Бәйтерек ауданы ардагерлер кеңесінің төралқа отырысы өтті. Осы кезге дейін ел ағаларының жасаған жұмысы мен болашаққа жоспарлаған істері сараланып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген бағыттарды саралаған жиынға аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр қатысты.
Келелі кеңесте аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Ғұмарұлы Президенттің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында көрсетілген жеті басым бағыт пен бес негізгі ұстанымында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында атқарылатын жұмыстарды айтты. Осы кезге дейін аудан әкімінің қатысуымен аудан активі жиналғанын ол жерде барлық мекеме-ұжым басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырма берілгенін де атап өткен аудан әкімінің орынбасары басты құжатта көрсетілген тапсырмаларды орындау ортақ міндет екеніне де тоқталды.
-Президент Жолдауы жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы десек те болады. Онда көрсетілген басты бағыттар мен ұстаным алдағы атқарылар жұмыстың негізі. Құжатта көрсетілген міндеттер барлығымызға берілген тапсырма. Ал оны орындау, іске асыру - ортақ жұмыс. Сол себепті Жолдауды өздеріңізбен бірге талқылап, жұмыс жоспарын құру мақсатында жиналдық. Болашақта бірлесе жұмыстана береміз деген сенім бар,- деді Ерікқали Бисақаев.
Одан соң сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалымжан Мендалиев осы кезге дейін атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті. Ардагерлер кеңесі жыл басынан бері сегіз отырыс өткізіп, біраз келелі мәселедерді саралаған. Сөзбен ғана емес, іспен де алда жүретін аудан ардагерлері көмекке мұқтаж зейнеткерлер тізімін жасақтап, оларға қарайласыпты. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлермен тығыз байланыс орната алған ардагерлер шаруа қожалық иелерінің көмегімен кеңес жұмысына қажетті техника мен жиһаз алдырыпты.
-Жыл басынан бері біраз жұмыс атқарылды. Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлеріне құрмет көрсеттік. Төрт тыл ардагерін де құрметтедік. Біздің өтінішіміз бойынша бес ардагерге «Бәйтерек ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Аудан тұрғыны, волонтер Ерлан Кужумовпен бірлесіп, мұқтаж ардагерлерге азық-түлік қоржындарын сыйлады. Бір сөзбен айтқанда кеңес мүшелері белсенді аудан көлемінде атқарылып жатқан барлық іс-шаралардың басы-қасында жүреді,- деді Ғалымжан Мендалиев.
Шара барысында ардагер Виктор Баштавенко Жолдауда көрсетілген масылдықты жою мәселесіне мән беру керектігін айтса, Марат Есқалиев ел бірлігін сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Қадырбай Абдушев төменгі еңбекақы мөлшерінің өсуі Президент Жолдауының ең ұтымды тұсы болғанын атап өтті.
Жиын соңында ардагерлер Президент Жолдауында сөз болған әр тапсырманы орындауға бар күш-жігерін салып, еңбектенетіндерін жеткізді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz