Ағымдағы жылы Тасқала ауданының тұрғыны Сания Мүсіралиева «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін мемлекеттік грант жөнінде аудандық жұмыспен қамту орталығынан толықтай кеңес алып, құжаттарын жинақтап тапсырған болатын. Кейін кейіпкеріміз көп кешікпей 200 АЕк көлемінде грант иегері атанды. Жуырда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, аудандағы қараусыз қалған мекемелердің бірін толықтай жөндеуден өткізіп, ауылдық округте балаларға арналған орталық ашты. «Дияр» атты жаңа орталықтың басшылығы болашақтағы жоспарларымен бөлісті.
«Мемлекеттің қолдауына ие болдық»
Шынымды айтсам, мемлекеттік грантты ұтып аламын деген ойым болмады. Жалпы ол жайында бұрын соңды естісем де аса мән бермеген едім. Өзімнің әуелден балаларға арналған орталық ашсам деген арманым болушы еді. Ақпарат көздерінен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 50 млн-ға дейін несие алуға болатынын білдім. Олар бір жұмадан кейін құжаттарды қабылдайтын болды. Қолымда дайын бизнес жоспарым да бар еді. Осы кезде бағымды сынап көрмекші болып, барлық құжаттарымды тиісті мекемелерге тапсырдым. Көп кешікпей мемлекеттің қайтарымсыз грантын ұтып алдым.
«Ескі ғимараттан жаңа орталық»
Ағымдағы жылдың сәуір айында орталық ашуға қолайлы ғимарат тауып, нотариус арқылы келісім шартқа отырдық. Қазіргі ашып отырған орталығымыз алғашында еш жөндеу көрмеген ескі ғимарат болды. Келісім шартқа отырғаннан кейін бәрін өзіміз қолға алып, мекемені толықтай жөндеуден өткіздік. Ғимаратымыз заманға сай бейнекамералармен және өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған. Қауіпсіздік шараларының толық сақталуына баса назар аударылды.
«Алған қаржы өз орнымен жұмсалды»
Балаларға арналған орталығымызда 50 шаршы метр лабиринт орнаттық. Қазір орталықта лабиринтпен қоса батут, нидзя квест сынды үш аттракцион бар. Жақын арада лега аймағы да болады. Балаларға арналған асхана да қарастырылған. Қазіргі кезде ас мәзірінде ыссы тағамдар жоқ. Алдағы уақытта оны да ойластырып отырмыз. Балалардың жақсы көретін тағамдары пицца, фри, құс қанаттары сынды тағамдарды мәзірге мәзірде бар. Таңғы сағат 11:00-ден кешкі сағат 10:00-ге дейін жұмыс жасаймыз. Бұнымен қоса бес адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Алдағы уақытта жұмысшылар санын
көбейтпекпіз. Өйткені аудан орталығында аталмыш қоғамдық орынға келушілер күн санап көбейіп келеді. Болашақта қосымша балаларды дамыту орталығын ашсам деген ойым бар.Алдағы уақытта осы бағытта да несие алып ісімді дөңгелетуді жоспарлап жүрмін. Енді алға қарай тынымсыз еңбектену керек,- дейді орталық иесі Сәния Мүсіралиева.
Аудан тұрғындары да жаңа орталықтың ашылуына дән риза.
- Аудан орталығында бала мен ата-ананың бірге серуендеп, демалуына мүмкіндік жоқ еді. Бұрын балаларды ойнатуға қалаға апаратын болсақ, енді өз ауылымызда демалатын боламыз. Жайлылық пен қауіпсіздікке де көңіл аударылған. Осындай орталық ашқан кәсіп иелеріне алғысымды айтамын, - дейді ауыл тұрғыны Дания Мақсутова.
Егер «Дияр» орталығында бұрын болмаған болсаңыз, онда балаларыңызбен бірге көңіл көтеруге шақырамыз. Түрлі ойын-сауық аттракциондарымен жабдықталған орталық жылдыӊ барлық мезгілінде жұмыс жасамақ.
Болат Бек,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz