Бәйтерек ауданының активі Президент Жолдауымен толық танысып, онда жүктелген міндеттерді жан-жақты саралады. Жиында аудан деңгейінде атқарылуы тиіс шаралар сөз болды.
Аудан әкімі Марат Тоқжановтың төрағалымен өткен басқосуға барлық ауылдық округ әкімері мен бөлім, мекеме басшылары, қоғам белсенділері қатысты.
Алқалы жиында Мемлекет басшысының Жолдауындағы 7 басым бағыт пен 5 бастама кеңінен таныстырылды.
Ауданның экономикалық дамуы, денсаулық сақтау, білім біру сияқты әр сала бойынша атқарылған істер айтылды.
Аудан басшылығы Президент тапсырмасын жүзеге асыруға мүмкіндік бар екенін, оның мән-маңызын тұрғындарға түсіндіріп, міндеттерді жүзеге асыруға күш салатындықтарын айтты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығының тұсында жасалған бағдарлы құжат.
Президент өз Жолдауында алдағы негізгі басымдықтарды саралап, өзекті мәселелерді шешуді міндеттеген және барлық мәселенің қаржылық қолдауын айқындаған.
«Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік», - деген мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығындағы сын-қатерлерді жеңудің жолын нұсқады, - деді актив отырысн ашқан аудан әкімі Марат Тоқжанов.
Сонымен қатар Марат Лұқпанұлы өз сөзінде аудан тәуелсіздік жылдарында біраз жетістікке жеткені туралы және басты құжатта көрсетілген міндеттерді іске асыруда атқаратын жұмыстардың көп екенін атап өтті.
Жолдауда көрсетілген әр міндетке кеңінен тоқталып, ауыл шаруашылғы, пандемиядан кейінгі елдің эконимикасын реттеу және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі мәселелерді де айналып өтпеген аудан әкімі жауапты мекеме басшыларына осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
- Коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес. Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде», - деген Президент елімізде жаппай екпе салу жұмысы жүріп жатқандығына, қоғамда оған қарсы адамдардың әлі де көп екендігіне тоқталды.
Жағдай ауданымызда әлі күнге күрделі жағдайда қалып отыр. Оқушылар мектепке оралғанмен, ауру ошақтары тіркеліп, сыныптар карантинге жабылуда. Екпе алмауға сылтау іздеп, кері үгіттің жетегінде жүргендер көп. Біз пандемияны екпе арқылы жеңеміз. Сондықтан аудан тұрғындарын екпе туралы терең ойлануға шақырамын, - деді өз баяндамасында аудан әкімі М.Тоқжанов.
Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен бұқаралық спортты дамыту жайын да көзден таса қалдырмаған аудан әкімі балалар мен жастардың алаңсыз жаттығып, спортпен шұғылдану мақсатында 2018 жылдан бері сегіз ауылда арнайы спорт алаңдары салынғанын ерекше атап өтті. Мемлекеттік «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша салынған кейбір спорт алаңдарының жайы сын көтермейтінін айтқан Марат Лұқпанұлы құрылыс сапасына ерекше мән беру керектігін баса айтты.
Сондай-ақ білім саласына ерекше тоқталып, Щапов, Жамбыл ауылдарында жаңа мектептің құрылысы, Талғат Бегильдинов атындағы Янайкин ауылындағы мектепке қосымша жапсаржай салынып жатқанын да айтқан әкім ұстаздардың біліктігін арттыруға ерекше көңіл бөліп, түрлі себептермен басқа салаға кетіп, енді мектепке оралып жатқан педагогтардың білімін жетілдіру жайы уақыт талабы екенін атап өтті.
Жолдаудың әр бөлігінде көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру уақыт күттірмейтін міндет екенін айтқан аудан әкімі тиісті мекемелер мен бөлім басшыларына әр бағыт, әр тапсырма ел игілігі үшін жасалатынын іс екенін атап көрсетті.
Бұдан бөлек актив отырысында сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов Жолдауда мемлекет басшысы тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлгенін атап өтіп, ана тілімізді халықаралық қатынас тіліне айналдыру ісіне күш салу керектігін, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бибігүл Ахметжанова еліміздің басты құжатында көрсетілген міндеттерді орындау тек басшылықтың ғана емес, барша азаматтардың міндеті екенін айтты.
Сонымен қатар аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры, аудандық мәслихат депутаты Алексей Герасимов ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі мен масылдықты жою, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Мәлік Өтешев білім саласындағы мәселелерді реттеу жайында сөз қозғады.
Жиын соңында актив арнайы қарар қабылдады.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz