Батыс Қазақстан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясындағы Бастауыш кәсіподақ ұйымы өңіріміздегі Денсаулық сақтау мекемелерінің кәсіподақтары арасында белсенді жұмысымен көш бастап келеді.
«Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» ШЖҚ МКК-да 557 кәсіподақ мүшесі бар. Ұйымның алдына қойылған міндет – кәсіпорында жыл соңына дейін қызметкерлердің 100 пайызы қамтылуы. Себебі күш – бірлікте! Қызметкерлердің жұмысқа деген құлшыныстарын арттыру мақсатында кәсіпорын атынан сыйақы жиі беріліп тұрады. Кәсіподақ мүшелері кәсіподақ ұйымдары көрсететін тегін заңгерлік көмек пен кәсіподақ қаражатынан материалдық қайырымдылық көмек алады. Кәсіподақ ұйымына жүгінген барлық қызметкерлерге өз мәселелері шешілмеген жағдайда заңды тұрғыдан кеңестер беріледі.
Жедел жәрдем ұжымы аймақтық және республикалық байқауларға қатысып, топ жарып, әр түрлі марапаттарға ие болып келеді. Кәсіби саладағы қандай да болмасын байқауға қатысу сол саладағы кәсіподақ ұйымының тікелей ұйымдастыру-қолдауымен жүзеге асатыны түсінікті.
Мекемедегі кәсіподақ ұйымының төрайымы Сара Кабдушева – облыстық жедел медициналық жәрдем станциясындағы №1 қосалқы станциясының аға фельдшері. Оның мекемедегі бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын жандандыру бағытындағы істері тындырымды, нәтижеге толы, ұжымда бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмыс жүргізу дағдысы жоғары қалыптасқан.
Сара Күлесқызы 2018 жылы ҚР Жедел медициналық жәрдем қауымдастығы «Үздік қызметкер» төсбелгісімен, 2021 жылы «Сенім» Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» "РҚБ ҮЗДІГІ төсбелгісімен және осы жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
2021 жыл Кәсіподақтарда «Бастауыш кәсіподақ жылы» атап өтілуіне сәйкес, «Сенім» Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы»РҚБ облыстық деңгейде өткізген "Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы" байқауында облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы жеңімпаз атанып, республикалық деңгейдегі сайысқа жолдама алды.
Бастауыш кәсіподақ жылы аясында мекемеде біліктілікті арттыруға арналған семинарлар мен курстар, мәдени-бұқаралық, спорттық іс-шаралар бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізілуде. Санаторий-курорттық жолдамалар жыл басында кәсіпорынның өтінімі бойынша «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ БҚОФ(әрі қарай – «Senim») 50 пайыз жеңілдікпен сатып алынады. Эпидемиялық ахуалға байланысты COVID-19 індетпен ауырған кәсіподақ мүшелеріне 20 000 теңге ақшалай көмек берілді. Ауруханада жатқан қызметкерлерге барып, азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен көмек көрсетілді. Сонымен қатар көпбалалы отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға ақшалай қаражат бөлінеді. Қызметкерлер бастауыш кәсіподақ ұйымының белсенді әрекеті нәтижесінде танымдық бағытта, тәнді сауықтыру бағытында көптеген саяхаттарға шығып тұрады. Жыл сайын медициналық қызметкерлер күніне орай, медициналық ұйымдар арасында болатын спартакиадаға және республикалық іс-шара «Жедел медициналық көмек бригадаларының және қабылдау бөлімшелері командаларының республикалық жарысына үнемі қатысып, жүлделі орындарға ие болады.
Медицина қызметкерлерінің аса маңызды қызметімен қатар, кәсіподақ жұмысына деген ұқыптылығы мен тындырымдылығының арқасында жедел жәрдем ұжымы «Бастауыш кәсіподақ жылында» аса белсенділік танытып, жоғарғы нәтижелерге жетуде.
БҚО Кәсіподақтар орталығы