Қазақстанда мемлекеттік сатып алуларда бәсекелестік дамытылады. Мұндай жаңашылдық Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Заң жобасының төртінші бағыты – бұл мемлекеттік сатып алулардағы бәсекелестікті дамыту. Аралас экономика жағдайында сатып алуларды жүзеге асыру барысында мемлекет экономиканың тұтас бір саласының ірі тұтынушысы ретінде болады әрі сатып алуды кәсіпкерлік қолдаудың қуатты құралына айналдырады», - деді заң жобасын Мәжілісте таныстырған ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Ахметов.
Оның дерегінше, 2020 жылдың өзінде ғана тікелей келісімшарт жасасу арқылы бір көзден мемлекеттік сатып алу көлемі 2 трлн 300 млрд теңгеге жеткен. Бұл мемлекеттік сатып алулардың жалпы көлемінің 40 пайызына жуығын немесе жалпы ішкі өнімнің 3,6 пайызын құрайды.
«Осыған орай бір көзден 9 негізгі сатып алуды шектеу ұсынылады. Оның үшеуін мүлдем алып тастау қажет. Экономикалық тиімділік жыл сайын 49 млрд теңгеден астам қаржыны құрайды», - деді ол.
inform.kz