқын 50-103 км жол құрылысы өз бастауын алды. Жол құрылысының қарқынын төмендетпеуге жұмыстанатын боламыз. Қазіргі уақытта 11 км асфальт жабыны төселді, - деді Н.Даумов.

Аудан әкімінің айтуынша, туризмнің дамуына  жағдай жасау мақсатында республикалық маңызы бар жолы болып танылған
Хан Ордасы ауылының 21 км кірме жолы бойынша мердігер анықталып, жөндеу жұмыстары 2021-2022 жылдары жүргізілетін болады.

Сондай-ақ 2018 жылы Сайқын ауылының 5,6 км көше жолдары орташа жөндеуден өткізілген. 2020 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сайқын ауылының көше жолдарына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 15 көшенің 13-і аяқталса, 2 көшенің асфальт төсеу жұмыстары қыркүйек айында толық аяқталып, тапсырылады деп жоспарлануда.

 

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале