21.09.2021, 9:59
Оқылды: 74

Жігіттер жарап тұр

Бөкей ордасының шалғайдағы Саралжын ауылының азаматтары да жасыл орақ науқанына ерте қамданып, іске білек сыбана кірісіп кеткен-ді. Солардың қатарында «Шалқар» шаруа қожалығының жетекшісі Бейімбет Әбдірешев те бар. Қырықтың бел ортасына келген шаруақор азамат трактор жүргізуші екі бауыры – Шалқар және Ринатпен бірге қазіргі күні 2000 бума шөпті Қызылой қыстағының басына қыздың жиған жүгіндей ғып үйіп алды.

 5

– Жігіттеріміз жарап тұр. Ала жаздай бір тыным көрместен, шабындықта жүр. Олар тек өз қамдарын ойлап қоймай, ауылдастарына да қолдан келген көмектерін көрсетуде. Қазіргі күнге дейін 30 шақты үйге 1350 бума шөп түсіріп берді. Бір буманың (рулон) құны – 4500 теңге. Ауыл әкімдігінің өтінішімен және жерлестер сұранысынабайланысты тағы да 55-60 шаңырақты мал азығымен қамтуға ниет білдіріп отыр. Тек ауа райының ашық-жарық болуын тілеудеміз, - дейді Саралжын ауылының кеше ғана атқа қонған су жаңа әкімі Нарынбек Кереш.

Негізін сонау 2002 жылы қалаған қожалықтың меншігінде төрт «Беларусь» тракторы мен бір «ГАЗ-53» аутокөлігі бар. Сонымен бірге атақоныстарында 214 ірі қара, 22 жылқы және 373 қой-ешкі өсіріп отырған көрінеді. Мал күтімімен айналысатын екі бақташы алған. Өз нәпақаларын маңдай терімен тауып жүрген осындай жандардың қатары көбейе берсе игі.

 

Бақытжан Ордабаев,

zhaikpress.kz

Сурет inhorm.kz сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале