Жуырда Орал қаласының Жастар мәдениет үйінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қала күніне орай «Мен ауылдың баласы» КТК фестивалінің финалдық бәсекесі өтті.
Аталмыш фестиваль БҚО-ның 12 ауданында да оздырылып, аудан чемпиондары анықталған еді. Әр ауданның чемпион құрама командасы облыстық финалдық ойында өнер көрсетіп, бас жүлде мен республикалық Жайдарман және КТА сайыстарына жолдама алу мүмкіндігіне ие болды.
Орал шаһарында өткен жас әзілкештер додасына «Назар аудар» театрының әртісі Самат Қабдиев, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының орынбасары Аңсар Ибраев, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар бойынша проректоры Закир Хамзин, Жайдарман ойындарының жоғары және премьер-лига редакторы, автор-сценарист Кәрім Қасиет,облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Жандос Сұңғатовтар әділ қазылық етті.
Финалдық бәсекеде уытты қалжың, ұтымды да астарлы әзілдерімен көптің қошеметіне бөленіп, қазылардың көңілінен шыққан «Ақиқат» КТК жайдарман тобы жүлделі І орынға ие болды.
Тарқатып айтсақ, талантты өрендер өнер көрсеткен «Ақиқат» тобы Бірлік ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылды. Жасөспірімдерден құралған «Ақиқат» тобы Жаңақала ауданының намысын абыройлы қорғап, республикалық Жайдарман және КТА сайыстарына жолдаманы жеңіп алды. Алдағы уақытта жаңақалалық жас өрендер республикалық дүбірлі додада бақ сынайтын болады. Осыған қоса тағы бір жағымды жаңалық бар.
Аталмыш «Ақиқат» құрамасы 11 қыркүйекте Орал қаласы әкімдігінің жүлдесіне арналған жайдарман фестиваліне қатысып, Жайықтағы жақсылардың алдында жарқырай көрініпті. Ал жас жайдарманшыларды қала әкімі Абат Шыныбеков арнайы дипломмен марапаттады.
Айта кетейік, «Ақиқат» құрама командасының ұландары костюмдік киімдерін алуға демеушілік жасап, қолдау білдірген Бірлік ауылындағы «Абай» шаруа қожалығының басшысы М.Құрмашевке, ауыл азаматы Ж.Ешимовке жәнеде ауыл әкімшілігі, мектеп, мәдениет үйі, «Жеткіншек» балабақшасы, ауылдық кітапхана ұжымдарына, тігінші Жадыра Сақыпжанқызына алғаусыз алғыстарын білдіреді.
Сондай-ақ аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұжымы да қолдан келген көмектерін көрсетіпті.
Мұнан бөлек Бірлік ауылының тұрғыны Дәулет Ермекқалиев команданың музыкалық сүйемелдеуіне қолдау білдірсе, жігерлі жас Манас Болатов команданың әзілін жазып, қатысушыларды сайысқа сақадай сай етіп дайындағанын айта кеткен жөн.
Қысқасы, Бірлік топырағынан түлеп, аламанда топ жарып, талайды тамсандырғалы тұрған «Ақиқат» тобына баптарың шауып, бақтарың жансын демекпіз.
Жаннұр Хайрушева,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz