Өңірімізге белгілі жоба «Ауыл Life» Теректі ауданына қарасты Долин ауылдық округінің Төңкеріс ауылында өз жалғасын тапты. Ауданға келген қонақтардың қатарында жайдарманшылар, блогерлер, әншілер мен жас кәсіпкерлер болды.
Аталмыш жобаның мақсаты - ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, ұмытыла бастаған дәстүрлерімізді жаңғырту, қала және аудан жастарының арасында пікір алмасу алаңын қалыптастыру болып табылады. Шараны ұйымдастырушылар облыстық және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы болса, оларға Теректі аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, аудандық ішкі саясат және Долин ауылдық округі әкімдігі қолдау көрсетті. Алдымен қонақтар «Тақсай ханшайымы» кесенесімен танысып, одан кейін Алебастр жарында болды.
Шара аясында аудан жастары мен облыс орталығынан келген қонақтар бірлесе үш топқа бөлініп, ат арба жегу, қой тасу, қи ою, ұршық иіру, жүн түту, ұлттық тағамдар дайындау бойынша мықтыны анықтады.
Нәтижесінде, І орынды «Super star.kz» командасы жеңіп алды. Тұғырдың екінші сатысына «Ауылдастар» командасы жайғасса, үздік үштікті «Орманшылар» командасы түйіндеді.
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz