"Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) өкілі мен ақпарат және мәдениет министрінің орынбасары Забихулла Муджахид ауған қыздары мүмкіндігінше тезірек мектептердегі оқуларына оралатынын мәлімдеді деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Қыздар өз оқуларына қайта оралуы үшін ыңғайлы жағдай жасау үстіндеміз. Бұл мүмкіндігінше жылдам жүзеге асатын болады", – деді Муджахид баспасөз мәслихатында. Бұған дейін Ауғанстанның жаңа білім министрлігі ер оқушылар мен мұғалімдерді мектептерге оралуға міндеттегені туралы хабарланған болатын. Алайда қыздардың мектептерде одан әрі білім алу перспективалары туралы ештеңе айтылмады. Муджахид өткен аптада ізгілікті насихаттау және жамандықты болдырмау мақсатында құрылған әйелдер істері министрлігімен болған жағдайға ешқандай түсініктеме берген жоқ. Ол Талибан әйелдерге білім беру және жұмыс мәселелерін шешуге, сонымен қатар осы процесте олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уақыт қажет екенін атап өтті.
Айта кетейік, Ауғанстандағы жағдай АҚШ әскерінің елден шығарылуымен күрделене түсті. "Талибан" жауынгерлері ашық шабуылға шығып, қысқа уақыт ішінде мемлекет аумағының көп бөлігін бақылауға алды. Кейбір провинциялар мен қалалар қозғалыс күштеріне қарсылық көрсетпей-ақ берілді. 15 тамыз күні "Талибан" Ауғанстан астанасы - Кабулды ұрыссыз бағындырды. Ауғанстан президенті Ашраф Гани Кабулға тәліптердің енуіне байланысты президенттік өкілеттігін тоқтатып, елден кетті. Гани мұндай шешімді Кабулда "қантөгісті болдырмау" үшін қабылдағанын жазды. Айтуынша, "Талибан" өзін ел басшылығынан кетіру үшін осындай әрекетке баруға дайын болған. Ал "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда 20 жылға созылған соғыстың аяқталғанын мәлімдеді.