23.09.2021, 18:18
Оқылды: 36

8 айда қазақстандықтар мобильді аударымдар арқылы 36 трлн. теңге жолдаған

ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мобильді ақша аударымдары қалай заңдастырылатынын түсіндірді.

15C04064-AFA6-4F36-B0D7-F2CB7BAA5EF9

«Қаржы министрлігі тиісті мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесе отырып, мобильдік аударымдарды реттеуге қатысты заң нормаларын әзірлеген болатын. Ол қазір Парламенттің қарауында жатыр», - деген министр өзгерістің мәнін былай деп түсіндірді: «Өздеріңіз білесіздер, жеке кәсіпкерлер кәсіпкерлікпен айналысқанда да, жеке аударымдар жасағанда да қаражаттары бір шотта араласып кетіп жатыр. Бұл жалпы әкімшілендіруге мүмкіндік бермейді. Сондықтан біз заң аясында кәсіпкерлікпен айналысқандардан жеке шот ашуды талап етеміз және жеке аударымдар жүргізуге арнайы бөлек шот ұстауы керек. Яғни, біз осындай тетіктерді банктермен, бизнес қауымдастығымен бірлесіп қарастырып жатырмыз. Оны біртіндеп енгіземіз», - деді ведомство басшысы.

Ерұлан Жамаубаев аталған өзгерістің қарапайым азаматтарға қатысы жоқ екенін қайталап еске салды.

«Бұл жерде айта кететін негізгі бір мәселе – халық тарапынан алаңдау болмауы керек. Себебі азаматтардың қолданып жүрген карта шоттары сақталады. Олардың күнделікті өзара бір-біріне аударып жүрген ақшаларына ешқандай нұқсан келмейді. Яғни, бүкіл процесс сол күйінде сақталады. Алдында да айтқанымыздай, мобильді аударымдарды фискалдау үшін ғана заңға біртіндеп өзгерістер енгіземіз. ҚР Ұлттық банкі жинақтап отырған мәлімет бойынша, 8 айда мобильдік аударымдар арқылы және интернет желісі арқылы жүргізілген аударымдар мен төлемдердің жалпы көлемі 36 трлн теңгенің маңайында қалыптасып отыр. Бұл өте қосмақты сома», - деді Қаржы министрі.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале