23.09.2021, 12:30
Оқылды: 57

Алмат аманатты орындады

Өткен аптада Бөкей ордасы ауданына өлкемізден шыққан Ұлы Отан соғысы ардагері, ІІІ дәрежелі "Даңқ" орденінің иегері, журналист Мифтах Жантикиннің Швейцарияды қызмет ететін Алмат есімді немересі келді. Жауынгер Жантикиннің немересі жалғыз келмей, өзімен анасы Айгүл апамыз бен ардагердің немере інілері Нұрлан, Әнуарды да тарихи атамекенге ала келген.

алмат (1)

Айта кетейік, Мифтах Кеңес Одағының Батыры Темір Масиннің Қуанышқали есімді, Нұрлан болса, Мұхамедқали деген ағаларынан тараған. Ал Әнуар сол Мұхамедқалидың Орақ деген баласынан туған немересі.

Сонау Швейцарияда тұрып қызмет жасап жатырған Алматтың мақсаты – даңқты аталарының елін көріп, бай тарихымен танысу еді. Сол арман жетегінде облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығына келіп, өткенмен танысып, кесенелерге барып, тәу етті.

Музей-қорық экспозициясындағы атақты тұлғаларымыздың арасынан өз бабаларының жеке заттары мен фотосуреттерін көріп, ризашылықтарын жасырмады.

алмат (2)

Сонымен қатар батырдың ұрпақтары аталарының туған ауылы Жиекқұм ауылында болып, аруақтарына құран бағыштап, садақа берді.  Темір Масин атындағы мектептің алаңына қарағай егіп, мектепке қажетті құралдарды, атап айтқанда глобустар мен физикалық, саяси карталар, спорттық жабдықтар табыстады. Музей-қорығына да естелік кітаптар, М.Жантикиннің отбасылық фотосуреттерін тапсырды.

Алмат Қайратұлының айтуынша, бұл сапарлары әкесінің аманаты екен. Көзі тірісінде ата-бабасының басына бару арманы болғанын айтқан  мейман аманатқа қиянат жасамай, әке арманын орындап, хас батырдың ұрпағы екенін тағы бір айғақтады.

Өз кезегінде аманат арқалай келген меймандарға аудан тарихы, бабалар ақпары жазылған кітаптар мен кәдесыйлар табысталды.

 

Раушан Аппақова,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале