Сырым ауданы әкімдігінде италияндық прус шегірткесіне қарсы бірлескен штаб отырысы өтті. Штаб отырысына Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов, аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, сала басшылары қатысты.
Сырым ауданы шегірткемен күресте алдыңғы орындарда. Аудандық аумақтық инспекция басшысы Азамат Өтепов үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына 1 газқондырғы, 2 жерүсті желдеткіш техникалары жұмылдырылғанын, барлығы 10,98 мың га жер өңделгенін айтып, аудандық аумақтық инспекцияға арнайы қойма қажеттігі жөнінде мәселе көтерді.
Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының Сырым аудандық филиалының басшысы Марат Тоқтаров аудан бойынша италияндық прус шегірткесінің қоныстануына мониторингтік зерттеу жұмыстары барлық ауылдық округтерде 404,5 мың га жерге жүргізілгенін мәлімдеді. Түрлі зиянкестердің аудан аумағында шалғынды, егістікті жерлерде қанша қоныстанғаны туралы ақпарат берді.
Қорытынды сөз алған Лавр Хайретдинов аудан әкімі Төлеген Төреғалиевке үйірлі шегірткелерге қарсы өңдеу жұмыстарын дер кезінде және сапалы атқарғаны үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешенінің мемлекеттік инспекция Комитетінің алғыс хатын табыс етті.
Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің алғыс хатын Азамат Өтепов, Марат Тоқтаров, Ғанимат Мұратұлы, Темірлан Ғаббасовқа табыстады.
Лавр Рашидұлы өзінің атынан Қуаныш Ахметов, Болат Бақтияровқа алғыс хат тапсырды.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz