28.09.2021, 9:49
Оқылды: 71

Құқықтық сауаттылыққа жетелейді

Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына  2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл институт мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара  қарым-қатынасын  жаңадан  қалыптастырады», – деп әділет жүйесінің маңыздылығы атап көрсетілді.

адилет

 

Әділет құрылымдары азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін заңдар негізінде түсіндіруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін заңнамаларға сәйкес қарауды жүзеге асырады.

ҚР Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен 30 қыркүйек  әділет құрылымдары қызметкерлерінің күні болып бекітілді. Бұл мереке конституциялық мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етіп жүрген әділет қызметкерлерінің басын біріктіретін, өткенге көз салып, халыққа көрсетілген қызметті таразылайтын және алдағы жұмыстарды екшейтін айтулы күн деуге болады. Еліміздің әділет саласының қалыптасуы мен даму тарихы ғасырдан асады. Қазіргі кезде әділет жүйесінің заңды негізі халықаралық стандарттардың талаптарына сай қаланып, әділет құрылымдарының құзыры кеңейтілді. Жаңа мін­деттер қойылды, ашық рәсімдер негізінде әділет қызметкерлерінің кәсіби корпусы жасақталуда.

Әділет құрылымдарының негізгі даму мақсаты – халықтың құқықтық институттар мен құқықтық көмекке деген қажеттігін қамтамасыз ету және заңгерлердің жаңа толқынын қалыптастыру. Ал құқықтық жүйенің жетілдірілуі халыққа көрсетілетін нотариалдық және басқа құқықтық қызметтердің заман талабына сай жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгінде әділет департаментінің құрылымын 6 бөлім мен Ақжайық, Бөрлі және Казталов ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі және   Орал  қаласының  сот актілерін   орындау жөніндегі  №1, №2 аумақтық бөлімдері, ауданаралық әділет басқармалары  құрайды. Әділет құрылымдарының қызметкерлері халық арасында құқықтық түсіндіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтарды құқықтық оқыту, тәрбиелеу бағытындағы бірқатар жұмыстарды атқаруда.  Соның ішінде «Әділет кеңес  береді»,  «Ашық есік»  акциялары өткізіліп,  «Адалдық алаңы» жобасы аясында ауқымды жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Жуықта ғана таратылған 4 ауданаралық әділет басқармасы  жергілікті ауыл тұрғындарына құқықтық кеңестер беріп, заңды тұлғаларды тіркеу жұмыстарын атқарып келді.  Мысал ретінде айтар болсақ, 2021 жылы әділет департаментіне өңір тұрғындарынан түрлі мәселелер бойынша 2168 өтініш түсіп, олардың барлығы уақтылықаралды. Қарапайым халықтың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін атқарушы құрылым болғандықтан, сала мамандары барлық күш-жігерін, білім мен тәжірибелерін кәсіби қызметін атқаруға жұмсауда. Елге адал әрі қалтқысыз қызмет етіп, қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтайтын әріптестеріміздің қарасы қалың. Әсіресе, әділет құрылымдары саласында көп  жылдан бері мінсіз қызмет атқарып келе жатқан басшының орынбасары Естай Рашқалиевтің, зияткерлік меншік құқығы бөлімі басшысы Алтай Маштақовтың есімдерін мақтанышпен айтуға болады. Сондай-ақ осы жылы ғана келген әділет департаментінің жаңа басшысы  Әлия Тасыбаева ұжымды басқарудағы шеберлігін көрсетіп, алдағы міндет-мұраттарға  жұмылдыруда.

2002 жылғы  18 наурызда қабылданған  «Әділет құрылымдары туралы» ҚР заңына сәйкес әділет құрылымдары өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бұл жүйе мемлекеттік құрылымдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысындағы заңдылық режіміне қолдау жасайды, азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Осындай жауапкершілігі зор, заңмен белгіленген қызметтік  функцияларды мінсіз орындау жолындағы барлық әріптесті Әділет құрылымдары қызметкерлерінің күнімен шын  жүректен  құттықтап, оларға  жоғары  заңгерлік  кәсіби  жетістіктерге жетуге, ел деп адал қызмет етуге тілектестігімізді  білдіреміз.

Әлия Қарекесова,

БҚО әділет
департаменті әкімшілік-құқықтық бөлімінің басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале